«Мектепте оқытылатын пәндердің ең маңыздысы қайсы?» деген сұрақ кім-кімнің де көкейінде тұратын шығар. Осыдан көп жыл бұрын болашақ президент, мектеп оқушысы Нұрсұлтан Назарбаев тарих пәнінің мұғалімін: «Неге басқа тарих кітаптарына қарағанда Қазақ ССР тарихы жұп-жұқа?» -деген сұрақпен састырған екен. Ол кезде біз бодан жұрт едік…
Сол кезеңдерде тауымыз әбден шағылып, талабымыз қайтып, бетімізбен жер басып, өзімізді қор санайтын едік. Сондықтан да бір нәрсені дұрыс істемесек, «қазақпыз ғой…» деп, ақтала ыржалақтайтын болдық. Көрші елдер «орыс болғың келсе, алдымен қазақ бол» деп келеке ететін. Алыстағы ағылшын, неміс, беріректегі шешен халықтарының ұлттық намысы лапылдап, мақтанышы асқақтап тұратын…
Енді, міне, екінің бірі, егіздің сыңары емес, білдей бір елдің басшысы «әлемдік өркениет бізден басталған!» деп жарияға жар салды. Не үшін? Үш ғасырға жуық жаншылған рухты қайта ояту үшін! Төменшіктеген елін төрге шақырып жатыр. Кім ілеседі, кім шегіншектер екен? Өзін әлі де әлеуетті санайтын әлемдік держава иелері естіп отыр. Олардың «Бәрекелде, дұрыс айтасың!» дей қоймайтыны анық…
Сонымен, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқып шыққан соңғы түйген ойым, Елбасы «Ер қанаты – ат» деген бабаларымыздың жылқы баласын адамзат тарихында алғаш рет қолға үйретіп, оны тұрмыстық және әкери техника ретінде пайдаланғанын, қола, мыс, темір, алтын, күміс секілді металл өндіру мен өңдеуді алғаш қолға алған ел екенімізді, тағысын-тағы бабаларымыздың әлемдік өркениет пен адамзаттың дамуына қосқан үлесін батыл әрі мақтанышпен айта алғанына қуандым. Әйтпесе, мұндай-мұндай мәліметтердің шет жағасын естісек те, айғайлап айта алмай бүгежектеген кездер болды ғой… Енді осы айтылғанның бәрін ұлтымыздың санасына қалай сіңіреміз дегенде, оның да жолын Елбасымыздың өзі айтып берді. Ол – телевидение, көркемсуретті, деректі фильмдер, әсіресе, анимациялық мультфильмдер арқылы ең әуелі сәбилердің жүрегіне қондыру керектігін айтты. Себебі, бала күнінен шетелдің «Человек-паук», «Бэтман», «Железный человек» секілді жасанды батырларына еліктеп өскен баланың қанынан қазақылықты қайдан табасың? «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» — дейді Елбасы өзінің мақаласында. Жөн сілтенді, жол көрсетілді. Президентіміздің салмақты пікірлері мен салиқалы ойларын абыроймен, тиянақтылықпен орындау – біздің елдігімізге үлкен сын.
Серік ҚАЛИЕВ,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану
музейінің директоры.