Жуырда Елтай ауылдық округіндегі Береке орта мектебінде көпшілікті қатты қуантқан, жиналғандарды жақсы риза еткен іс-шара өткізіліп, біз де соның куәсі болып қайттық. Ол «Жақсының жақсылығы жерде қалмас…» деп аталған, Жетісудың белгілі ақыны, сал-серісі Әшім Нұрлыбаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған әдеби кеш еді.
Алдымен қасиетті Қарасай жеріндегі Октябрь (қазіргі Береке) ауылында туып-өскен, басынан қандай қиындықты өткерсе де мойымаған, жасымаған, кішкентайынан өлеңге, өнерге құмар болған, кейіннен аты шығып, айтулы ақындыққа жеткен Әшім аталарының бұл мерейтойын аталған білім ұясының мұғалімдері мен оқушылары өз мүмкіндіктерінше жоғары деңгейде ұйымдастырған десек, артық айтқандық емес. Сондай-ақ, бас қосу Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен әрі көмек-қолдауымен жүзеге асқанын да атап өткеніміз жөн.
…Сонымен мектептің акті залының сахнасында өлең оқылды, ән айтылды, күй күмбірледі. Әсіресе, ақын өмірінің (1889 жылы дүниеге келіп, 1963 жылы қайтыс болған) әр кезеңін бейнелеген сахналық көріністер кешке қатысушыларды тамаша әсерге бөледі.
Жалпы, ақын, жыршы, айтыскер, сері Әшім бабамыз қазақтың ауыз әдебиеті дәстүрін де жүйелі жалғастырушылардың бірі болған. Дүркіреп тұрған шағында Жетісуда «Сегіз сал» тобын ұйымдастырыпты. Сүйінбай Аронұлы, Құланаян Құлмамбет, Түбек Байқошқарұлы және т.б.авторлық ауыз әдебиеті өкілдерінің мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізген. Мәселен, Сүйінбай мен Тезектің, Сүйінбай мен Арыстанбектің, Құлмамбет пен Тезектің, Қыстаубай мен Күләйдың айтыстарын жырлап, халықтың алғысын алып жүрген.
Төменге дәрежеңді басып сөйле,
Болса да басың сыйлы, бірдей аспанменен,
Бір тосқан бір тасқанға табылады,
Қалмайды бір тосылмай тасқанменен.
Жақсының жақсылығы жерде қалмас,
Қос қолдап екі иіннен басқанменен!
– дегендей өлең жолдарынан да оның ақындық қарым-қуаты анық аңғарылады.
Сонымен қатар, Әшім ақын «Рауан батыр», «Айбас қарттың баласы Шағанбұғы батырдың қиссасы», «Еріксіз балгер», «Мырқы батыр» тәрізді хикаялық дастандар мен тарихи жырлардың авторы.
«Бақ» деген, «дәулет» деген ауыспалы,
Адамның байқар соны данышпаны.
Ақылы инабатты кәміл адам,
Болжайды болашақты алыстағы.
Біреуге бақ айналып дәулет бітсе,
Болады надан соның туысқаны.
Ақымақ бақ қонғанменен дұшпан болар,
Болмай-ақ бір ісінің шалыстары.
Қоянның өкпесіне қайғырмайды,
Тоғайдың жайқын жүрген арыстаны.
Өз жолы жолбарыстың өзіменен,
Жүрген жоқ қоянменен жарысқалы.
Өсектің, өтіріктің жолы осындай
Белгілі жұртқа мәлім дабыстары.
«Шын сөздің түбі – шын» деген сөз бар,
Тұрған жоқ өсек шынға жабысқалы…
Ақын «Рауан батыр» жырында қаламын осылай сілтеп, тыңдаушысының, оқырманының ой-санасының ой-қырына дейін жетерліктей салмақты сөз айтады.
…Жоғарыда жазғанымыздай, сахналық көріністер бірінен соң бірі жақсы жалғасып жатты. Алдымен көпшілік назарына Әшім мен Манат қыздың айтысы ұсынылды. (Әшімді музыка пәнінің мұғалімі Жарқынбек Сәбит, Манатты 8 сынып оқушысы Ақниет Бабаева әдемі бейнеледі. Әсіресе, Жарқынбектің жарқ-жұрт еткен жүріс-тұрысы, ақындық сипаттағы мінезі, зор дауысы, домбыра тартуы айрықша болды). Мұнан кейін серілік құрып, ел ішіндегі той-томалақтардағы жүргендегі өнері көрсетілді. Тағдырдың жазуымен жазықсыз сотталып, түрмеге де түскен екен. Бұл жағдайы да бір көрініске арқау болыпты. Осы тұста атап айтатын бір мәселе, сахналық көріністердің барлығы тұтас композициялық шешімге бағындырылыпты, бұл жағы да ерекше сүйсіндірді.
Мұнан бөлек оқушылар ақынның өлеңдерін шалқып тұрып шабыттана оқыды.
Әшім ақын жайында әңгімелегенде оның қызы – қазақ өнерінде өз орны бар, өзіндік биікке жеткен қызы Бақытты айтпау мүмкін емес. Иә, иә, атақты опера әншісі, Қазақ КСР-інің халық әртісі Бақыт Әшімова! Осы кеште күміс көмей, әдемі дауысты әнші әуелете шырқаған «Қайран менің жүрегім», «Қаздар қайтқанда» сияқты әндер орындалып, жиналғандардың жанын тебірентіп, жанарына жас үйірді…
Әдеби кеште алдымен аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Серік Қалиев сөз алып, сахналық көріністерді қойған ұстаздарға, оқушыларға алғысын айтты.
– «Шын ақынның тілі – қылыштан өткір, қылдан нәзік» деген сөз бар. Сондықтан да олар ел арасында алабөтен құрметке ие. Осындай өз заманындағы көркемдік ізденістерімен танылған, өмір сүрген уақытын жалықпай жырлаған Әшім бабамыз да тарихта қалған тұлға. Ауданнан шыққан өнер иелерінің, ақын-жазушылардың рухын бүгінгідей ардақтап отырсақ, ол, ең біріншіден, жас ұрпақ тәрбиесі үшін керек, – деді Секең.
– Әшім Нұрлыбаев, халықтың жоғын жоқтаған, Жамбылдың жолын қуған, – деді округ әжелер алқасының төрағасы Салиха Тойымбетова. – Басқа ақындардың қисса, дастандарын насихаттаған. «Рауан патша», «Мырқы батыр» секілді дастандарды дүниеге әкелген. Сондықтан да есімі қашанда халық жадында қалады.
Сонымен қатар, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы, ардагер ұстаздар Ақлима Көсемова, Баян Мұхамедиярова, Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов және тағы басқалар сөйлеп, сахналық көріністерден ақынның өзі тіріліп келгендей әсер алғандарын, ұстаздар мен оқушылардың керемет өнер көрсеткендерін, шығармаларын жинақтап шығару қажеттігін, әдеби кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Әшімнің кезінде Иса Байзақов, Балуан Шолақ, Үмбетәлі Кәрібаевпен таныс-біліс болғанын, халқымыздың осындай ардақты адамдарының өмірі, өнері, өнегесі арқылы да жастарды жақсы тәрбилей алатынымызды атап айтып, мектеп басшылығына, әдеби іс-шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқандарға рахметін жаудырды.
Сөз соңында мектеп директоры Нұрқия Садықова байыпты басқарған ұжымның ұйымшылдығын, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Абдрасылованың және т.б. осы орайдағы еңбегі мақтарлықтай дәрежеде болғанын айтқанымыз дұрыс.
РS. Басқа туындылары кітап болып жарияланды ма, жарияланбады ма, білмейміз, бірақ, 2015 жылы Әшім Нұрлыбаевтың Алматыдағы «Нұрлы Press. kz» баспасынан шығармалар жинағы жарық көріпті. Құрастырғандар филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайым (жерлесіміз, осы ауылдық округ аумағында туып-өскен) мен Н. Елесбай, ал, шығарушы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университегі Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институты екен.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.