Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халқымыздың денсаулығына үлкен мән беріп, азаматтардың, әсіресе шалғайда орналасқан ауылды жерлердегі тұрғындарға сапалы медициналық көмек қолжетімді болуы керектігін жиі айтатын. Осы бағытта елімізде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сондай шараның бірі – үлкен қалалардағы аурухана дәрігерлерінің ауылды жерлерді аралап, консультациялар жүргізуі.
Осыдан бір апта бұрын осындай шара біздің ауданымызда да өтіп, Қарасай көпбейінді ауданаралық ауруханасына Астана қаласынан бір топ кардиохирургия мамандары келді.
Елордалық дәрігерлердің іссапарының негізгі мақсаты – қала мен ауыл арасында байланыс орнату. Яғни, олар Алматы және Жетісу облысының шалғайдағы ауыл балаларына кардиологиялық көмекті қолжетімді ету, ауыл науқастарына республикалық деңгейде көмек көрсету. Оларға ем-дом алу үшін жолдама беру.
Шара барысында кардиохирургия мамандарынан кеңес алуға ауданның түкпір-түкпірінен 50-ден аса сәби келді. Дәрігерлер жүрек ақауы бар және белгілері анық емес балаларды қарап, ЭКГ, УЗИ сияқты диагностикалық тексерулер жүргізді. Сондай-ақ ата-аналармен балалардағы аурулардың алдын алу және оңалту бойынша әңгімелесіп, тексеру және емдеу бойынша ұсыныстар берді.
Жалпы іс-шарада жүрек патологиясына күдік бар деген 50-ге жуық бала қамтылды. Диагнозы расталған балаларға ота жасауға жолдама берілді. Барлық ота портал арқылы тегін жасалатыны түсіндірілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.