Өтесін Құбиев. Бұрын бұл кісіні мүлде танымайтынбыз. Тек әредікте бір республикалық басылымдардан есімі көрініп қалатын. Адамның өмір сапары, қарап тұрсаңыз, сан тараулы жолмен өрнектеліп өрбиді екен ғой. Кейіннен Өтекеңнің қол астында қызмет істейміз, жұмыстас боламыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген еді. Бірақ, тағдыр бізді бір басылымның ұжымында тоғыстырды. Сөйтіп, осындай жаны жайсаң жақсы азаматпен бірнеше жыл қоян қолтық бірге жүріп, қызмет істедік.
…2009 жылы жаз кезінде отбасылық жағдайымызбен қасиетті Қарасай жерінен бір-ақ шықтық.
Бітіргеніміз Қазақ университеті, мамандығымыз журналист болған соң көп ұзамай, әрине, аудандық «Заман жаршысы» газеті бас редакторы бөлмесінің есігін, екпіндеп ентелей келсек те, еппен қақтық.
Жақсы қабылдап, айтқанымызды бар ынта-ықыласымен тыңдады. Табиғатынан мінезі жұмсақ, жылы жүзді, жаны жаздай жайдары адам екені бірден білінді. Жұмысқа қабылдады, бір тілшілік орын таяуда ғана босапты.
…Осылайша біздің жаңа жердегі жаңа жұмысымыз жайымен басталып жүре берді. Содан бері ешкімнің де тоқтатуға шамасы жетпейтін уақыт дөңгелегі зырылдай айналыпты, жылжып жылдар, сырғып айлар өтіпті. Ал, сол Өтекең де, мінеки, жетпіс деген берекелі бел-белестің биігінен көрініп отыр.
Асылы, адамның адамшылдығы алдымен істеген ісінен, жақсы жүріс-тұрысынан, көркем мінезінен, білімінен, адалдығынан, әділдігінен білінсе керек-ті. Өтекеңнің өне бойынан осындай оңды қасиеттің бәрін де жазбай танисыз. Сондықтан біз Қазақстанның Құрметті журналисі, Қарасай және Іле аудандарының Құрметті азаматы, баспасөз ардагері Өтесін Иманқұлұлы Құбиев туралы сөз қозғалса, іркілмей осылай дер едік.
* * *
Өтесін ағамыз 1949 жылы 15 қыркүйекте егемен еліміздің батысында жайыла жатқан, халқы батыл, батыр Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында орналасқан Қоныстану ауылында өмір есігін ашыпты. Содан Мақат ауданындағы Доссор мұнай кәсіпшілігіндегі В. Белинский атындағы орта мектепті бітірген соң бір-екі жыл ауылда жұмыс істепті.
Алайда, мектептегі сары үрпек баланың, одан кейінгі түбіт мұртты ақсары бозбаланың ойы алыста жатыр еді… Онысы кішкене кезінен жанын мазалаған, жүрегін толқытқан тілші болсам деген арман-аңсары болатын. Осы тілек-ниеті оны ақыры асқақ Алатау баурайындағы Алматы шаһарына адастырмай алып келді ғой.
Сонымен ұшатын самғай, талабы таудай жігерлі жігіт 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін аяқтаған. Жергілікті деңгейдегі ақпарат айдынында желкенін керген басылымның біріне тілші болып орналасқан. Жас шағынан ұдайы ұмтылған қиындығы мен қызығы мол кәсіптің жалынан мықтап ұстаған. Қалам қайратын адамдық пен адалдықтың ақ жолына арнаған. Жалықпай ізденген, жасымай жазған. Жақсылықпен табысқан, жамандықпен алысқан.
Ол алдымен, алғаш рет табалдырығын аттап, төріне озған басылым Алматы облысындағы бір кездері дүркіреп аты шыққан Күрті ауданының «Шұғыла» атты газеті еді. Біртоға, қақ-соқпен ісі жоқ, аспайтын, таспайтын, жөнсіз көп сөйлемейтін жас журналист мұндағы жұмысын қатардағы тілшіліктен бастады. Бұдан соң көзге түсіп, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды.
Кешегі кеңес өкіметін қанша жерден жамандасақ та, оның да кейбір жағымды істері кездескенін жоққа шығара алмаймыз. Сол кезде басы бүтін билік жүргізген коммунистік партияның жақсы үрдісінің бірі жас мамандарды тәрбиелеуі еді. Сөйтіп, бос жүрісі аз, ілгері апарар ісі көп, тиянақты, тындырымды, жұртқа жаққан, елге ұнаған Өтекең енді Күрті аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-партиялық бөліміне нұсқаушылыққа алынып, жауапты қызметте шынықты, шыңдалды. Әбден пісіп, қатқан оны сонан соң аупартком «Шұғыла» газетіне редактор етіп қайта «айдап» жіберген, бұл 1981 жыл еді.
Сонымен Өтекең он екі жыл бойы «Шұғыланың» шырайын кіргізді. Нәтижесінде оның аудан тұрғындары арасында абыройы артқан басылым болуы жолында аянбай еңбегін сіңірді, тамшылатып терін төкті, білімін, күш-жігерін жұмсады.
Бұл ретте алдымен партияның саясатын жүргізумен бірге, газет оқырманын қадірледі, төбесіне көтерді, халықтың ой-пікірін жеткізді, басшыларға талай өтінішін өткізді.
Күртіліктердің құрметіне бөленген, жақсы істерімен танылған Өтекеңді ендігі кезекте тағы да бір белес – аудандық кеңес төрағасының орынбасарының қызметі күтіп тұр еді. Одан ары өзі де депутат азамат аудандық мәслихаттың хатшысы ретінде халық қалаулыларымен бірге жүріп, бірлесе жұмыс атқарды. Көпшілікті сүйсіндірген бірталай елге арналған шаруаның оңды шешілуіне ықпал етті.
Кейде аяқ астынан күтпеген жағдайлар да орын алады ғой. Осылайша жоғары жақтағылардың шешімімен 1997 жылы Күрті ауданы таратылған соң Өтесін ағамыз, қабырғасымен кеңесе отырып, қатар жатқан Қарасай ауданына қарай бет түзейді. Яғни, 1998 жылдан қазіргі өзіміздің «Заман жаршысы» газеті бас редакторының орынбасары болып, еңбек жолын жалғастырады.
Ал,белгілі ақын, қарымды қаламгер Шекербек аға Садықанұлы зейнеткерлікке шыққан соң, үлкен сенім артылып, ұзақ жылдық тарихы мен өзіндік бет-бейнесі бар басылымның тізгіні тікелей қолына тиді. Осы жауапты қызметті, яғни, бас редакторлықты құрметті демалысқа шыққанша жоғары дәрежеде абыройлы атқарып, берекесі артты, беделі көтерілді.
* * *
Міне, Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық бөлімшесінің Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлы-ғының, сол тұстағы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Құрмет грамотасының, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасының иегері, өзге де сандаған мерекелік медальдар және Алғыс хаттар мен мадақтамаларды алған Өтесін ағамыздың өмір белестері осындай екен.
Айтқандай, Өтесін Иманқұлұлының есімі 1997 жылы «Қазақстан даму институты» шығарған «Элита Казахстана» атты кітапқа енгізіліп, қысқаша өмірбаяны суретімен берілген.
Бұл да, әрине, біле білсек, осы ақырын жүріп, анық басатын, жамандықтан қашатын, жақсылығымен жанына жақын жолдас табатын, сабырлы, салмақты, ешқашан болдым, толдым деп кеудесін көтеріп, қатты сөйлемейтін, үнемі үлкенді қадірлеп, кішіге ізет көрсететін, көңілі даладай, мінезі кейде баладай ардақты азаматқа деген шынайы, шын құрметтің бір белгісі болса керек!
Ғұмырлық жолы үлгі-өнегеге толы, ақпарат саласындағы тәжірибесі мол, басынан кейбір қиындықтармен қатар, талай тамаша күндер өткен Өтекеңнің қаламынан жүздеген проблемалық мақалалармен және очерктермен қатар, «Қаламымның ұшында тыныстайды өмір», «Қазақтың Әйтей батыры», «Өтеуменен келемін парызымды» деп аталатын кітаптар дүниеге келген. Бұл шығармаларының да өз оқырмандары бар, әрине.
Өтесін Иманқұлұлы ұзақ жылғы журналистік, редакторлық қызметінде өзі де басқа мықтылардан үйренді, өзгелерге де жалықпай көп үйретті. Сөйтіп, талай жарқылдаған жас тілшінің жанашары, ұстазы да бола білді. Солардың жетістігіне, табысына да қуанады. Мәселен, бір кездері жақсы шәкірті атанған қазіргі бас редакторымыз Атлана Жанатқызы Исаеваны да айрықша мақтан етеді.
Бүгінде Өтесін аға да асыл жары Күлжаһан екеуі отбасылық бақыттың құшағына бөленген, яғни, балалары мен немерелерінің қызығына тоймай бақуатты ғұмыр кешіп отырған жайлары бар. Ұлы Рүстем мен келіні Зухра, қыздары Дана мен Жанар, күйеубалалары Мехмет пен Нұрлан, сонымен қатар, Азамат Айсұлтан, Жұлдыз-Ай, Елдос сияқты немерелері ардақты аталары мен әкелерін, аяулы аналарын, асыл әжелерін әрдайым шаттыққа бөлеп, бөлекше шадыман күй кештіруде!
Жақындары жанында, балалары байсалды, қыздары қадірлі, келіндері ибалы, немерелері сүйкімді, ел аман, жұрт тыныш. Адамға осыдан артық не керек!
* * *
Сөз соңында, аса құрметті Өтеке, Сізге аудандық газеттегі әріптестеріңіздің атынан:
Елге де көп бердіңіз,
Ерекше кітапқа ендіңіз.
70 деген кеменің
Желкенін де кердіңіз!
Ісіңіз болып табысты,
Жақын еттіңіз
алысты.
Өмір атты бәйгеде,
Жалғастырыңыз
шабысты!
Сексеннен де асыңыз,
Тоқсанда қамшы
басыңыз.
Бала-шаға ортасында,
Жүзге жетсін жасыңыз!
– деген ақ тілегімізді ақ ниетімізбен айтамыз.
Бар болыңыз, жасай беріңіз, жақсы аға!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.