23 сәуірде партияның кезектен тыс XIX съезі өткізіліп, онда Елбасының ұсынысымен «Nur Otan» партиясынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев лайық деп танылған болатын. Осы саяси науқанға байланысты аумақтық партия филиалдары жанынан қоғамдық штабтар және ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевтың қоғамдық қабылдау бөлмелері құрылып, өз жұмыстарын бастады. Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспары бойынша аудандық «Nur Otan» партиясының филиалы да іс-шаралардың желілік кестесін даярлап, 13 мамырдан бері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Осы аптаның сәрсенбі күні жұмыс жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевтың аудандағы қоғамдық штаб мүшелері «Чайный центр» ЖШС жұмысшыларымен кездесті.
Жиынды аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық штабтың жетекшісі Ақшолпан Марат ашып, партия ұсынған үміткердің Президент ретінде алда атқаратын жоспарларымен таныстырды.
– Өнеркәсіпшілер мен металлургтер Елбасының саясатын әрқашан қолдаған және әрі қарай да Қасым-Жомарт Тоқаевтың оның даму стратегиясын жалғайтынына сенімдімін! Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздердің сектор еңбекшілерінің қажеттілігін жақсы түсінеді. Біздің кандидаттың жоспарында қазіргі өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын ашу, кадрларды қайта даярлау және заман талабын ескере отырып олардың біліктілігін көтеру бар. Қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында барлық тұрғын үй бағдарламаларын бірыңғай тұрғын-үй құрылысы саясатына біріктіреді. Ол азаматтарымыздың, соның ішінде, өнеркәсіпшілеріміздің жоғары өмір сүру сапасы үшін мейлінше тиімді жағдайдар жасауды қамтамасыз етеді. Бұл мақсатта біз ұсынған үміткер жыл сайын 12-13 млн шаршы метр баспана салуға және «7-20-25» бағдарламасын белсенді іске асыруға, ипотека бойынша үстемесін барынша түсіруге күш салатын болады, – деді Ақшолпан Қайратқызы
Одан кейін штаб мүшелері – аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов және «Баян-ауыл» ЖШС директоры, мәслихат депутаты Жанна Жазықпаева сөйлеп, өнеркәсіп өкілдерін Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі міндеттерді іске асыруға үлес қосуға және «Nur Otan» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдауға шақырды.
Алдағы уақытта түсіндіру, үгіт-насихат шаралары барысында жергілікті жердегі ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жастар, үкіметтік емес ұйымдар, шығармашылық және ғылыми интеллигенция, кәсіпкерлер, жасотандықтар, ауыл тұрғындары, ауылшаруашылығының қызметкерлері, бизнес, білім, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, бір сөзбен айтқанда, қоғамның барлық санаттағы азаматтары қамтылатын болады.
Б.ЕРМЕКҚЫЗЫ.