Елімізде енгізілген төтенше жағдай аяқталғанымен, адамдардың көп шоғарланатын жерлерінде санитарлық талап басты назарға алынып, сақтық шаралары күшейтілген. Осындай орындардың қатарында Қарасай ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы да бар.
Қалыпты жұмыс кестесіне көшкен аталмыш мекемеде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тиісті жағдай қарастырылған. Келушілер алдын ала жазылу арқылы электрондық кезекпен 10 адамнан ғана кіре алады. Ал, бұл мекемеге келмей-ақ кейбір қызметтерді онлайн түрде қалай алу жайында аталмыш орталықтың бас маманы Рахат Өсербай жан-жақты түсіндіріп, ғимараттағы санитарлық талаптың сақталуына қатысты пікір білдірді.
– Қазіргі уақытта ғимараттағы адамдардың топ болып жиналуын болдырмау үшін 1,5 метр арақашықтықты сақтай отыра, 10 адамнан қабылдап жатырмыз. Жалпы, тұрғындардың біздің орталыққа келіп әуре болмай-ақ, үйінде отырып, онлайн қызметтерді алуға мүмкіндіктері бар. Мәселен, сотталмағандығы туралы немесе нарколог, психолог анықтамаларын және тағы басқа алуға болады. Ол үшін ЭЦҚ болса жеткілікті, – деді аудандық ХҚКО-ның бас маманы Р.Нұрланұлы.
Бүгінгі таңда орталыққа кезекке тұру жағы электронды түрде жүзеге асырылуда. Оны да онлайн түрде алуға болады. Алайда, электронды брондау бір күнге ғана жарамды екенін ескерген жөн. Яғни, келесі күнге ауыстырылмайды.
Халыққа қызмет көрсету орталығының ауласында келушілерге қолайлы әрі қауіпсіздікті сақтау мақсатында арнайы шатырлар да орнатылған. Бұл орындарда да келушілердің арақашықтығы қатаң сақталатын болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.