Мен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қаскелең аудандық «Заман жаршысы» газетіне редактор болып келдім. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінің ауырлықтары бізді де аттап өткен жоқ. Аудандық газет жабылудың аз алдында тұр екен. Келе қиындықтарға тап болдым. Біріншіден, редакцияның өз үйі, жеке баспаханасы жоқ екен. Екіншіден, осындағы баспаханада газет басылмайды. Ол, яғни, аудандағы типография газет материалын линотип арқылы теріп берумен шектеледі екен, газетті басуға техникалық мүмкіндігі жоқ. Үшіншіден, газеттің пленкасын қалаға, Алматыға автобус арқылы қызметкерлер кезектесіп апарып тұрады екен. Төртіншіден, редакцияда жеке үй болмағандықтан газет қызметкерлері типографияның бір бөлмесін жалдап отырады екен.
Осыған қарамастан газет екі тілде (орысша, қазақша) аптасына 2 рет шығады. Тәжірибелі журналистер жоқ. Қызмет істеп жүргендердің журналистік білімдері жоқ.
Амал жоқ, «барымен базар» дегендей, бел шешіп еңбек етуге тура келеді. Қолым қалт еткен кезде әкімшіліктен шықпаймын. Аудан әкіміне, оның орынбасарларына кіріп, газеттің проблемаларын айтумен болдым. Өтініштерімді ескеріп, баспа жұмысының жандануына барынша қолдауларын білдірді.
Әйтсе де басылымның шығуын тоқтатқанымыз жоқ. Бар мүмкіндігімізді пайдалана отырып, газет мазмұнын жақсартуға, аудан жаңалықтарын дер кезінде жариялап отыруға көңіл бөлдік. Ауыл мәдениеті, мектептердегі оқу-тәрбие ісі, ана тіліміздің өркен жаюы, жас ұрпақтарымыздың жағдайын, «Қазақ тілі» қоғамының жұмыстарын жақсарту, фермерлердің үлгілі істері жайлы жиі-жиі мақала, хабар және еңбек ардагерлері туралы суреттемелер жариялай бастадық.
Осы арада бізге үлкен көмекші болған, істеген ісімізді барынша қолдаған, қол ұшын берген аудан әкімінің орынбасарлары Аян Айтжанұлы мен Мәрия Жүйріктаеваға өте риза екенімізді айтқым келеді. Сонымен бірге өздерінің мол тәжірибе, ақыл-кеңестерімен пайдалы пікір білдіріп, редакцияға жиі келіп, рухымызды көтеріп, бізді барынша жігерлендіріп, ойымызды үнемі қанаттандырған ақсақал ағаларымыз, ауданның құрметті ардагерлері Әбен Мұқашұлы Өмірәлиев, Үсенбай Бақтиярұлы Тастанбеков, Сейітхан Ахметұлы Исаев және басқа зиялы кісілерге алғысымыз шексіз.
Әрине, көп болып көмектесіп қолға алған жұмыс нәтижесіз болмайды. Ең алдымен газет оқырмандарының саны артты, газетке жазылушылар көбейді, газеттің мазмұны, дизайны жақсара бастады. Сонымен бірге Алматы облысы бойынша газетіміз алғаш рет түрлі-түсті бояумен шығарылды. Республикалық кейбір басылымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, газеттің атын қосарлап жазбай тек бір атпен «Заман жаршысы» деп атадық та, «Вестник современности» дегенді кіші әріппен онын астына жазып қойдық. Енді газеттің біраз жері босап, жергілікті хабарларды көбірек беруге мүмкіндік туды.
Сонымен қатар, алдымен газетті жарнамалауды қолға алдық. Оқырмандармен кездесуді жиі-жиі ұйымдастырдық. Сондай-ақ, аудандағы «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына баса назар аударып, көше, мектеп аттарын қазақшалауға баса көңіл бөлдік. Көшелер мен мектептерге белгілі қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, еңбек ардагерлерінің аттарын қоюдың маңызы үлкен екенін, оның кейінгі жас ұрпақты тәрбиелеуге көп септігі барлығын мысалға келтіріп, олар туралы мақалалар жаздық.
Бұрын барынша орыстанып кеткен аудан тұрғындары ана тілімізді кеңінен насихаттауға байланысты мейлінше қазақша сөйлей бастады.
Біздің тәжірибеміз республика бойынша насихатталды. Бұл біздің алғашқы жетістігіміз болды. Осыдан кейін біздің басылым облыста халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын, бүгінгі өмірінің нақты көріністерін насихаттауда алдыңғы қатардан көрініп, диплом, мақтау қағаздарына ие бола бастады.
Аудан бюджетінің жетімсіздігіне байланысты газетке қаржы бөлу мүлдем азайды. Газетіміздің шықпай қалу қаупі басымызға төнген кезде біраз ойланып, өзімізше қаржы табу көздерін қарастырдық. Сөйтіп, Іле ауданының газетіндегі әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйенуге тура келді. Газетіміз қазірдегі «Алатау» баспа-полиграфиялық кешенінде басылатын. Оған төленетін қаржы қымбатқа түсті. Поштаның газет тарату ақысы да көңілімізден шықпай, газетті жеке баспаға бастырып, оған жазылушыларды да өзіміз ұйымдастырып, өзіміз оқырмандарға таратуға ұйғарым жасадық.
Бұл біз үшін ауыр. Ауыр болса да солай етуге тура келді. Осыдан үнемделген қаржыны газет шығаруға жұмсадық. Штаттың біразын қысқарттық. Бір жұмыс атқарудың орнына екі жұмыс істеуге тура келді.
Осылай бірте-бірте ісіміз бір ізге түсіп жұмысымыз жеңілдей бастады. Редакцияға жаңа қызметкерлер алдық. Редактордың орынбасары болып мектеп мұғалімі Асқат Ошақбаев келді, Нарынқолдан ақын жігіт Серікжан Қажиұлы деген азаматты штатымызға алдық. Содан бұрынғы Күрті ауданында бірталай жыл редактор болып істеген Өтесін Құбиевті қабылдаудың сәті түсті. Бұрыннан жұмыс істеп жүрген жастарды тәрбиелеп қатарға қостық. Атлана Исаева, Айгүл Айдаралиева, Пердегүл Оңғарбаевалар тез төселіп, редакция жұмысын дөңгелетіп әкетті. Әсіресе, Пердегүл Оңғарбаеванын техниканың тетігін тез игеріп, мақалаларды компьютер арқылы тез теруге ұмтылуы, әрі газеттің дизайнері ретіндегі қарым-қабілеті әрдайым біздің көңілімізден шығатын.
Менің зейнеткерлікке шыққаныма ширек ғасыр болып қалды. Қазір бәрі де басқаша, заман күннен-күнге жақсарып келеді. Әсіресе, «Заман жаршысы» газетінің көркемдігі артып, мазмұны анағұрлым жақсарды. Қазір оны өзім тәрбиелеген шәкіртім Атлана Исаева өте қызықты, уақыт талабына сай етіп шығарып келеді. Газет редакторына, ондағы жас әріптестеріме зор табыс тілеймін!
Шекербек САДЫҚАНҰЛЫ.