«Көрісу» – қазақтың Наурыз мейрамына қатысты негізгі салтының бірі. Жыл сайын 14 наурызда жамағат «Амал келді — Жыл келді!» деп бір-бірін құттықтап, бір дастарханда дәм татып, ескі жылдан жаңа жылға аман-есен жеткеніне қуанған. Кезінде ұмытылып барып, соңғы жылдары ғана ұлықталып жатқан бұл халықтық мерекенің қазір қайта жаңғырып жатқан жайы бар. Осы ретте аталмыш татулық пен ынтымақтастық мейрамын біздің аудандық кітапхана қызметкерлері де атап өтті.
Нақтырақ айтқанда, өткен аптаның бейсенбісі күні оның қызметкерлері аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарын құрметті қонақ ретінде күтіп, қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін жандандырды. Бұл күні кітапхана қызметкерлері коворкинг орталығында қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтаған жылы лебізге толы көрнекілік орналастырып қойғанын көрдік. Ортаға қазақтың ұлттық тағамдарына толы мерекелік дастархан жайылыпты.
Ұйымдастырушылар «Ақ мол болсын!» деген ниетпен бұл күнді қымыз, наурыз көже секілді ұлттық дәмнен қарсы алуды жөн көріпті. Шараға қатысушылардың бәрі бауырсақ пен ағарғаннан ауыз тиіп жатты. Осы рухани орданың құрметті қонақтары ретінде шақырылған аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары өздеріне көрсетілген құрметтің қарымта кәдесі ретінде ән сыйлады. Сондай-ақ, шара барысында келген қонақтар «көпке бұйырсын» деген тілекпен «қымызмұрындық», «бел көтеру», «құрсақ шашу» сияқты салттарды көрсетіп, ақ дастархан басында наурыз көжеден дәм татты.
Қазақтың ескі салтын жандандыруға арналған мерекелік басқосуға қадірлі мейман ретінде шақырылған аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы сөйлеп, Көрісу мерекесімен құттықтады.
– Көрісу немесе Амал күні – бұл біздің бабадан балаға жалғасып келе жатқан үлкен бір дәстүр. Бұл күні қазақ халқы ауыл-аймақ, көрші-көлем болып, соғымнан арнайы алып қойған сүр етін асып, Наурыз көже жасап, қыстан аман-есен шыққандарына ризалық білдіріп, бір-бірлеріне игі тілектерін арнап, шүйіркелесіп, көрісіп жатады. Көрісу салтынын бір ерекшелігі – бұл кезде бір-біріне өкпелеген, ренжіскен адамдар татуласуға қадам жасайды. Осы ретте аталмыш мерекені жандардырып, біздің басымызды қосып, ақ дастарханнан дәм татуға шақырып отырған кітапхана қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. Көрісу мерекесі құтты болсын! Еліміз тыныш болсын! Әр шаңырақта береке мен мереке болсын! — деді Шара апа.
Сондай-ақ, шарада сөз алған қазақ радиосының жүргізуші Гүлмира Нәлібай да осындай бір тамаша іс-шара ұйымдастырған аудандық кітапхана қызметкерлеріне алғысын жеткізсе, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев жиналғандарға бірқатар өлендерін оқып берді. Мерекелік кеште қорытынды сөзді алған аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова салт-дәстүрлерге бай қазақ елінің ынтымақ пен бірлікке, достық пен бауырмалдыққа шақыратын Көрісу салтының тарихы мен маңыздылығына тоқталып, жиналғандарды Амал мерекесімен және де жақындап қалған Наурыз тойымен құттықтады. Сондай-ақ, Ұлдархан Өтеева басқарып отырған аудандық кітапхана ұжымына осындай керемет іс-шара ұйымдастырғандары үшін алғысын білдірді.
Мұнан кейін Мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, қонақтармен бірге «Ауылға сағыныш» әнін шырқады.
Мерекелік шара соңы қонақтарға арнап жайылған ақ дастархан мен арнайы дайындалған Наурыз көжеден дәм татумен жалғасты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.