«Қазақтың қайсар қызы» дегенде көбінесе тарих беттерінен бізге мәлім болғандай, өр рухты, жігер жалыны сөнбеген, батыл жүректі аяулы арулар ойымызға еріксіз оралады. Расымен, ол солай. Дегенмен бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамда елдің жоғын жоқтап, айтылған сөзін аманат ретінде қабылдап, жауапкершілік жүгін арқалап, ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп жүрген нәзік жандар аз емес. Біз сөз еткелі отырған Сәуле Мешітбайқызы, міне, сондай ардақты аналардың бірі.
Оның өмір өткелдері өнегеге толы. Білімі мен біліктілігі біте қайнасып, бойындағы батылдығы талай іргелі істерге себепші болып келеді. Қолындағы қаламын қару етіп, журналистика жолындағы жұмысын жемісті жалғастыруда. Оның айқын дәлелі – өзі тұрып жатқан Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылындағы келелі мәселелердің оңды шешілуіне ықпал етуі.
Сәуле Мешітбайқызы – сексеннің сеңгіріне сергек қадам басқан ардақты жанның бірі. Әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп, әулетінің қазынасына, ақылшы данасына айналған. Осы ретте қазанның алғашқы күні аталып өтілетін Қарттар күнінде аяулы анамыз жайлы азды-кем сөз қозғасақ, артық етпес.
Сәуле анамыздың өмір жолы өнегені ұқтыратын тұтастай кемеңгер кезеңге толы деуге болады. Ол 1946 жылы 20 қыркүйекте Жамбыл облысының Көктерек ауданына қарасты Бірлік ауылында дүниеге келген. 1963 жылы Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген соң, осында аға пионер жетекшісі болып алғаш еңбек жолын бастады. Одан кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында жоғары білім алды. Оқу ордасын тәмамдаған соң, туған еліне оралып, ұстаздық қызметіне кірісті. Атап айтқанда, Меркі ауданындағы Тәтті совхозында М.Мәметова атындағы мектепте, кейін Шу ауданындағы Абай атындағы совхоз мектебінде, А.Жұбанов атындағы мектепте мұғалім атанды. Сәуле Мешітбайқызының әр мектептегі педагог ретінде тәжірибесі жауапты жұмысты атқаруға себеп болды. Ол кейінгі жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Жалпы алғанда Сәуле анамыздың ұстаздық жолындағы 30 жылдық еңбек өтілі талай оқушының озат болуына, білім бағытында биіктен көрінуіне жол сілтеді.
Сәуле Мешітбайқызының тағы бір ел сүйсінер елеулі еңбегінің бірі – ана тілге жанашырлық танытып, оның абыройын арттыру жолындағы белесі. 2000 жылы «Қазақтелеком» АҚ-на жұмысқа орналасып, бұл мекемеде жауапты жұмыстарды атқарды. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға күш салып, жетекші маманнан бас менеджерге дейінгі қызмет жолынан өтті. Осы аралықта Сәуле әпкеміз қазақ тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты түрлі жобалар мен байқаулар ұйымдастырып, телекоммуникация саласына мыңға жуық терминнің енуіне көп еңбек сіңірді.
Ал журналистика саласындағы табандылығын айтар болсақ, бұл бағытта Сәуле Мешітбайқызының ауыз толтырып айтар жүйелі жұмыстары жетіп артылады. Оның ақпарат алаңындағы істерлігі халықаралық «Қазақстан-ZAMAN», яғни бүгінде «Qazaqstan dauiri» деп аталатын мерзімді басылыммен біте қайнасқан. Мәселен, соңғы 17 жылда оның қаламынан түрлі тақырыпта жүздеген мақала жарық көрді. Олардың басым көпшілігі – ұлттық құндылыққа, жер мәселесіне, елді алаңдатқан өзекті мәселелерге негізделген маңызды материалдар. Соның ішінде ауданымызға қарасты Кемертоған ауылына қатысты жайттарды да айтуға болады. Осы ретте редакциямызға арнайы түрде аталған елді мекеннің 17-квартал тұрғындарының жазбасын ұсынуды жөн көріп отырмыз:
Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!
Өзіңіз білетіндей, Кемертоған ауылының 17-кварталы тұрғындары үшін ауызсу мен электр жарығы мәселесі талай жылдан шешімін күткен күрделі түйіндердің бірі болды. Әсіресе, халықтың күнделікті тұрмысына аса қажетті осы екі мәселе бойынша екі жылға уақыт бойы сергелдеңге түскен халықтың мұң мұқтажын соңына дейін жеткізуге Сіз үлкен қолдау көрсеттіңіз. Ауыл тұрғындарының өтінішін жай ғана тыңдап қана қоймай, мәселеге мән беріп, тиісті органдар мен министрлік деңгейіне дейін көтеруге ықпал еттіңіз. Бұл мәселе «Qazaqstan dauiri» газетінің бетінде бірнеше рет жарияланып, ауыл халқының үні естілді. Халықтың талабын, жан-айқайын басшыларға, депутаттарға дейін жеткізіп, министрлермен кездесіп, республика көлемінде назар аударуға себепкер болдыңыз. Соның нәтижесінде 2024 жылы қолға алынған «Су жобасының» жүзеге асуына да Сіздің халықпен бірге атқарған еңбегіңіздің өзіндік үлесі бар. Ал бүгін сол еңбектің нақты нәтижесін көріп отырмыз. 2026 жылы Кемертоған ауылында су құбырларын көшелерімізге заңды түрде жүргізу жұмыстары басталып, тұрғындардың көптен күткен арман-тілегі орындалып келеді.
Әрине, бұл бір күнде келген нәтиже емес. Ол – талапты жоғарыға жеткізе білген белсенділер мен «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалидың екі жылдай ауылымыздың мәселелерін газет бетінде жариялауының жемісі.
Осы қуанышты сәтте Кемертоған ауылының тұрғындары, оның ішінде квартал тұрғындарының атынан Сауле апамызға шексіз алғысымызды білдіреміз. Бұқара мен билік арасына алтын көпір болып, Алматы іргесіндегі елеусіз қалған ауылдардың мәселесін республикалық деңгейге көтергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз!
Құрметті Сәуле Мешітбайқызы! Мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын! Сізге берік денсаулық, уыстан таймас бақ-береке, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық тілейміз! Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыздың, немере-шеберелеріңіздің қызығын көре беріңіз!
Ізгі тілекпен: Іргелі ауылдық округі, Кемертоған ауылындағы 17-кварталдың және көршілес ауылдың тұрғындары.
Жоғарыда атап өткен елдің алғысы – Сәуле Мешітбайқызының халықтың ортасынан табылып, мәселеге мән беру жолындағы елеулі еңбектерінің бірі. Ал мұндай жанашырлық жолындағы оның іргелі істері жетерлік. Ол – 2017 жылдан бері «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының Президенті. Сонымен қатар «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Осы басылымдарға жетекшілік етіп, ақпарат айдынында елдік мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне бір кісідей үлес қосуда. Соның арқасында жұртшылықтың ризашылығына бөленумен қатар еңбегінің нағыз бағасын да алып келеді.
Мәселен, осы уақытқа дейін бірқатар министрліктің марапатын алды. 1988 жылы «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі» атанды. Елге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағына, «Құрмет» орденіне ие болды.
Сәуле Мешітбайқзының осындай мәртебесін арттыратын марапаттары көбейе берсін. Аналық ақылымен елге сыйлы болып, халықтың алғысын арқалап, мәнді, мағыналы ғұмыр кешуіне тілектеспіз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

