Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді. «Адамдық негізі – әйел» дегенді Әуезов неткен даналық, тапқырлықпен айтқан, шіркін! Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылса, керемет емес пе?! Нәзік жандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік танытуда. Еліміз іскер әйелдерге көрсетілетін қолдаудан кенде емес. Қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін кәсіпкер әйелдер біздің өңірімізде де жетерлік. Кәсібін дөңгелету екінің бірінің қолынан келе бермейтін, кім-кімнің де алақанына қонбайтын, етегіне жармаспайтын бақ десе де болады. Бағалағанға алтын, табалағанға тас құм болатын кәсіпті игеру нәзік жандылардың барлығына бірдей бұйыра бермейтіні де шындық. Кәсібімен қатар үйдің ұйтқысы болып, қоғамда өз орнын ойып тұрып алған бұрымдылар арамызда жоқ емес. Солардың бірі – түрлі саладан кәсіп ашқан Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны Гүлмира Измаханова. Ол бүгінде өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтып отыр.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – дейді аталы сөзге тоқтай білген қазақ. Бүгінде істің қиюын келтіріп, нәпақасын кәсібінен тауып жүрген жандарды көргенде іштей қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен кәсіп ашып, оны одан әрі дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. 18 жылға жуық визажист және шаш сәндеуші болған Гүлмира ханым Үкімет тарапынан берілетін қолдауды күтіп отырмай-ақ тапқан табысын жинақтап, екі қабатты нысан салуды бастаған. Биыл құрылыс жұмыстары аяқталған соң, қос қабаттан тұратын ғимараттан сән салоны мен фитнес клуб ашқан. Біршама уақыт әрлеу әлемінде тәжірибесі бар Гүлмира жыл сайын өзін жаңа бағытта дамытып келген, Нақтырақ айтқанда, біліктілігін арттыру бойынша курстардан өткен. Қазір ол косметолог саласы бойынша бетті тазарту, қас пен көзге татуаж жасау, липасакция жасауды меңгеріп алған. Осыған дейін аудан орталығына арнайы баратын ауыл арулары үшін бұндай қызмет түрлері енді Жібек жолы ауылындағы Гүлмираның сән салонында қолжетімді. Сонымен қатар, мұнда бет әрлеу, шаш сәндеу және қию, тырнақ жасау, қас теру және тағы басқа бір әйелдің бойына қажетті бар қызмет көрсету түрі табылады. Бүгінгі таңда 20-ға жуық адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі бар кәсіпкерлік нысанда сән саласын меңгерген қызметкерлер қажеттілігі туындаған. Сондықтан кәсібінің көкжиегін одан әрі кеңейткен кәсіпкер келіншек, тағы бір бағытта өз ісін бастауды жөн санаған. Қазан айының алғашқы күнінен енді оның сұлулық салонға мамандар дайындайтын орталығы жұмыс істейді.
– Сән салон мамандарын оқу орталығын ашудағы ең басты мақсатым – әйелдер қауымының біліктілігін артыру. Мен үшін әйел адам табиғатынан шығармашылыққа жаны жақын. Орталықта қыз-келіншектерге арналған түрлі шеберлік сағаттары өтеді. Мәселен, нәзік жандар бет әрлеу, шаш сәндеудің қыр-сырын үйреді. Сонымен қатар, шебер сабақтар барысында әртүрлі тақырып қамтылады. Келген арулармен өздеріне жан-жақты қор жинап қана қоймай, олармен түрлі салада табыс табуға болатындығы туралы да әңгіме өрбітеміз. Әсіресе, тұрмысқа шығып балалы болған, мектеп бітірген соң бірден жоғарғы оқу орнына түсе алмаған қыз-келіншектер үшін бұл орталық тамаша мүмкіндік. Біздің шеберлік сыныптарына келген нәзік жандар өсеміз, дамимыз, үйреніп қана қоймай, сол арқылы ақша табамыз деп келеді. Мен өзімде осы даму жолымда көптеген кедергілерге тап болғандықтан олармен бар білімімді бөлісіп, жол сілтеуден жалықпаймын, – дейді Гүлмира Өмірбекқызы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей аталған ғимараттың екінші қабаты фитнес клуб ретінде жабдықталған. Алғашында тек әйелдер үшін ашылған бұл спорт залы нәзік жандардың келу өте сирек болған соң қазір ер адамдар да келіп жаттыға алады. Бұл жерде жаттықтырушы және әкімші істейді. Олардың айтуынша, финтес клуб таңғы 9-дан кешкі 21:00 дейін істейді екен. Бұл жерде жүгіруге, қол, аяқ, бұлшық ет жаттығуларына арналған барлық қажетті құралдар қойылған. Тұрғындардың саламатты өмір салтын сақтауға өзіндің үлесін қосқан бұл спорт залының маңызы расымен зор.
Әрбір жасаған ісінен шабыт алатын Гүлмира күйеуі Даниярмен бүгінде үш қызды тәрбиелеп отыр.
«Адамның қолы қаншалықты бос болмаса, ол барлық жұмысына үлгереді. Менде артық уақыт жоқ. Мен теледидар, сериал, кино көріп, телефонға себепсіз телмірмеймін. Тек шаруам болса ғана сымсыз телефонымды қолыма аламын. Ал бала тәрбиесі, мен үшін, бірінші орында. Мен қыздарыммен тікелей байланыстамын. Біздің арамызда телефон, планшет деген дүние жоқ. Балаға неқұрлым ашық әрі шынайы қарым-қатынас жасап, оның өмірінің әрбір маңызды сәтінде қасынан табылсаң, ол баланың болашақтағы тәрбиесіне алаңдамауға болады. Сол үшін мен уақытымды тиімді өткіземін» – дейді ол.
Бесігін де, кәсібін де ұмытпаған Гүлмира ауылдағы балабақша қажеттілі туындағанда, ойланбастан өз қаржысын балабақша ашуға жұмсаған. Сөйтіп, тәуекелге бел буған кәсіпкер келіншек бұл бағыттағы бизнес әлемін зерттеп, зерделеп, өзі тұрып жатқан екі қабатты зәулім ғимаратты да тауып, қасына сенімді серіктерін жинап, осындай үлкен істі бастап та кеткен. Алғашында бәрі ойдағыдай көрінгенімен, уақыт өте келе түрлі кедергілер мен қиындықтар да қылаң берді. Негізгі мәселенің барлығы қаражатқа тірелетіні анық. Өйткені, бала саны артқан сайын оларға керекті материалдық қажеттіліктердің де тізімі молая түсті. Барлық сынақтардан мойымай өтіп, еңбегі нәтижелі болып, «Балапан» бағдарламасына қолдауымен 55 балаға арналған балабақша ашқан. Қазіргі уақытта 11 қызметкерді жұмыспен қамтуға мүмкіндік туған бөбекжайды білікті меңгерушісі Ақмейір Нартайқызы басқарады.
– Бүгінгі таңда қыз-келіншектерге мүмкіндік көп. Түрлі сайттар, инстаграмда асханалық шеберлікті үйрететін әртүрлі акаунттар барлығы қолжетімді. Тек ерінбей, алға мақсат қойып, соған жету жолында барлық қиындықтан қорықпау керек. Бүгінгі қоғам тек қыздар мен қыз-келіншектерді кінәлап үйренген. Осы тұста ойланатын мәселе көп. Ең бастысы – бұл өмірде өз жолыңды табу. Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу. Әлемде барлық нәрсе махаббатқа негізделген. Кез келген істі махаббатпен істесеңіз, жемісін береді, – деді кейіпкеріміз өз сөзінде.
Жалпы, әңгімелесу барысында байқағанымыз, Гүлмира өзінің қолға алған бұл ісіне үлкен сүйіспеншілікпен қарайды екен. Болашаққа деген жоспарлары да жоқ емес. Ең бастысы ол осындай тұғыры биік тәуелсіз елде өмір сүретініне, онда еңбек етуге, жүрегің қалаған жоба-жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік берілгеніне тәубе дейді. Сондай-ақ, осы егемен елдің еркелері еш алаңсыз толымды тәрбие, сапалы білім алуы қажеттігін түсінеді және бұл игі шараға өзінің де көңіл толарлықтай үлес қоса алатынына сенімді.
Түйіндей айтқанда, әйел – іскер, білікті басшы, әйел – жылулық, барша әлемге мейірім шашып тұратын шапағат шуағы. Оған қоса, қазіргі таңда осы нәзік жандылар қауымының қоғамдағы рөлін іскерлік және көшбасшылықпен етене байланыстырмаса болмайды. Өйткені, елдегі гендерлік саясаттың маңызды бөлігінде олардың алатын орнының айрықша екендігі белгілі. Бұл бағытта біз мақалаға арқау еткен кәсіпкер әйелдердің барлығы да ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына өзіндік үлесін қосып жатқаны айқын.
Бұрым ОРЫНБАСАР.