Өз елі мен халқына адал қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялап, қай кезде де өз отандастарының мүддесін бәрінен де биік екенін көрсетті.
Мемлекет басшысы өзінің бес әлеуметтік бастамасында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін жария етті. Бұл өмірлік маңызы бар мәселе, өйткені Қазақстанда соңғы жылдары халық саны жақсы өсіп келеді. Жыл сайын үйленіп жатқан жастарымыздың да қатары толығуда. Ауылдардан қалаға көшіп келіп жатқан жастар легі де жетерлік. Міне, осы тұрғыдан келгенде Президент тұрғын үй ипотекасына қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыру үшін өте маңызды қадам жасады. Бұл баршамызды қуантты. Ендігі арада жұмыс істейтін әр адам несиеге пәтер алып, оны өздерінің отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай жағдай жасалып отыр. Мұны әлеуметтік саладағы үлкен жеңіс деп бағалаймын. Сонымен бірге, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болып белгіленді. Бұл әсіресе, жастарымызға, әлеуметтік жағдайы төмен және жалақылары аз жандарға өте тиімді болмақшы.
Мұғалімдер арасында да өз баспанасын армандап жүрген жас мамандар бар. Жалпы «Дипломмен ауылға» сияқты өзге де мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарға көп қолдау көрсетілетіні де мәлім. Ал, мына бес бастама сол шексіз қамқорлықтар қатарын арттыра түскендей.
Риза КАПАСОВА,
Қосынов орта мектебінің мұғалімі.