ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқаулығы бойынша Алматы облысы мен оған қарасты аудандарда «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілуде. Негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, көктемгі кезеңге құрал-жабдықтарды дайындау, азаматтық қорғаудағы аудандық жүйені одан әрі жетілдіру болып табылады.
Аталған мақсатты іске асыру бойынша біздің ауданда аптаның сейсенбі күні «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізді. Нақты айтатын болсақ, дәл осы күні таңғы 9.00-де аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою комиссиясы, аудандық эвакуациялық комиссия «Дабыл-1001» сигналын алғаннан кейін оқу-жаттығудың басқару штабында жиналды. Осыдан кейін естілген дабыл арқылы аудандық шұғыл әрекет ету жасағы көтерілді.
Командалық-штабтық оқу- жаттығудың жүру барысын қадағалау мақсатында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай, аудандық ТЖҚ бөлімінің бастығы Жеңіс Ботбаев және басқа да бөлім басшылары болды. Шұғыл әрекет ету жасағы алдымен тактикалық жаттығу барысын ауданымызға қарасты Кемертоған ауылының аумағынан өтетін «Қырғауылды» өзенінің арнасын мұздан тазалау жұмысынан бастады. Одан кейін арнайы жасақтың көмегімен Шамалған ауылдық округіндегі 1,5 метрлік арық жүйелері тазаланып, 30 тонна қар шығарылды. Жалпы, бұл жұмыстарды атқару үшін аудандық азаматтық қорғау қызметтерінен 15 техника (эксковатор, жүк түсіргіш, грейдер және т.б.) және 32 адам жұмылдырылды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.