Қарасай ауданы бойынша әкімшілік талаптардың көбісі Қаскелең қалалық және Райымбек, Ұмтыл, Елтай ауылдық округтерінің әкімдіктеріне түсіп жатыр. Осы мәселе өткен аптада Алматы облысы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды.
Бүгінгі таңда жергілікті әкімдікке жүгінген қараша халықтың кейбір сұрақтары «сол жерде емес, сот арқылы шешілу керек» деген принцип қалыптасқан. Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотының судьяларының айтуынша, бұл қағида дұрыс емес. Дәл осы мәселе ауданымызға қарасты барлық қала және ауылдық округ әкімдерінің және орынбасарларының қатысуымен дөңгелек үстел басында талқыланды.
Жиынды Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Мэлс Идирисов жүргізді. Сонымен қатар бұл жиынға заң аясында түсінік беру үшін Г.Әмірханова, Р.Дүйсенбиев, М.Нұржанова, А.Жанадилова сынды аталмыш соттың судьялары арнайы қатысып, округ басшыларына кеңес берді.
Ресми мәліметке сүйенсек, Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотының өндірісіне 2022 жылы осы уақытқа дейін 865 талап түскен. Оның ішінде Әкімдіктің әрекеті немесе әрекетсіздігіне 297 шағым болған.
Осы мәселелерге қатысты судьялар қауымы өз кеңестерін беріп, заң аясында жұмыстарын жүйелі жүргізуін сұрады.
Ал әкімдік өкілдерінің көбісі кейбір сұрақтарға жауап беру мүмкін болмағандықтан, сотқа жіберуге мәжбүр екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ олар тұрғындарға заң аясында кеңес беретін, нақты мәлімет бере алатын заңгер мамандардың қажеттігін түсіндірді. Бұл ұсыныстың Алматы облысы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Мэлс Идирисов құптап, осы жөнінде облыс әкімдігіне сұраныс білдіретінін айтты.
Басқосу соңында көптеген мәселе алдағы уақытта тағы талқыланатыны айтылып, соған байланысты басқа да құзырлы органдардың қатысуымен ауқымды жиын өтетіні белгілі болды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.