Қарасай ауданында соңғы кездері қоғамдық көлікке қатысты мәселелер жақсы жағынан шешіліп келеді. Сондай жағымды жаңалықтардың бірі ретінде 14 қарашадан бастап «Исаев-Алматы» бағытында қатынайтын №235 жаңа автобустың іске қосылуын айтуға болады. Бұл автобустардың халық үшін тиімді тұстары да жетерлік. Айта кетейік, аталған маршрут Алматы қаласының мобильділік басқармасының бастамасымен іске қосылды.
Қоғамдық көліктер белгіленген бағыттары бойынша Исаеав ауылынан бастап, Көкөзек станциясын басып өтіп, 71-ші жол айрығы арқылы, Үлкен Алматы каналынан Алматы қаласындағы «Сәлем» базарынан бұрылып, кері бағытта қозғалады. Жалпы, автобустардың дәл осы бағытта жұмыс істеуіне қарасайлық тұрғындардың өтініштері де себеп болған. Сұраныстан пайда болған қоғамдық көліктердің өзгеріссіз күнделікті жұмыс тәртібі де бар. Нақтырақ айтқанда, жұмыс күндері 10 автобус, демалыс күндері 8 автобус 12 минуттық жиілікпен таңғы 6:00-ден, 22:00-ге дейін қызмет көрсететін болады. Бір айта кетерлігі, жол ақысын «Оңай» картасы арқылы 100 теңгені, қолма-қол төлеу 200 теңгені құрайды. Одан бөлек, QR-кодпен төлейтін төлем жүйесі де қарастырылған.
Ауыл халқының басым бөлігі Алматы қаласына жиі қатынайды. Өйткені, олардың бірі онда жұмыс істесе, енді бірі жоғарғы оқу орындарының студенттері. Осыған дейін тұрғындар Алматыдан Қаскелеңге дейін келіп, аудан орталыған Исаев ауылына такси қызметін пайдаланып келген. Қазіргі уақытта алып шаһарға тікелей жүретін автобустар бар. Жолаушылар тарапы мұндай маршруттың болғаны тиімді екенін жеткізуде.Осындай пікірлерден кейін коғамдық көліктердің тұрғындар үшін пайдалы жұмыс атқарып жатқандарын байқауға болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.