Балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын күтетін басты мерекелердің бірі – Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы ретте өткен аптаның сенбі күні Алтын ауыл мектебінде, ашық аспан астында білім ордаларындағы оқушыларымыздың жетістіктері мен жеңістері көрсетілген «Оркестрлер шеруі» өтті. Осымен үшінші жыл ұйымдастырылған шеру балғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қаладағы алты мектептің басы біріккен шеруге жалпы 300 оқушы мен бірқатар ұстаздар атсалысты.
Жаздың шуақты мерекесіне арналған салтанат шымылдығы алдымен Қазақстан Республикасының гимнімен ашылды. Мұнан кейін аталмыш мектептің ардагер-ұстазы Күлсай Садақова балаларды мерекелермен құттықтап, елімізде балалардың көңілдерін кір шалмай, алаңсыз оқу оқып, балалық балғын шақтарын бақытты өткізу үшін барлық жағдайлар жасалып отырғандығын атап өтті, балаларға мықты денсаулық, мол бақыт, шаттық пен қуаныш тіледі.
Одан кейін сән-салтанаты жарасқан шеру басталып, оның алдыңғы шегін Белинский орта мектебі бастады. Одан әрі алты мектеп бірінен соң бірі алаңға шығып, ән-жырларын ортаға салып, нақышына келтіре билеп, бар өнерлерін паш етті. Марш ырғағымен, біркелкі киініп, өздерінің гимнастикалық билерімен тамсандырған Белинский мектебінің жетістіктері жетерлік. Атап айтқанда, «Informatrix–Asia 2019» халықаралық ғылыми жобасының алтын медаль иегері, Алматы қаласы әкімінің кубогының «Бағдарламалық жобалар» конкурсының жеңімпазы, ағылшын тілі пәнінен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігінің «Мәңгі ел, Қазақстаным!» зияткерлік турнирінің бас жүлде иегері, сондай-ақ, көптеген олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпаздары. Келесі кезекте Керімбеков орта мектебінің оқушылары рухты әнге бір ырғақта билеп шықты. Бұл мектеп үшін аяқталған 2018 жыл көптеген жетістіктермен есте қалды. Атап айтар болсақ, республикалық жас ақындар мен көркемсөз оқу шеберлігі байқауының жеңімпазы, Абай атындағы І республикалық олимпиаданың «Арнайы жүлде» иегері, сондай-ақ, білім, өнер мен спорт саласынан орасан зор жетістіктерге қол жеткізген. Дәл осындай біркелкі киінген, қолдарына түрлі-түсті жалаулар ұстап, білім ошағының жеткен жетістігі жайлы жариялап, өз өнерлерін көрсеткен алты топ жүріп өтті. Мерекенің көркін келтіріп, бірыңғай әсем киімдермен безендірілген шеру соңы өнерлі жастар ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен ұласты. Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттары атанған ауданымыздың өнерпаздарының шырқаған әндері мен мың бұрала билеген билері көрермендердің көңілдерін көтеріп, шаттыққа бөледі. Осылайша бақытқа толы балғындар мейрамы өз мәнінде үлкен ауызбіршілікте аталып өтті.
Бір айта кетерлігі, жаймашуақ жаздың бірінші күніне дәлме-дәл келетін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай барлық білім беру ұйымдарын біріктіретін республикалық дәстүрлі шеру бір уақытта ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде ұйымдастырылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.