Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға берді.
Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.
Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында 1940 жылдың 6 шілдесінде дүниеге келген. Бұл өңірде жергілікті қазақтардан басқа қырғыздар,татарлар, түріктер, өзбектер, ұйғырлар, дүнгендер тұратын. ХХ ғасырдың басынан орыстар, украиндар, мордвиндер тұра бастаған, ал 1930-шы жылдардан бастап Қазақстанға жер аударылып жіберілген халықтардың, кейінірек КСРО-ның көптеген өзге де ұлттарының өкілдері қоныстана бастаған.
Нұрсұлтанның әкесі – Әбіш Назарбаев Ұлы жүздің Шапырашты руының Көшек тармағынан шыққан, аймақтық старшинасы әрі қоғамдық биі Назарбай Сапақбайұлының баласы. Әбіш атамыз көптеген басқа құрбы-құрдастарынан бір өзгешелігі – өзінің еңбексүйгіштігі мен білімге деген ынта-жігерінің арқасында орыс тілінен басқа тілдерді де үйреніп қана қоймай, жер жыртуды, диірменді басқаруды, етік тігуді, бағбандық пен сауданың әліппесін ұғынады. Мұның өзі оның ортасы үшін мейлінше сирек кездесетін жәйт. 1930-шы жылдардың ортасынан бастап, «Үшқоңыр» кеңшарын ұйымдастыруға белсене атсалысқан, ол таратылғаннан кейін 1939 жылы Д.Фурманов атындағы ұжымшарға кіріп, алғашында сондағы егіншілер бригадасын басқарады.
Қаз ССР Алматы облысының Қаскелең аудандық Еңбекшілер Кеңесі депутаттығына кандидаттарды тіркеу хаттамасы архив қоймасында сақталған. Назарбаев Әбіш атамыздың 1955 жылдың 4-ақпанында №14 хаттама негізінде «Колхозный» аймақтық сайлау комиссиясының мүшесі болғанын Алматы облысының мемлекеттік архив сақтауындағы құжат деректерінен көреміз.
1934 жылы Әбіш атамыз Дулат руынан тараған Жатқанбай молданың қызы Әлжан анамызбен отау құрады. Некелескеннен кейін біраз жыл балалары болмайды, сондықтан көптен күткен мұрагердің дүниеге келуі шексіз қуаныш, Алланың берген сыйы еді. Назарбай ата қайтыс болғаннан кейін, нәрестеге ат қою Тәтебала әжесіне беріледі. Нәрестенің есімін Нұрсұлтан деп қояды,бұл Нұр (араб тіліндегі сәуле, жарық, жарқырау, тазалық; Құранда ән-Нұр-Алланың 99 есімінің бірі) және Сұлтан (араб тіліндегі жоғары билеуші, әмірші, билеп-төстеуші, үстемдік етуші, мейірбан, ақсүйек, таңдаулы, ең жақсы) сөздерінің үйлесімі еді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1948 жылы Шамалған селосындағы Д.Фурманов атындағы қазақ-орыс орта мектебінің бірінші сыныбына барды. Ол өте ұқыпты, зерек, алғыр, ойға сақтау қабілеті де мықты, әжесінің ықпалымен шығармашылық қабілеті де біршама ерте танылған. Үздік оқу үлгерімі мен белсенді қоғамдық жұмысы үшін Назарбаев алғашқылардың бірі болып, БЛКЖО қатарына қабылданған болатын. Белсенді азаматтық ұстанымы, ой-өрісінің кеңдігі мен кіршіксіз моральдық бейнесі Назарбаевты даусыз көшбасшыға айналдырды.
1958 жылдың жазында Киев азаматтық авиация институтына түсуге емтихан тапсырады. Қазақ азаматтық авиация басқармасында конкурстық іріктеуден табысты өтіп, бірақ, ол күтпеген жағдай болып, ру ақсақалдары да шақырылған отбасылық кеңесте оның бұл бастамасын құптамай, алыс жерге аттануына қарсылық танытады. Жасы үлкендерді сыйлап өскен, ересектерге қарсы келіп үйренбеген әрі әке-шешесін ренжітпеуді ойлаған Нұрсұлтан бұл шешімге мойынсынады. Осы жылдың қыркүйегінде Теміртауға келеді. Нұрсұлтанның бұл таңдауы күтпеген жерден Назарбаевтар әулетіндегі ұрпақтар сабақтастығы мен тағдырдың өзіндік бір қайталануы болып шықты: ата-анасы ХХ ғасырдың алып көлік жобасы – Түріксібті салуға қатысса, олардың ұлы енді заманның ырқымен Қазақстан қара металлургиясы көшбасшысының бастауында тұрмақ.
1958 жылдың қараша айында Назарбаев бір топ қазақ жігіттерімен бірге Украин КСР-нің Днепродзержинск қаласына оқуға жіберіледі. Назарбаевтың көшбасшылық қасиеттері училищеде оқу кезінде бірнеше оқиғаның барысында орын алған. Бұл туралы өз қолымен жазылған автобиографиясынан көруге болады.
Көпұлтты Қазақстан халқы күрделі уақытта, 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен республика Президентін алғашқы бүкілхалықтық сайлауы болып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Мемлекет басшысы етіп сайлап, егемен Қазақстанның өркендеуі үшін оған барлық жауапкершілікті артты және өз тағдырын сеніп тапсырды.
13 желтоқсанда Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласына жедел жиналған Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары өзіндік қарсы салмақ ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру мүмкіндігін қарастырады. Тек өз әріптестерін Достастыққа кіруге көндірген Қазақстан басшысының беделінің арқасында ғана оқиғалардың дамуы бұл текетірес сценарийі бойынша өрбімей қалды. Нұрсұлтан Назарбаев осылайша өз республикасына көптен күткен тәуелсіздікті алып берді және туған елі – Қазақстанның көпғасырлық тарихының жаңа кезеңін ашып, дәуірлік миссиясын орындап шықты.
Дамудың бұдан былайғы бағдарын және оған қол жеткізудің жолдарын айқындау мақсатында, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы алғашқы іргелі еңбектері болып шыққан «Қазақстан -2030» стратегиясы», «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» және «Қоғамның идеялық топтасуы — Қазақстанның іргеленуінің шарты» деп аталатын екі тұғырнамалық құжатты әзірледі. Стратегияның негізгі мазмұны:
— ұлттық қауіпсіздік,
— ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы,
— шетел инвестицияларының деңгейі жоғары, дамыған нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу,
— Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты,
— энергетика ресурстары,
— инфрақұрылым,
— көлік және байланыс,
— кәсіпқой мемлекет.
Елбасымыздың өмірінің де, тұтас ұлт өмірінің де жеке әрі айрықша парағы ең маңызды істерінің бірі болып қалған астананы ауыстыру жөніндегі дәуірлік шешімімен байланысты. Жылдар өтіп, Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға ауыстырылуы тәуелсіз Қазақстанның ең табысты ұлттық жобасы, ал оның қалыптасуы мен дамуының тарихы әлемдік жылнамаға алтын әріптермен ойып та жазылды. Бұл идеяны 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің мінберінен ресми түрде жария етті.
Елбасымыздың көрегенділігі мен қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан өз тәуелсіздігі жылдарында, үлкен сынақтардан өтіп, аяғына нық тұрды және болашаққа сеніммен қарады. Ұлттың өз көшбасшысымен жүріп өткен жолы шешілмейтін міндеттер мен қол жеткізбес мақсаттардың жоқ екендігін бар болмысымен көрсетті.Тек мақсатты айқын көру мен жеңіске деген күш-жігер бар болсын.
Нағыз көшбасшының даралығы неде? Тек көкжиекті ғана емес, оның арғы жағында не бар екенін де көре білуінде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкенді-кішілі қадамдарының барлығы да осыған негізделген.
Елбасымыздың 80 жас торқалы мерейтойы құтты болсын!
М. УАЛИЕВА,
архивші.