Биыл Мадина Сауытбекованың бастамасымен «AZAMATSHA KZ» қорының «Лидер» кәсіптік даярлау жөніндегі оқыту орталығы ашылған болатын. Орталық ағымдағы жылдың 5 мамырында техникалық және қызмет көрсету еңбегінің мамандықтары бойынша кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру жөніндегі білім беру ұйымдарының республикалық тізіліміне енгізілді. Соның арқасында көпбалалы және жалғызбасты аналарды тегін мамандық иелері атануға жол ашты. Өткен аптаның жұмасы күні осы жобаның негізінде «есепші» мамандығы бойынша оқыған 10 адамға куәліктері салтанатты түрде табысталды.
Айта кету керек, мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін көмектің мұндай түрі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкелікті дамытуға арналған ұлттық жобасының» негізінде жүзеге асырылып отыр. Яғни, үш айлық курсттарды оқыған азаматтар, мемлекеттен шәкіртақы алып, жаңа мамандық иелері атанады.
«Лидер» білім беру орталығында бухгалтерияны жүргізу, компьютерлік сауаттылық және тігін ісін үйрену бойынша оқуға болады. Осы курстарды бітірген әйелдерге тиісті сертификаттар берілді. Бұл болашақта жұмысқа орналасуға көмектеседі. Осы жолы мемлекеттік бағдарлама аясында «есепші» мамандығын көпбалалы және жалғызбасты аналар игерді. Олардың ең жасы 18 жаста болса, ал үлкендері 54 жастағы Гүлнар Ноқасова мен 58 жастағы Тамара Гулымбетова.
Өткен аптада өткізілген шара аясында осындай көмек түрін алған ауданымыздың 10 тұрғыны өз куәліктерін алды. Олардың алтауы жұмысқа орналасуға шақырту алған, ал, біреуі осы орталықтың есепшісі болып жұмысқа тұрды.
Сонымен қатар, аналардың осы бағдарлама аясында оқуға жол сілтеп, қолдау білдіргендері үшін «AZAMATSHA KZ» қорының атынан жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы Абылай Зуайдаға және осы мекеменің мамандары Әсем Тотыбаева мен Меруерт Нысанбаеваға Алғыс хаттар табысталды.
Алдағы жылы «Лидер» білім беру орталығы тігін ісін үйрету курсына тіркеу басталатынын ескертеді. Осындай бағдарлама аясында тегін мамандық иелері атанғысы келген әйелдерді шақырады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.