Әр халықтың, әр ұлттың өзіндік отбасы тәрбиесінің мәдени құндылығы бар. Бұл жерде отбасылы болудың тәртібі, нақышы мен оның салт-дәстүрі әртүрлі. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі ерекшелігі – бала тәрбиесінде «ұл» мен «қыз» деп қарауы. Қазақ ұғымында ең алдымен отбасы иелері балаларының тәрбиелі, білімді, ақылды, байсалды болуына аса назар аударған. Халқымызда: «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, жұрт тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Бұл бұрыннан бері келе жатқан, тек қазаққа ғана тән, болмысына жат емес тәртіпті атадан балаға жалғап отыру дегенді білдіреді. Ал баланың жақсы немесе жаман болуы оның шыққан тегіне ғана емес, тәрбиесіне де байланысты. Осы тұста ақ жаулықты аналарымыздың болашақ ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Сәби өмірге келген кезден бастап ақ сүт беріп емізіп, балабақшаға кіргенге дейін қасында болып ақылын айтумен болады. Сүйіспеншілігін танытып, аяулы ана болады. Сол себептен ана статусын қазіргіден де жоғары етіп бағалау керек. Ол үшін келесі міндеттерді шешу қажет:
– Ана тағдыры, оның денсаулығына жағдай жасау және қамқорлық таныту;
– Ананың толыққанды қоғам мүшесі болуы;
– Ананың әдебиетке, өнерге, мәдениетке және ғылымға деген құштарлығын ояту;
– Ананың өзін-өзі тәрбиелеуге, дербестікке, шығармашылыққа үйретуіне уақыт беру;
– Ананы өзінің әлеуметтік рөлін білуге міндеттеу.
Осы тұста ауданымызда орналасқан «Анаға құрмет» музейі жоғарыда айтылған міндеттер мен еліміздің аналары мен қыз-келіншектері үшін қолдан келгенін жасауда. Біздің музейіміздің басты ерекшелігі де осы. Тек бүкіл әйел затына, оның жас-ерекшелігіне қарамай, жалпылама арнап ашылған жалғыз музейміз. Бұндай музей еш жерде жоқ. Оның басты мақсаты – Алматы облысындағы музейлерді насихаттау және қолөнерді дамыту, халықтық сәндік-қолданбалы өнердің ұмытылған түрлерін жандандыру, ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыз бен жөн-жоралғыларымызды білу, тәрбиелік мәні зор ерекше қасиеттерімізді келешек ұрпақ бойына сіңіру.
Музей қорында сонау көшпелі заманнан бері келе жатқан мәдениетімізді дәріптейтін заттар, бесіктегі сәбиден асыл әжелерімізге дейін қолданған жаулықтар мен кимешектер, асыл тастар мен әшекей-бұйымдар бар. Одан бөлек музей қабырғасында неше түрлі іс-шаралар мен ойын-сауық кештер ұйымдастырып отырамыз. Мәселен, 2024 жылы аналарымыз бен қонақтарымызға және музейіміздің ашылуына 10 жыл толуына орай «Анаға құрмет» музейінде орамалдар күніне «Анамнан қалған ақ жаулық» атты мерекелік мәдени-танымдық сән көрмесі өтті. Онда «ZARATA» ұлттық киімдер брендінің негізін салушы Ләззат Исаханова, республикалық орамалдар конкурсының жүлдегері Маржан Әміртай, суретші Майса Ықылас, «Анаға құрмет» музейінің негізін қалаған Бақыт Жатқынбайқызымен бірге басқа да суретші-дизайнерлер қатысты. Мемлекетіміздің тыныштығына үлкен үлес қосып жүрген батырымыз, алғаш генерал атағын алған бірінші әйел Сәуле Мұханбедианқызы Айтбаева «Анаға құрмет» музейіне 10 жыл толуына орай ІІМ академиясының қызметкерлерімен, прокурорлармен кездесу өткізді. Лауазымды қызметкер Сәуле Мұханбедианқызы «Анаға құрмет» музейіне қызметтік формасын табыстады. Халық қаһарманы, Қазақстанның, КСРО халық артисі Роза Бағланованы еске алу мақсатында іс-шара ұйымдастырылды. Аңыз адамның ұлы Тәжен мен келіні Марал «Анаға құрмет» музейіне анасының шапаны мен бөрігін, сахналық аяқ киімі мен 1980-1990 жылдағы шыққан концертінің афишасын, сонымен бірге автобиографиялық кітабын тарту етті. Ораза айында қайырымдылық жасаудан қалт қалт қалмай 30 күнде Алматы қаласындағы жазасын өтеушілерге көшпелі көрме ұйымдастырылды. Атап айтсақ, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «№11 мекемесіне», араға біраз күн салып Қапшағай тас жолының бойындағы Заречный ауылында орналасқан 4 түрменің бірі «№14 мекемеге», ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «№49 мекемесі», Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесі, толығырақ ҚАЖД «№10 мекемесіндегі» сотталғандарға көшпелі көрме ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Оған қонақтар мен шаруашылық қызмет отрядындағы тұтқындар шақырылды. Ішінде «№72» мекеме де бар. Әмина Өмірзақованың туғанына 105 жыл толуына орай Кеңестік дәуір мен қазақстандық кино және театр актрисасының құрметіне «Анаға құрмет» музейі «Тайлақтың анасы» атты іс-шара өткізді. Ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету және қазақ халқының бірлігін нығайту, татар және башқұрт халықтарының тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау және дамыту мақсатында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай, музейімізде «Біртұтас Қазақстанның түрлі этностарындағы ана бейнесі.Татар этносы» тақырыбында форум өтті. Ана тақырыбы ешбір ұлтқа, салт пен санаға бөлінбейтін бүкіл адамзатқа ортақ тақырып. Форум татар халқының бұрышының ашылу салтанатымен басталып, дөңгелек үстелге жалғасты. Музейдің негізін қалаған Бақыт Жатқанбайқызы: «Бұндай мәдени шарлар ұлттар достығының берік болуын нығайтады. Жас жеткіншектерге берері өте мол»- деп жалғастырды. Дөңгелек үстелде Ак калфак татар-башқұрт әйелдер кеңесінің төрайымы Низамутдинова Яннат Асхатқызы «Татар отбасындағы ананың рөлі» тақырыбында баяндама оқыды. Екінші бөлімінде мерекелік концерт ұйымдастырылып, татар ұлтының салт-дәстүрлері мен ұлттық киімдерінен көріністер көрсетілді. 6 шілде – Астана күніне орай, музейде «Еңселі Елордаға, асқақ Алатаудан сәлем» атты ұлттық киім дизайнерлерінің сән көрмесі өтті. Аталған шараның басты мақсаты — қазақтың ұлттық киім үлгілерін көпшілікке насихаттау арқылы қазақтың киім кию үлгісін заманауи жаңғырту. Осы бағытта жұмыс атқарып жатқан ұлттық киім дизайнерлерінің туындыларын халыққа кеңінен насихаттау, сондай-ақ сән әлеміне интеграциялауға ықпал ету. Сән көрмесінде белгілі этно-дизайнер Ляззат Исаханованың «Көне заман», «Жаңа заман» атты топтамаларының тұсауы кесілді. Отбасылық «ЖанҰя» брендін қалыптастырушы, қолөнер шебері Анар Нарботаның киізден жасалған ұлттық киімдер коллекциясы таныстырылды.
Аналардың кең жүрегінен жаралған талантты ұлдар мен қыздар өз саласы бойынша әлемді мойындатты, өзгеше жетістіктерімен биік мінбелерден көрінді. Соның құрметіне «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» бұрышы галлереяның екінші қабатында орын алған. Осы орайда бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы, қазақ драма театры мен киносының ең танымал тарланы, Алаштың ардақтысы, ұлы дала ұлағатына лайық өнерімен, барша көрерменнің көңілінен шыққан дара таланты мен ерен еңбегінің арқасында оның есімі шебер актер, ойлы режиссер, қайраткер тұлға ретінде қазақ мәдениеті тарихының бетіне ғана емес, халқының жүрегіне жазылған, өмірі өнерімен өрілген дарын иесі – Асанәлі Әшімов анасы Тәжіхан Сембіқызының портретін табыстады.
Көпшілікке хабарландыру ретінде айта кетейік, 2024 жылы 26 қыркүйек күні, сағат 11:00-де «Анаға құрмет» музейінің 10 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әйелі кеше, бүгін, ертең…» тақырыбында халықаралық форум өтеді. Бұл шарада қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрлі қолөнердің барлық саласы түгел дерлік көрсетіледі.Елімізге белгілі және түркі елдерінің қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылады. Шетелдік қонақтар қатысып, баяндама жасайды.
Ана-болашақтың демеушісі, ұлттың жебеушісі, сәбилердің бақыты. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел – бүкіл дүниенің ошағы, іргесі. «Елді қорғайтын ер, ерді тәрбиелейтін – әйел», «Алып анадан туады», «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» дейді халқымыз. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.
Алдағы уақытта ерекше жұмыстар жасап, аналарымыз бен қарагөз қарындастарымыз еңбектері арқылы қоғамнан өз орындарын табуы үшін де біраз жұмыс атқарылатынына сенімдімін!
Гулнар ӘБІШ,
«Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі.