Елімізде халықты жұмыспен қамту орталықтарының құрылып, жұмыстарын жүргізіп келе жатқанына 12 жыл болды. Республика бойынша қазіргі таңда 207 жұмыспен қамту орталықтары халыққа қызметін көрсетіп келеді. Рас, мынау жарық дүниеде әр күнгі несібеңді құрайтын жұмысыңның болғаны абзал. Күнделікті айналысар шаруаң, кәсібің болса, игілігің құралады. Берекең артады. Жағдайың жақсарады. Сол арқылы өсірген ұрпағыңа да шапағатың тиеді. Сондықтан да мемлекетіміздің басты байлығы саналатын адамдардың еңбекпен қамтылуына лайықты назар аударылып отыр. Осы орайда әрбір өңірдегі, аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарының жүргізіп отырған істері аса маңызды. Ел мен жерге тигізіп отырған шапағаты баршылық. Біз Кеген ауданы әкімдігінің халықты Жұмыспен қамту орталығының директоры Біләл Мәсімбаевқа жолығып, әңгімелескен едік.
– Біләл Әукенұлы, өз жұмыстарыңызда мемлекетіміздің «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың» Ұлттық жобасын басшылыққа алып отырғандарыңыз белгілі. Өткен жылдың нәтижелеріне тоқтала кетсеңіз?
– Бұл туралы айтуға болады. Өткен жылы аталған жобаға қатысушы азаматтардың білімін жетілдіру бағытында жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, жылдың басында аудан бойынша 27 азамат кәсіптік оқуға жіберілді. Олар Райымбек ауданындағы Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінде әр түрлі мамандық негізінде білім алды. Аталған азаматтардың барлығы тұрақты жұмысқа орналасып кетті. Жобаға қатысқан азаматтардың ішінде «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында шаруаларын бастаған 58 адамға 400 айлық есептік көрсеткішпен 71 миллион теңге «Жаңа бизнес» идеяларын іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар берілді.
– Мемлекеттік грант алған азаматтарға қандай бағытта, қандай шаруа үшін қолдау көрсетілді?
– 58 азаматтың ішінде 17 азамат сүт бағытындағы іріқара малын өсіруге, 7 адам ұсақ мал өсіріп, бордақылау алаңдарын ашуға, 13 адам түліктің төресі жылқы өсіріп, бағуға, 21 азамат әр түрлі халыққа қызмет көрсететін жеке істерін ашуға грант алып, жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Жекелеген азаматтардың атын атап, түсін түстеп, жүргізіп жатқан істерін айтуға бола ма?
– Әрине, айтуға болады. Кеген ауылының тұрғыны Ақмарал Елібай «Компьютерлік қызмет көрсету орталығы» атты жобасын жақсы қорғап шығып, қазіргі таңда сол жоба негізінде шаруаларын жүргізіп әкетті. Айдана Дәрменқұловадай азаматша «Шағын наубайхана» жобасы бойынша халыққа қызмет көрсетуді жоспарлаған болатын. Ол мемлекеттен алған қайтарымсыз грант қаражаты есебінен шағын наубайханасын ашып, нан өнімдерін пісіріп, жұмысын жүргізіп келеді. Оның әр күнгі табысы жаман емес, тұрақты сұраныс иелері бар. Айдана мемлекеттің қолдауына дән ризашылығын білдіріп отыр. Кеген ауылының тұрғыны Емил Нүсіпақынұлы «Жылдам тамақтану дәмханасы» атты жобасы бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант алды. Қазіргі таңда сұранысқа ие фасфуд өнімдерін дайындап, ауыл тұрғындарына күнделікті балғын өнімдерін ұсынып, ел алғысын арқалауда.
– Біләл Әукенұлы, жоба бойынша тағы қандай жұмыс түрлері бар?
– «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың» Ұлттық жобасы бойынша әлеуметтік жұмыстың жаңа бағыттарына «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» атты жобалар жатады. Осыны түсіндіру мақсатында құрылған мобильдік топ ауданымыздағы барлық елдімекендерді аралып, жұртшылықпен әңгімелер өткізіп қайтты.
– Атап айтып, түсіндіріп өтсеңіз дұрыс болар еді?
– Айтуға болады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жасы 35-тен аспаған тәжірибелері аз, жұмысы жоқ жастарға арналған. Жобаға қатысу 18 айды құрайды. Аталған мерзім өткеннен кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматқа кемінде 12 айға тұрақты жұмыс орнын ұсынады. Олардың жалақысы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы тәжірибе мен жұмыс орнын зейнет жасына дейінгі жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін құрылған жұмыс орны болып табылады. Жобаға қатысу мерзімі 6 ай. Алты айдан кейін жұмыс беруші жұмыссызға тұрақты жұмыс орнын ұсынады немесе жұмыссыз адамды зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкердің орнына ауыстырады. Бұл талаптар тағы да 35 жастан аспаған, 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған түлектерге қойылады. Оларға да 30 айлық еңбек көрсеткішін құрайтын еңбекақы төленеді. «Күміс жас» жобасына 50 жастан асқан азаматтар қатысушы бола алады. Қатысу мерзімі 3 жыл. Қатысушының бірінші жылы жалақы мөлшерінің 70 пайызы, екінші және үшінші жылы 60 пайызы субсидияланады. Субсидия мөлшері 30 айлық еңбек көрсеткішінен аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасына толмаған азаматты кемінде 1 жыл, ал, зейнет алдындағы жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа орналастыруға міндеттенеді.
– Өткен жылы тағы да қандай жұмыстар бойынша игіліктер құралды?
– 2022 жылы 282 адам қоғамдық жұмысқа, 60 адам жастар тәжірибесіне, 32 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. 10 адам «Алғашқы жұмыс орнына», 2 адам «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша, 10 адам күміс жас бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылып, бұл тұрғыда жоспарымыз толығымен орындалды. «Күміс жас» жобасына қатысушы әрі «Қуаныш» шаруа қожалығына жіберілген Ененбай Жақсылық 2023 жылы қыркүйек айында зейнеткерлікке шығады. «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына қатысушы Лиза Тұрарбекқызы аудандық білім бөліміне тұрақты жұмысқа орналасса, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша Шәрбат Мәжит аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыс істеп жүр. Жоба мерзімі аяқталған соң тұрақты жұмысқа орналасады. Бізде нысаналы топқа жатушы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту да назарымызға алынған. Осы санаттарға арналған жұмыс орындарына белгіленген квотаны орындауда жұмыстар жалғасын тапты.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да назарларыңызда болар?
– Әрине, назарымызда. Ауданымызда жұмыс қабілетін жоғалтпаған мүмкіндігі шектеулі 158 азамат бар. Өткен жылы 3 мекемеде квота бойынша белгіленген 14 орында 3 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істеді. Жыл басынан мүмкіндігі шектеулі 3 азамат квота бойынша жұмысқа орналастырылды. Өткен жылы жұмыс іздеуші ретінде мүмкіндігі шектеулі 57 адам тіркеліп, оның ішінде 18 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. 14 адам қоғамдық жұмыс, 1 адам жастар тәжірибесі, 1 азамат «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 24 азамат білім алып, 8 азамат мемлекеттік қайтарымсыз грнат алды.
– Пробация қызметінің есебінде тұратын адамдар туралы айт кетсеңіз?
– Пробация қызметінің есебінде тұрған 17 азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, 16 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде үшеуі белгіленген квота аясында орналасты. 1 адам қоғамдық жұмысқа, 1 адам кәсіптік оқуға жіберілді.
– Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған істерге тоқталып өтсеңіз?
– Үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында жобаға қатысушыларға атап айтқанда, 15 азаматқа, оның ішінде 1 асыраушысынан айырылған адамға, 9 көп балалы және 3 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларына, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматқа «Жаңа бизнес» идеяларын іске асыруға арналған 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 20 миллион 700 мың теңге мемлекеттік грант берілді. Жобаға сәйкес субцидияланатын жұмыс орындарына есепті мерзімде 188 адам қоғамдық жұмысқа, 5 адам жастар тәжірибесіне, 32 адам әлеуметтік жұмыс орынларына, 4 адам алғашқы жұмыс орнына, 7 адам «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмысқа жіберілді. Бүгінгі күнге 1 мекемеге мүмкіндігі шектеулі азаматтарды квота бойынша жұмысқа орналастыруға 3 орын белгіленген. Жұмыссыз ретініде 36 азамат тіркелді. Белгіленген квотадан тыс 2 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналастырылса, 10 адам қоғамдық жұмысқа, 1 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 1 адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа тартылды. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 12 азамат кәсіпкерлік негіздерге оқытылып, екеуіне қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында пробация қызметінің есебінде тұратын 3 азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның үшеуі де жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, біреуі белгіленген квота аясында, екеуі квотадан тыс жұмысқа орналастырылды.
– Бүгінгі сұхбатымызды пайдаланып ел-жұртқа айта кетер әңгімеңіз бар ма?
– Бар. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен микрокредит беру қағидасы бекітілді. Қағидада кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін конкурстық негізде несие беру көзделген. Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы 5 миллион теңгеге дейін және ол үшін кепілдің болуы шарт емес. Микрокредиттерді кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал, мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Сонымен қатар, негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредиттеу мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды. Бұл туралы өңір жастары Кеген ауданы әкімдігінің халықты Жұмыспен қамту орталығынынан біле алады.
– Ортақ әңгімемізді немен түйіндер едіңіз?
– Мемлекет тарапынан біздің жұмысқа үлкен қолдау көрсетілуде. Соның жарқын көрінісіндей, биылғы жылы шалғайдағы елдімекендерді аралап жүріп қызмет көрсететін, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалынған жылжымалы мобильдік кеңселі болдық. Бұл да болса біздің жұмысымызды жеңілдете әрі жақсарта түсті. Алдағы уақытта да жұмыссыз жүрген азаматтарға қолымыздан келгенінше көмектесіп, еңбекпен қамтылуына, жаңа жұмыс орындарына ашуына, кәсіпкерлікпен айналысуына негіз қалай беретін боламыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Еңбектеріңіз жемісті бола берсін!
Сұхбатты жүргізген Қанат БІРЖАНСАЛ.
Кеген ауданы.