Тарихы терең қазақ халқында ит – жеті қазынаның бірі болып саналады. Ол үйретіліп, дұрыс тәрбие алған болса, жақсы күзетші ғана емес, иесінің айнымас көмекшісіне айналатын үй жануары. Десе де бүгінде ит атаулының қадірі кетіп, құты қашты. Үйсіз-күйсіз көшеде қаңғып жүрген иттер адамдардың үрейін ұшырғалы қашан.
Әсіресе көше кезген иттер біздің Қарасай ауданында жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелер қатарына қосылды. Күн қысқарып, түн ұзарған уақытта қаңғыбас иттердің мектептен үйге бет алған оқушыларға, одан қала берді жұмыстан келе жатқан адамдарға да қауіп төндірген жағдайлар жиіледі.
Аудан тұрғындары тарапынан бұл мәселе талай рет көтерілсе де, тиісті мекемелер тарапынан қажетті шаралар атқарылып жатса да, жағдай оңалар емес. Осы ретте біз жауапты мекеме есігін қағып, мән-жайды білмекке Қарасай аудандық ветеринариялық станция бөлімінің басшысы Дүйсенби Иманғалиевпен тілдестік.
– Дүйсенби Сәндібекұлы, соңғы жылдары аудан тұрғындары тарапынан үлкен-кішіні қорқытып, көше кезіп жүрген иттер бойынша шағымдар азаяр емес. Әрине бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті орындар өз жұмыстарын істеуде, десе де бұл мәселенің шешілетін түрі көрінбей келеді. Бұл ретте алғашқы сауалымыз – қазіргі уақытта аудандағы жағдай қандай? Ағымдағы жылы осы бойынша қанша шағым түсті?
– Иә, дұрыс айтасыз жыл өткен сайын көшені кезіп жүрген иесіз иттер көбейіп келеді. Оның үстіне екі-үш жыл бұрын қаңғыбас иттерді аулауға байланысты жаңа заң қабылданды. Оған сәйкес, енді оларды атуға рұқсат жоқ. Осыған қатысты көптеген проблема туындады. Анығырақ айтқанда, көшедегі қаңғыбас иттер саны тек ұлғайып барады. Уақыт өте келе белгілі бір маусымға немесе аштыққа байланысты оларда агрессия пайда болып, адамдарға шабуыл жасай бастайды.
Ағымдағы жылы бізге тұрғындар тарапынан 300-ден аса өтініш келіп түсті. Бұл – бізге тікелей келген шағымдар. Ал арнайы телефон нөмірімізге бұдан да көп айтылуда. Оған қоса тұрғындардың біразы иттерге байланысты шағымдарын өз округтерінің әкімдіктеріне барып білдіруде. Яғни наразылықтар көп. Биылдың өзіңде ауданымыз бойынша 1000-нан астам адамды ит қапқан. Шабуыл жасағандардың ішінде үй иттері де жетерлік. Жалпы егерде үйде тұрған ит өз иелерінен басқа адамдарды қапса, полиция қызметкерлері тарапынан айыппұл салынады. Мұндай жағдайлар да биыл көп кездесті.
Жалпы осы сандарға қарап-ақ ауданымызда қаңғыбас иттер мәселесі күрделі болып тұрғанын байқауға болады.
– Ит аулау бойынша ауданымызда қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жалпы иесіз және қаңғыбас иттердің көбеюіне тікелей тұрғындардың жауапсыздығы әсер етіп отыр. Мәселен, ит алты ай сайын екі рет балалайды. Оның үстіне бір ит кемінде үш немесе одан да көп күшік табады. Ал ондайды қажет етпейтін иелер көбінде күшіктерді сай-салаға әкеліп тастап, содан қаңғыбас иттер пайда болады. Оны жою мүмкін емес. Ең қауіптісі – оның көбі біреуді тістеп немесе әртүрлі инфекциялық ауруларды тасымалдауы. Әрине, біз өз тарапымыздан тиісті шараларды қабылдаймыз. Жоспарға сәйкес аулау жұмыстарын жүргіземіз. Түскен шағым бойынша жұмыс істеудеміз.
Биыл бюджеттен 1720 итті аулауға 6 млн. 910 мың 714 теңге қаржы бөлінген, осы бағытта жұмыстар атқарылды. Алайда олардың саны көп болғандықтан, бүгінге дейін біздің мамандар 2138 итті ұстады. Оның барлығын Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында өзіміз жасаған уақытша арнайы ит ұстайтын орынға апарамыз.
Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, өзгерістерге сәйкес ветеринария мамандары ұстаған иттерді питомникке әкеліп, 5 күн ұстайды. Осы аралықта ауруы мен иесі бар-жоғы анықталады. Егер де иесі табылып жатса, оған айыппұл салынады. Иесі болмаған күнде екпе салып, зарарсыздандыру (стерилизация) және кастрация жасап еркіне қайта жіберуге міндеттіміз. Тек аса қауіпті ауру бар иттерді ғана жойып отырамыз.
Жалпы біз өз тарапымыздан барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
– Тағы біраз жыл шешілмей келе жатқан мәселе – ол біздің ауданымызда жөні дұрыс, арнайы ит ұстайтын орынның жоқтығы. Бүгінде бұл мәселе шешімін тапты ма? Алдағы уақытта ауданымызда арнайы питомник ашылады ма?
– Иә, бізде мұндай мәселе бар. Ондай орынды дайындау – үлкен қажеттілік. Итті аулаған соң, оны ұстап, күтетін орын керек. Біз өз тарапымыздан бұл мәселені облыста талай рет көтеріп, жаңа ғимараттың қажеттілігі жайында айтқан болатынбыз. Алайда қаржылық жағдайға байланысты біраз шегеріліп жүрді. Десе де қазір бұл мәселенің шешімі қарастырылуда. Бүгінде аудандық әкімдік тарапынан Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Тұрар ауылынан жаңа питомник салу үшін жер телімі бөлінді. Құрылыс жұмыстарына байланысты процесті Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жүргізетін болады.
Оның салынғанын біз де күтіп отырмыз. Ауданымызда жаңа арнайы ит ұстайтын орын пайда болса, біздің жұмысымыз да бір жеңілдер еді.
– Ағымдағы жылы ит аулау жұмыстары бойынша мәселелер туындады ма? Бар болса оған не себеп?
– Жалпы ит аулау жұмыстары ешқашан оңай болған емес. Жыл сайын әртүрлі қиындықтар болып тұрады. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бөлінген ақшаға сәйкес 1720 ғана ит ұстауымыз керек еді. Алайда олардың көптігінен 2138-ін ауладық. Әлі де осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Осыған байланысты облысқа тағы 800 ит ұстауға қаражат бөлу туралы өтініш жіберілді.
Оның үстіне жануарлардың құқығын қорғайтын еріктілер де біздің жұмыстарымызға көптеген кедергі келтіреді. Ұстап алған жерден келіп иттерді босатуды талап етеді. Нәтижесінде шығарғандардың көбі қайтадан көше кезіп, адамдарды қорқытады. Одан кейін тұрғындар тарапынан «ешқандай шаралар атқарылып жатқан жоқ» деген шағымдар көбейеді.
Бұған қоса адамдардың өздерінің үй жануарларына жауапкершіліксіз қарағандықтарынан ол босап кетіп, көшедегі адамдарды қорқытады. Тіпті шабуыл жасап, тістеп жатады. Әрине, иелеріне айыппұлдар салынады, алайда жауапкершілігі жоқтардың саны жетерлік.
Мұнан бөлек тағы бір жағымсыз мәселе – ауданымыздың үлкен мегаполиске жақын орналасуы. Нақтырақ айқанда, Алматы қаласындағы кейбір арнайы ит ұстайтын мекемелер иттерін жақын жатқан Талғар және Қарасай секілді аудандарға әкеп, босатып жібереді. Сондықтан өз иттерімізбен алысып жүріп, шеттен әкелінген иттерді де аулауға мәжбүр болып отырамыз.
– Дүйсенби Сәндібекұлы, сөз соңында тұрғындарға, ит асырап отырған оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?
– Тілсіз жануардың көбеюіне адамдардың өздері кінәлі. Ит адамның досы екен деп, оны бос жіберу – үлкен қателік. Иелер үй жануарларын өзінің қарауыңда ғана серуенге жіберіп, бақылауда ұстағаны абзал. Өз ауласындағы үй жануарына немқұрайлылық танытпай, дұрыс күтіп-ұстау қажет.
Жақындарыңызға және өзгелерге зияныңыз тимесін десеңіз, үй жануарларыңызға деген жауапкершілігіңізді арттырыңыздар дегім келеді.
– Уақытыңызды бөліп бізге ақпарат бергеніңізге рақмет.
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.