Қоғамдық көліктер жұмысында жанармай өнімдерінің маңыздылығы жоғары болғандықтан, біз еліміздегі бензин мен дизель отының өндіру саласына үлкен назар аударып отырамыз. Әрине соңғы өзгерістерге байланысты бағаның қымбаттайтыны біз үшін қуантарлық жаңалық деп айта алмаймыз. Бірақ бұл ең бірінші кезекте елімізде пайда болуы мүмкін дефицит мәселесін шешуге бағытталғандығын түсінеміз.
Нақтырақ айтқанда, Қазақстанда бензин мен дизель отынын өндіру көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Мәселен өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда биыл тұтыну көлемі 15%-ға артқан. Бұл әрине еліміздегі жанар-жағармайды өндіру жағы дамып келеді дегенді білдіреді, алайда бізде өндіріліп жатқан өнімнің бағасы көрші елдермен салыстырғанда төмен болғандықтан алдағы уақытта дефицитке алып келу мүмкін. Яғни, бұл арзан отынмен біз тек өзге елдердің экономикасын субсидияландырып, өз елімізге еш пайда алып келмейміз деген сөз.
Сондықтан ішкі нарығымыздағы жағдайды тұрақтандыру үшін бензин мен дизель отынының бағасын өсіріп, көрші мемлекеттермен баға айырмашылығын төмендету қажет. Бұл алдағы уақытта туындайтын көптеген мәселенін шешімі деп ойлаймын. Себебі мәселені қазірден бастап қолға алмасақ, бұл алдағы уақытта еліміздің экономикасына да, энергетикалық саласына да кері әсер тигізетін болады.
Дәулет Жандыбаев,
«Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің директоры.