Дүниені дүр сілкіндірген талай майданның болғаны тарихтан белгілі. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыс қаншама адамзатын қисапсыз қасіретке ұшыратқан өлімімен мәңгілік есте қалды. Біздің еліміз адамзат баласы басынан өткізбеген зұлматты басынан кешті. Соғыс арифметикасы – қаралы арифметика. Әрбір секунд сайын бір адам, әрбір минут сайын он адам оққа ұшып жатты. Ал соғыс 1418 күнге созылды. Жеңіс елімізге оңай келген жоқ. Ұлы Жеңіс бабаларымыздың биік патриотизм сезімдері мен рухтарының мықтылығымен келді.
Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 77 жыл. Бұл – сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Қазақтың арғы-бергі тарихында ауыз толтырып айтарлықтай аңғалда да қайсар, халық қамын көздеген қаһарман, азаттық үшін алысқан батырлар аз емес «Ереулі атқа ер салап, егеулі найза қолға алып» қылыш сермеген, елінің азаттығы жолында құрбан болған батыр бабаларымыз ел есінде мәңгі қалмақ.
Жеңіс үшін елі мен жері үшін жанын пида еткен жауынгерлеріміз жетерлік. Олардың ішінде жақындарына, Отанына, туған ауылына оралмай қалған қаһармандар қаншама. Солардың арасында Рахинғали Жұртыбаев бар. Ол 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1942 жылы сонда жан тапсырған. Бүгінгі күнге дейін туыстарына жерленген жері жайында ақпарат белгісіз болып келді.
2002 жылдан бері ауданымызға қарасты Көксай ауылында тұратын Рахинғали Жұртыбаевтың інісі – Жұмахан Жұртыбаев өз ағасының қабірін іздестіріп, Ресей жерінің Тверь облысы, Оленин ауданы, Молодой труд ауылында жерленгендігі туралы мағлұматты тапты.
Отан үшін жан тапсырған бабаларымыздың ерең еңбектерін ескере отырып, Қарасай ауданының маслихат депутаты Рустем Отембаев азаматтығын танытып, демеушілік жасап Рахинғали Жұртыбаевтың қабіріне мемориалдық тақта орнатуға және туыстарының Жеңіс күні қарсаңында Тверь облысына баруына қаржылай септігін тигізді. Оның айтуынша, бүгінгі ұрпақ Отанын қорғаған осындай жауынгерлердің ерлігін ұмытпай, олардың есімін мәңгі сақтап, рухына тағзым етіп өту керек.
Өз тілшіміз.