Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы жүйелі жұмысын жаңғырту мақсатында түрлі ауқымды шараларды іске асырып келеді. Олардың қатарында «Кедергісіз келешек» деп аталатын партиялық жоба да бар. Негізгі мақсаты – мемлекетіміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және тұрақты қамқорлық көрсету болып табылады.
ҚР Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін еліміз кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін түсіндірген еді. Жалпы айтқанда, мұндай тұлғалар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек. Осыған сәйкес, осы аптада «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек: қоғамдық бақылау» тобы жоспарлы жұмыстарын бастап, ауданымыз бойынша инклюзивті білім беретін бірнеше білім ордаларын аралады. Комиссия мүшелерінің топтық жұмысына қатысу үшін «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева арнайы келіп, білім мекемелерінің жұмыс барысын талқылады. Алдымен бақылау топ Қаскелең қаласындағы Н.Әлімқұлов орта мектебіне барып, ондағы логопед, дефектолог, психолог сияқты мамандардың мүмкіндігі шектеулі және үйден оқытылатын оқушылармен қалай жұмыс жасап жатқандарын зерделеп, құжаттарының толықтығына көз жеткізді. Ал, комиссия мүшесі болып табылатын «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының президенті Тәжіғали Ходжамұратов мектеп кіре берісінде жасалған пандусқа қатысты сын-ескертпелерін айтып, мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықты салынатын орындардың нормативтік шарттарын түсіндірді. Өз кезегінде аудандық «Nur Otan» партиясы филилы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының мақсатын түсіндіре келе, ерекше қажеттілікті қажет ететін азаматтарға қашанда қолдау білдіретінін жеткізді. Осыдан кейін бақылау тобы осы мектепте құрылған коррекция сыныбының жай-күйімен танысып, үйден оқытылатын Динара есімді қыздың үйіне баруды жөн көрді. Оқушының болашақ арманын тыңдап, сабаққа деген қызығушылығын байқап, үйге келіп сабақ беретін ұстаздары жайлы ойын да білді.
«Кедергісіз келешек: қоғамдық бақылау» тобы осындай жоспарлы тексеріс жұмысын аудан орталығындағы «Ерке Нұр» балабақшасы мен С.Керімбеков орта мектебінде және Шамалған ауылдық округінде орналасқан М.Әуезов атындағы білім ошағында да жалғастырды. Ол жақта да мүмкіндігі шектеулі балалардың оқу үлгерімін тексеріп, олар үшін қандай лайықты жағдайлар жасалынғанын бақылады. Одан бөлек, комиссия мүшелері қажетті құжаттардың бар-жоқтығына көз жеткізе отырып, ұсыныс, ескертулерін де білдірді. «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева аудан бойынша осындай инклюзивті білім беру орындарын аралау кезінде саяси партияның атқарып жатқан жұмыстарын түсіндіріп, «Кедергісіз келешек» жобасының негізгі міндеттеріне қатысты ойын айтып өтті.
– Біз қоғам болып мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыруымыз керек. Оларды өзгелерден өзгеше етіп қалыптастырмай, кедергісіз орта жасай білуіміз керек деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, осындай инклюзивті білім беру орындардағы ерекше жандарға жан-жақты дамыту жұмысын жүргізегеніміз абзал. Егер осындай игілікті істерді жалғастыра білсек, ондай жандар өздерін қоғамнан оқшау сезінбейді, – деді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Дидар МУХАМАДИЕВ.