Кез келген халық саны өскен өңірде тұрмыстық, әлеуметтік, әл-ауқат жағынан қажеттілікке деген талап күшейеді. Соның ішінде қоғамдық көлікке деген сұранысты жоққа шығара алмаймыз. Бұл мәселеге келгенде Қарасай ауданында соңғы уақытта оң нәтиже байқалуда. Анығын айтар болсақ, былтыр аудан орталығы – Қаскелеңнің ішінде жүретін, сондай-ақ осы қала мен аудан аумағындағы басқа елді мекеннің арасын Алматымен жалғайтын маршруттар бірінен соң бірі ашылып, жергіліктің тұрғындардың көңілінен шығуда. Мұндай жағымды жаңалықты газет оқырмандарына уақытысында жеткізіп те жатырмыз. Дегенмен толымды ақпарат артық болмас деген оймен өткен жылы ашылған маршруттарға тағы тоқталуды жөн санадық.
Қаскелең бойынша және Исаев арасында қатынайтын автобустар жаңартылды
2024 жылдың 19 наурызынан бастап №1, №2А және №9 бағытта жүретін қоғамдық көліктер жаңа үлгіде жолаушыларға қызмет көрсетуде.
Аталған қоғамдық көліктердің барлығы Қарасай ауданы әкімдігінің субсидиялауымен сатып алынды. Автобустар жаңартылып қана қоймай, әрбірінің саны біреуге артты. Сәйкесінше олардың жүру аралықтары да қысқарды. Мәселен, қалаішілік №1, №2А маршруттардың саны бұрын үшеу еді. 19 наурыздан бастап олар төртке көбейді. Яғни, жүру аралықтары қысқарып, 20 минутты құрады.
Қоғамдық көліктерде «AlemPay» төлем жүйесі орнатылған. Яғни, аталған компанияның картасын және басқа да банк карталарын қолданып, сондай-ақ банк қосымшаларын пайдаланып, QR-код арқылы жолақысын төлеуге болады. Жолаушылар үшін бекітілген төлем №9 маршрут үшін 150 тг, ал Қаскелең ішінде жүретін №1, №2А бағыттарға 80 тг бекітілген. Оқушыларға 50% жеңілдік қарастырылған. Ал автобустардың жүру бағытын «SMS BUS» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.
Қаратөбе мен Еңбекші ауылдарынан Алматыға дейін барады
Өткен жылдың қазан айының соңында Қарасай ауданына қарасты Қаратөбе мен Еңбекші ауылдарынан Алматы маңына қатынайтын №237 және №257 жаңа маршруттар ашылды. Қоғамдық көліктердің іске қосылғаны аталған қос елді мекеннің тұрғындары үшін қуанышты жаңалыққа айналды. Өйткені жергілікті халық талайдан бері ұсыныс тастап, автобустардың жүруіне қатысты өтініштерін білдірген болатын.
Маршруттар жайлы айтатын болсақ, №237 «Қаратөбе – «Барлық» базары» арасында қатынаса, №257 «Еңбекші – Қалқаман» бағытында жүреді.
Әр бағытқа бес автобустан бөлінгендіктен, сондай-ақ арақашықтыққа байланысты жүріс аралықтары 20-40 минутты құрайды. Жаңа көлік құралдары Алматы қалалық мобильділік басқармасы арқылы субсидияланады. Ал қоғамдық көліктердің барлығы «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің балансында тұрғандықтан, олардың сапасына, қызмет көрсетілуіне және қамтамасыз етілуіне аталмыш компания жауапты.
Маршруттардың елді мекен мен Алматы арасындағы аялдамалары келесідей: №237 автобус Қаратөбеден шығып, Елтай, Береке, Мерей, Көлді, Рахат ауылдарының маңайынан өтіп, «Алматы-Бішкек» тасжолы арқылы «Барлық» базарына қарай бет алады. Ал №257 автобус болса, Еңбекші ауылынан қозғалысын бастап, Құмарал ауылы арқылы Шамалған ауылына кіріп, одан шығып Қаскелеңге қарай жүреді, яғни жолдан Шалқар ауылынан да өтеді. Қаскелең қаласына кіргенде Қарасай батыр көшесі арқылы (кері бағытта бірден Абылайхан көшесіне түседі) Абылайхан көшесіне түсіп, SDU университетінен ары «Алматы-Бішкек» тасжолымен №7 Алматы қалалық емханаға қарай жүреді. Айта кетейік, екі маршруттың кері бағыты да осы жолдарды қамтиды. Автобустарда «ONAY» төлем жүйесі орнатылған. Жол ақысы – 120 теңге. Оны мобильді қосымша арқылы немесе SMS-хабарлама арқылы төлеуге болады.
«Сәлем» базарына және метро бекетіне баратын автобустар
2024 жылдың қараша айының алғашқы күні Қарасай ауданынан Алматы қаласына қарай бағыт алатын қоғамдық көліктердің қатары артып, екі маршрут ашылды.
Автобустардың бірі №254 бағытта жүреді. Құрамында 16 бірлік қоғамдық көлік бар. Ол Қаскелең қаласынан Алматының «Сәлем» базарына дейін қатынайды. Қоғамдық көліктің бірінші аялдамасы Қаскелеңнің автобекетінде орналасқан. Осы жерден қозғалысын бастап, Абылай хан, Мақашев, Жанғозин көшелерімен жүріп, Наурызбай батыр арқылы «Алматы-Бішкек» тас жолына түседі. Одан кейін Алматының Б.Момышұлы көшесіне бұрылып, Мөңке би, Сайын, Ақ-Қайнар көшелерінен өтіп, Үлкен Алматы каналының бойымен жүріп, соңғы аялдама – «Сәлем» базарына барып тоқтайды.
Ал екінші – №239 маршурт Долан ауылынан «Б.Момышұлы» метро бекетіне дейін жүреді. Бұл бағыт бойынша 18 автобус қызмет етеді. Қоғамдық көліктің жүру жолдары келесідей: «Алматы-Бішкек» тас жолындағы «Бамбарбия Кергуду» мейрамханасының маңынан Долан ауылына кіретін жолмен жоғарғы трассаға дейін бет алады. Одан кейін Абай ауылындағы Мақатаев, Қонаев, Рысқұлов, К.Әзірбаев және Алматы қаласындағы «Шұғыла» шағын ауданының маңайынан өтіп, Абай көшесі арқылы «Б. Момышұлы» метро бекетіне барады. Осы жерде маршрут жүрісін аяқтайды.
Қоғамдық көліктердің қызмет етуі шамамен 6:00-де басталса, 23:00-де жолаушылар тасымалы тоқтайды. Автобустарда «ONAY» төлем жүйесі орнатылғандықтан, жол ақысын тиісті картамен немесе мобильді қосымша, сондай-ақ SMS-хабарлама арқылы төлеуге болады.
Айта кетейік, маршруттар сынақ режимінде Алматы қалалық мобилділік басқармасы арқылы іске қосылды. Алдағы уақытта қозғалыс сызбасы мониторинг нәтижелеріне сәйкес түзетіледі.
Елді мекендерге баратын үш маршрут
Өткен жылдың қараша айында Алматы қалалық мобилділік басқармасы мегаполистің маңындағы елді мекендерге қатынайтын 8 жаңа маршрутты іске қосқан еді. Оның ішінде Қарасай ауданына қарасты үш ауылға, атап айтқанда Қырғауылдыға, Кемертоғанға, Көктоғанға баратын автобустар да бар. Яғни №238, №246, №250 бағытта жаңа маршруттар ашылды.
Қоғамдық көліктердің жүріс сызбасы келесідей: №238 автобус өз бағытын Алматының Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысынан бастап, Төле би, Момышұлы, Мөңке би көшелерімен жүріп, «Сорбұлақ» тас жолымен Қарасай ауданының Көкөзек және Көктоған ауылдарына барады.
№246 маршрут болса, Кемертоған мен «Барлық» базары арасында қатынайды. Ал №250 қоғамдық көлік «Мамыр-7» шағын ауданынан жолға шығып, Алматы қаласының Абай даңғылы мен Момышұлы, Шаляпин, Әшімов, Жандосов, Тау Самалы көшелері арқылы Қырғауылды ауылына дейін барады.
Қоғамдық көліктердің қызметіне «НұржасТранс» ЖШС жауапты.
Автобустардың жүру уақыты шамамен 6:00 шамасында басталса, 22:00-23:00 аралығында тоқтайды. Жолақысы – 120 теңге. Мұнда да «Оnay» төлем жүйесі енгізілген.
Жібек жолының маңындағы саяжайларға дейін жүреді
Тұрғындардың сұранысы бойынша өткен жылдың соңғы айында №256 маршрут іске қосылды. Бұл жолғы қоғамдық көлік Алматы мен Жібек жолы ауылының арасын жалғады.
Автобустар Алматы қаласындағы Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысынан бастап, Қарасай ауданының Жібек жолы ауылдық округіне қарасты саяжайларға дейін жүреді. Яғни, «Алматы-Бішкек» тас жолы арқылы Жамбыл, Қошмамбет, Ұлан ауылдары арқылы өтеді. Қайтар жолы да осы аралықты қамтиды.
Қоғамдық көліктердің тасымалдау қызметіне «ECOBUS SERVICE» ЖШС жауапты. Жол жүру құны – 120 теңге. Оны «Onay» картасы және төлем жүйесі арқылы жүзеге асыруға болады. Автобустардың жалпы саны жетеу болса, олардың арасындағы жүріс аралығы 29 минутты қамтиды.
Аталған жаңа маршрут Алматы қаласының мобильділік басқармасымен бірлесіп, тұрғындардың сұранысына жауап ретінде іске қосылды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.