Бүгінде дүние жүзі бойынша тамырын тереңге жайып, қоғамға үлкен зардап әкеліп жатқан кесепаттардың бірі – адам саудасы. Сауданың бұл түрі негізінен құлдыққа салу, жезөкшелік қызмет көрсетуге мәжбүрлеу сынды сипат алады. Тіпті кейде адамдарды оның органдарын саудалау мақсатында ұрлайтындар да бар. Ресми ақпараттарға сүйенетін болсақ, әлем бойынша орташа есеппен алғанда жыл сайын 20 мыңға жуық адам саудасы тіркелсе, бейресми деректерде бұл көрсеткіш бірнеше есеге арқан деп көрсетілген. Статистикаға қарап-ақ, қылмыстың бұл түрі әлемдегі ең өзекті проблемасы екенін түсінуге болады.
Біздің елімізде де адам саудасына қатысты қылмыстар жетерлік. «Родник» әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығының» мәліметінше, 2005-2022 жылдар аралығында траффикинг (адам саудасы) құрбаны 588-ге жуықтаған, олардың 266-дан астамы әйел, 322-сі ер адам. Осыған орай, бүгінде елімізде адам саудасын ауыздықтауға нақты іс-шаралар жүргізіліп, тиісті заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілуде. Сондай шаралардың бірі осы аптада біздің ауданда да жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, сейсенбі күні орталық кітапхана ғимаратында «Родник» қоғамдық қоры жергілікті құқық қорғау мен мемлекеттік қызметкерлер арасында семинар-тренинг өткізіп, қатысушыларға зорлық пен құлдық құрбандарын анықтап, заң шеңберінде әрекет ету жайындағы маңызды ақпараттар ұсынды.
Еліміздегі АҚШ елшілігі, ҚР-ның Ішкі істер министрлігі және ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі қолдау көрсеткен «Адам саудасына қарсы бірге тұру» АлматыТаразАқтау» ақпараттық марафон жобасы аясында ұйымдастырылған семинар барысында қоғамдық қордың заңгері Диана Бақыт траффикинг қылмысының қазіргі жағдайы мен оның тенденциялары жайында айтып өтті. Заңгердің айтуынша, елімізде бұл қылмыстық бизнестің белең алуына бірнеше себеп бар. Солардың ең бастысы ол жұмыссыздық. Тағы бір себеп ол ғаламтордың дамуы және адамның анқаулығы. Мәселен бүгінде қыз балалардың көбі әлеуметтік желіде шет елдік азаматтармен танысып, олардың «менім қасыма кел, екеуіміз бақытты боламыз» деген сөздеріне алданып, өзге елде құлдыққа тап болады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін заңгер заңды қатаңдатудан бөлек, халықтың арасында әрдайым түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтану жолдары жайлы ақпарат беріп отыру қажет екендігін айтып өтті. Ал, қоғамдық қордың әлеуметтік бағдарламалар үйлестірушісі Ғазиза Жайсанбаева адам саудасының құрбандарына қандай көмек берілетіндігін айтып өтті. Үйлестірушінің айтуынша, жалпы жапа шеккендерге еліміздің тарапынан заңды түрде қолдау беріледі, сондай-ақ, құжаттарын жөндеуге, қайта жасауға, шет ел азаматтарына өзінің еліне қайтуға және т.б. әлеуметтік көмек түрлері көрсетіледі.
Жалпы бұл семинарда елімізде орын алып жатқан адам саудасы мәселесі кеңінен талқыланып, оған қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы құқықтық тұрғыдан мәліметтер берілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.