Тәулік сайын елдегі індеттің таралуы әртүрлі көрсеткішке ие болуда. Жұқтыру саны бойынша бір күндері артқанын байқасақ, басқа күні мүлдем төменгі статистиканы көреміз. Алайда, асқынған дерттің салдарынан қаза болып жатқандар да жоқ емес.
Инфекцияның жұқтыру қаупін сезінген жандар вакцинаға да сенім білдіруде. Тіпті, соңғы кездері екпе алған қазақстандықтардың да саны артып келеді. 26 мамырдағы ресми дерекке сүйенсек, республика көлемінде 2 млн-нан астам тұрғын вакцина алған.
Ерікті түрде екпе жүргізіп жатқан науқанда халыққа қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген вакциналарды таңдау жағы да қарастырылған. Қазіргі таңда елімізде үш екпенің түрі қолжетімді. Олар: Ресей өнімі – Спутник V, отандық QazVac және Қытай және Біріккен Араб Әмірліктері жасап шығарған Hayat-Vax. Бұлардың атауы басқа болғанымен, атқаратын қызметі – COVID-19 дертіне төтеп беру. Ал, біз бұл екпелер жайлы не білеміз? Ендеше, БАҚ беттерінде жарияланған медицина мамандарының пікірін зерделей келе, үш вакцинаның айырмашылықтарына тоқталып өтсек дейміз.
Біз атап өткен екпелердің негізгі ерекшелігі өндіру технологияларының әртүрлі болуында. Мәселен, Ресей елінің өнімі болып табылатын Спутник V вакцинасы жаңа заманға сай технологиялармен әзірленіп, биотехнологиялық зерттеулер мен әдістер нәтижесінде өндірілді. Ал, отандық және Қытай мен БАӘ-нен келген вакцинаның технологиялары ұқсас. Екеуі инактивті екпе түрі болып саналады. Қазақстандық вакцинаны сақтау мерзімі 6 ай болса, Hayat-Vax екпесі 12 айға дейін (+20С мен +80С температура аралықта) тұру керек. Ал, ресейлік Cпутник V екі ай көлемінде мұздатылған күйде сақталуы тиіс. Оны ерітіп, қайта суытуға болмайды. Үшеуінің профилактикалық шаралары мен дозировкасы бірдей. Бірақ, үшеуін де екі қабат, бала емізетін әйелдерге, 18 жасқа толмаған балаларға егуге тыйым салынады.
Барлық вакциналар екі компонетті. Айырмашылығы тек олардың салыну интервалында. Бастапқыда Спутник V-дің 2-ші компоненті 21 күннен кейін салынатын, қосымша зерттеуден соң интервалды 21-ден 45, 90 күнге дейін ұзарту ұсынылды. Ол вакцинаның сапасына еш әсер етпейді. Hayat-Vax вакцинасының интервалы 2-4 аптаны құрайды. Яғни, екінші компонетті 14 немесе 21 күннен кейін қабылдауға болады. Ал, отандық екпе 21 күннен кейін егіледі.
Айта кетейік, бірінші қай вакцинаның компонентін алсаңыз, екінші рет міндетті түрде дәл сол екпенің екінші компонентін салдыру керек.
Дидар МУХАМАДИЕВ.