Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет халыққа арналған Жолдауын жариялады. Алдымен атап айтарымыз, Президент барлық қазақстандықтар ойлағандай, ел дамуының барлық саласын кеңінен қамтыған екен. Тағы бір анық байқалғаны – «Мен халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын!» деп сайлауалды бағдарламасын толық жүзеге асыру бағытын берік ұстаныпты.
Бұл, сөз жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлының ел мүддесін, адамдардың әлеуметтік жағдайын алдыңғы кезекке шығарып отырғанын танытады.
Ал, осы орайдағы іргерілеушіліктің бәріне де экономиканы барынша дамыту арқылы қол жеткізіледі. Экономикасы күшті елдің табысы да, қаржысы да мол болады. Ол өз кезегінде, әрине, әлеуметтік мәселелердің орнықты шешілуіне оңды ықпалын тигізеді.
Сондықтан да Президент экономиканы жаңғыртуға да айрықша басымдық беріп отыр.
Бұл ретте шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру, микро және шағын бизнес компанияларын табысқа салынатын салықтан үш жылға босату, оларды тексеруге үш жылдық тыйым салу, жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне қосымша міндетті зейнетақы жарнасын төлеуді 2023 жылға дейін шегеру,еңбек өнімділігінің нақты өсімін арттыру, «қарапайым заттар экономикасын» өрістету, көлеңкелі экономикаға қарсы тұру, тікелей шетелдік инвестиция тартуды белсенді жүргізу, цифрлық экономикаға кең жол ашу тәрізді маңызды істер бар.
Жолдаудың бір ерекшелігі, оның алдағы үш жылға арналған бюджет қалыптастырылып жатқанда жарияланғаны. Мұның өзі халыққа қажетті өзекті мәселелерге қаржы бөлуге өте ыңғайлы болып тұр. Яғни, оның ішінде әлеуметтік жағдайды көтеру, жұмыспен қамту, жекешелендіруді жүйелі жүргізу, аз қамтылған және көп балалы отбасыларына көмек беру сияқты жайлар бар.
Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқығы, қоғамдағы жастардың орны, жемқорлықты ауыздықтау, қаржы органдарының жауапкершілігн арттыру, әйелдерге көрсетілгенін зорлық-зомбылықпен күресті күшейту және басқа да көптеген мәселелер бойынша нақты міндеттер қойды. Оларды іске асыруға барлығымыз да үлес қосуға тиіспіз.
Жалпы, Мемлекет басшысының өзі мәлімдегеніндей, біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық.
Айгүл Чанабаева,
«Isker Company» ЖШС-нің есепші-экономисі