Жамбыл ауданында Суықтөбе тауының етегіндегі аядай ғана Қастек ауылында бас киім шығаратын шағын өндіріс орны жұмыс істейді. «Нұрлан» жеке кәсіпкерлігінің тігін цехында бүгінде 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Мұнда табиғи таза былғары мен иін қандыра өңделген күдеріден әдемі бас киімдер тігіледі. Нұрлан Ерқайратұлының атындағы бұл кәсіпорын 2020 жылдан бастап ресми тіркеліп, жұмысын жүргізуде. Алайда Нұрланның атасы Жасболат әулеті осы кәсіп түрімен біраз жылдан бері айналысып келеді. Дәлірек айтқанда, Нұрланның әкесі Ерқайрат бас киім тігуді 1996 жылдан бастаған. Ол өзінің үйінде күзен терісінен киім тігіп, дайындаған бұйымдарын Алматы базарларында саудалап жүрді. Бұған себеп нарықтық қатынастар заманының басталуымен байланысты экономикалық қиындықтар сол кездері өз ауыртпалығын ала келген болатын.
Өндіріс орындарының жұмысы тоқтап, елде жаппай жұмыссыздық белең алғанда Ерқайрат та отбасын асыраудың амалын іздеген. Өйткені адамдардың санасына «өкімет өлтірмейді, жұмыс тауып береді» деген сенімді 70 жыл бойына сыналай сіңірген кеңестік заманның енді келместің кемесіне мықтап мінгенін ол жақсы түсінді. Түсінді де, қолынан келетін іспен айналысуды ойлады. Ал күзен терісі қашаннан-ақ бағалы. Бәрі бірден бола қойған жоқ, әрине. Алғашқы кездері адасу, қателесу, алдану сияқты сәтсіздіктердің болғаны рас. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бірте-бірте бас киім тігуді жетік меңгеріп, келе-келе тауарлары сұранысқа ие болды. Дайын өнімді өткізудің жолын тапты. Жылдар өте жеке бизнестің қыры мен сырына қаныға түсті.
Ерқайрат осы істен 2018 жылға дейін отбасы нәпақасын тапты. Жиырма жылдан астам уақыт бойына шұғылданған кәсібіне әбден машықтанып алған ауыл азаматы шеберлігін шыңдап, мол тәжірибе жинақтады. Одан соң бұл істі баласы Нұрланға тапсырды. Әкесінен барлық білімі мен дағдыларын үйренген баласы оны лайықты жалғастыра алды. Кәсіпкерлік қызметті бүгінде әкесі мен баласы бірге жүргізеді. Олар осылайша былғары және күдері бұйымдарының өндірісін жолға қойды. Отбасылық бизнестің дөңгелегін шыр айналдырған іскер жандар сапалы бұйымын Қазақстанға кеңінен таратуға ықыласты. Осы мақсатта өзге де облыстағы сатып алушылармен іскерлік байланыстар орнату үстінде.
Ерқайрат бүкіл бизнесті ұлы Нұрланға тапсырғаннан кейін, жас кәсіпкер тапқан-таянған қаражаттың басын қосып, 2018 жылы ауылдан екі цехы бар үлкен коттедж үй тұрғызды. Осылайша, ісін кеңейте отырып, ол бастапқыда 12 адамға жұмыс берді. Ал бүгінгі таңда цехта 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Олардың арасында бизнес қалыптаса бастағаннан бері жұмыс істейтін шеберлер бар.
Нұрлан Жасболат цехтағы құрал-жабдықты заманға сай жаңарту үшін «First Heartland Jýsan Bank» акционерлік қоғамынан несие алды. Онда «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 14,75% пайыздық мөлшерлеме субсидияланды және «Даму» Қорының кепілдігі берілді. Өндіріс көлемін кеңейткен цехта енді бас киім түріндегі былғары және күдері бұйымдары молынан тігіледі. Күзен терісінен тігілген бас киімдері де бағалы. Бұйымдары Қазақстанның барлық өңірлерінде сатылады.
Осы орайда күдерінің не екенін айта кеткен артық етпес. Күдері – жұмсақ етіп ерекше тәсілмен өңделген терінің бір түрі. Халқымыз күдерінің өте жоғары сапалысын мақпал күдері немесе күдері мақпал деп атаған. Әбден иі қанып жұмсартылып, бұғы, бұзау, елік, басқа да жануар терілерінен иленеді. Ол жұмсақ, әрі су мен күннің әсеріне төзімді берік болады. Ақтамберді жырау: «Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз. Күдеріден бау тағып, Ақ кіреуке киер ме екенбіз?!» деген тіркесті текке айтпаса керек. Кіреуке – металл шығыршықтардан өрілген торлы сауыт. Демек, сауытқа бауды күдеріден таққан. Күдері әртүрлі түске боялады. Одан сырт қиім, аяқкиім, қолғап та тігіледі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.