Екі қолына бір іс таппай жүргендерді еңбек күшін іздегендермен жүздестіретін бос орындар жәрмеңкесі күні кеше кезекті рет ұйымдастырылып, біраз жанның жүрегіне үміт отын ұялатып, болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті. Аудандық Мәдениет үйінің кең фойесінде өтетін бұл ізгі шараға осы жолы жергілікті елді мекендердегі 24 ірі және орта кәсіпорын, құрылыс, кәсіпкерлік нысандарының өкілдері қатысып, жүзге жуық вакансия ұсынды. Негізінен, жүк тасушы, инженер, механик, көлік жүргізушісі, аспаз, тігінші сияқты кәсіп қолынан келетіндерге деген сұраныс басым екендігі байқалды.
Жұмыс беруші мекемелердің қатарында ауданымызда орналасқан «Kagazy Recycling», «Алсад Казахстан», «Казпочта», «RG Brands Kazakhstan» Акционерлік қоғамы, «Компания Маолин», «Ces for you», «Reyal Way», «Тазалық» ЖШС-лері, «Шульгина» «Оқу тайм» жеке кәсіпкерліктері және басқа осылар сынды кәсіпорындар бар.
Жұмыс іздеушілер өз тарапынан қызмет ұсынушы мекемелердің өкілдеріне түрлі сұрақтарын қойып, әрқайсысына жеке жолығып, қажетті ақпараттарын алды. Сондай-ақ, жұмыссыздардың қатарында аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар болды. Олар да маңызды сауалдарына жауап алып, қандай шартпен жұмысқа орналасу болатынын түсінді. Ал, жұмыс беруші мекеме орталықтарының өкілдері азаматтардың мамандықтары немесе бұрынғы жұмыс тәжірибелері жайлы біле келе, лайықты жұмыс орындарын айтып, мекенжай, телефон нөмірлерін берді.
Жәрмеңке барысында 200-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынылып, 180-ге жуық жұмыссыз азамат қатысты. Оның ішінде 20 борышкер, 10 мүгедектігі бар азамат, 50 жас, 20 пробация есебінде тұрған азамат бар. Шараның нәтижесіне сәйкес аудандық жұмыспен қамту орталығының берген мәліметінше 50 азамат жұмысқа тұруға жолдама алған.
Бұрым ОРЫНБАСАР.