туралы ғылыми конференцияда кеңінен сөз болды
Аудандық орталық кітапханада 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ғылыми конференция болды.
Алдымен жиналғандар сол бір қасіретті кездерде жазықсыз жапа шекендер мен ажал құшқандарды бір минут үнсіз тұрып еске алды. Мұнан кейін жүргізуші сөзді Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжановқа берді.
– Социализмнің екі үлкен қылмысы болды, олар – ұлтымыздың қаймағын қырғаны және ашаршылыққа ұшыратқаны, – деді Ханкелді Махмұтұлы. – Екі қатты қиянаты болды, олар – бірқатар жерімізді жоғалттық және тарихымыздан айырылдық.
Академик олардың себеп-салдарын ашып айта келе, қазақ халқының басына түскен мұндай ауыр күндер мен қуғын-сүргін тарихта әлденеше рет қайталанғанын, оның ең соңғы толқыны 1986 жылдан кейін соққанын баяндады. Осының бәрі қоғамды үрей жайлап, адамдарымыздың бойында рухсыздықтың пайда болуына алып келгенін әсерлі әңгімеледі. Ана тіліміздің төменге түсіп кеткеніне тоқталды. Тарихшылардың осы орайда зерттеу жұмыстарын тереңдете жүргізіп отырғанын тілге тиек етті.
Келесі кезекте сөз алған Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының профессоры, жазушы, аудармашы Әлімғазы Дәулетхан да саяси қуғын-сүргінді көп көрген қазақтың рухы жаншылғанын, соның зардабы әлі күнге дейін білінетінін айтты. Өзінің 1969 жылы Қытайдан келгенін, содан он жеті жыл бойы үнемі бақылауда жүргенін, яғни, кеңестік жүйенің көп адамға саяси сенімсіз ретінде қарап, ой-санасына әрдайым үстемдік жүргізгеніне жиналғандардың назарын аударды.
Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Досалы Салқынбек те саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық сияқты қазақ халқының басынан өткен нәубет жайында жан-жақты сөз етіп, өз көзқарасын білдірді.
– Ашаршылық туралы білгенімізден білмегеніміз көп, – деді ғалым. – Оның тарихи бағасы берілді, алайда, саяси бағасы берілген жоқ. Репрессияда 25 мың адам атылған, мұндай сұмдық өзімізбен көршілес республикаларда болмаған!.. Бұл жерде бір-бірімізді ұстап беру, жала жабу сияқты жаман қасиеттердің де орын алғанын жасыра алмаймыз. Сондықтан ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым!» дегеніндей қазақ әрдайым алдымен өз ұлтын сыйлап, құрметтеп, аялап жүруі тиіс. Ал, тарих дегеніміз – тағзым, тағылым!
Конференцияда, сондай-ақ, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы мен ардагер ұстаз Ақлима Көсемова сөйлеп, өз ой-пікірдерін ортаға салды.
Аталған бас қосу барысында аудан өнерпаздары мен колледж студенттері сонау ауыр кезең арқау етілген әндерді айтты, рухты жырлар оқыды. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың өлеңдері көпшілікке өте қатты әсер етті дегеніміз жөн. Ғалымдар кітапханаға өз кітаптарын тапсырды.
Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова қорытындылап, конференцияға арнайы келген қатысушыларға, тарихшыларға рахметін айтты. Сонымен қатар, қазақтың халықтық игі дәстүріне сай қадірлі қонақтарға кітапханашылар атынан сый-сияпат көрсетілді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.