Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауының негізгі бөлігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналғаны белгілі. Президенттің бұған дейін қалың ел тарапынан қолдауға ие болып отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағыты да елде орын алып жатқан көптеген игі бастамаларға арқау болып келеді. Бастама шенеуніктер мен халықтың арасындағы алшақтықты біршама азайтып, мемлекеттік басқарудың барынша ашықтығын қамтамасыз етуде.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының Жолдауда айтылған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жалғасын табатынына көзіміз жетіп отыр.
Президенттің тапсырмасы бойынша елдің әкімшілік құрылымының ішінара өзгеруіне ықпал еткен Абай, Ұлытау облыстарын құру, сондай-ақ Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстарына бөлу жөнінде шаралар жүзеге асқан болса, ендігі кезекте жаңа облыстар мен әкімшілік орталықтардың экономикалық және әлеуметтік дамуына ерекше импульс беретін жаңа бастамалар қолға алынғалы отыр. Жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту және ұлттық табысты әділ бөлу сынды жаңа экономикалық бағдарларды ұсына келе, инвестициялық жобаларды іске қосуды, жаңа жұмыс орындарын құруды және инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беруі ел экономикасының тұрақтылығы мен кезеңдік дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз.
Сондай-ақ Президент Жолдауында салық режимдерін жеңілдетумен қатар, «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн деп көрсетті. «Пигуандық салық» деп аталатын үрдіс шет елдерде кеңінен қолданылып, оң нәтижесін беріп келе жатқаны белгілі. Аталған жүйе экономикалық шығындардың алдын алып, азаматтарға «шектен тыс демонстрациялық тұтынушылықты» азайтуға ықпал етуді көздейді.
Елімізде құқық саласы зардап шегіп келе жатқаны жасырын емес. Бұл тарапта Президент Жолдауы Әділетті Қазақстанды құруға негізделіп, жаңа саяси практика, жаңа саяси дәстүр – «жариялылық» принципіне ерекше назар аударылғанын көріп отырмыз. Қоғам барлық мәселеде ашықтық, әділдік пен заңдылықтың болғанын қалайды. Бұл биліктің халықпен санасатынының тағы бір көрсеткіші деп білемін.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел болашағына арналған стратегиялық инвестициялар жасауды ұсынды. Ұлт саулығы мен ұлт сапасын жақсарту мақсатында жүзеге асқалы отырған жобалар да болашағынан үлкен үміт күттіреді. Денсаулық саласында мамандардың кәсібилігіне аса назар аударылып, алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін гранттар санының өсуі, заманға сай жаңа орталықтардың ашылуы, телемедицина бағытымен шалғайдағы халыққа қызмет көрсетілуі ұлт денсаулығының сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жақсаруына септігін тигізбек.
Балалар жылына орай қабылданып отырған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бала тәрбиелеп отырған әр отбасы үшін қуанышты жаңалық болды. Әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы ата-ана үшін маңызды. Қазірден қолға алына бастаған жаңа құрылыс стандарттары бойынша мектептер салу, еңбек нарығына сай кадрлар даярлау, инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден оқытушылар тарту жұмыстары аталған пилоттық жобаны жүйелі іске асыру арқылы халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Жолдауда қабылданған әрбір шешім мемлекет болашағы үшін маңызы зор деп білемін. Өз кезегінде Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық саясатты жақсартуға бағытталған реформасы жүзеге асуы үшін бәріміз бір кісідей атсалысуымыз керек.
Болатхан АЙТМҰХАМЕТОВ,
Қарасай аудандық Мәдениет үйінің директоры.
Ел болашағы жолында байыпты бастамалардың маңызы зор
Главная » Новости » Елбасы Жолдауына - қолдау » Ел болашағы жолында байыпты бастамалардың маңызы зор