Әлеуметтік қызметкерге артылар жүк ауыр. Олар – өзінің емес, өзгенің игілігі үшін тер төгіп жүрген жандар. Сондықтан еңбектері ерен. Қазанның соңғы жексенбісі Қазақстанда әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Төл мерекеге орай әлеуметтік салада 42 жыл қызмет атқарған Айсұлу Алмерекова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Бұл – оның жылдар бойы атқарып келе жатқан адал еңбегінің жемісі. Осы аптаның дүйсенбісі күні аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева марапатты салтанатты түрде табыс етті. Айсұлу Жүнісқызы еңбек жолын Қарасай ауданының әлеуметтік қамсыздандыру басқармасында 1968 жылдың мамыр айынан бастап зейнетақы бөлімінің инспекторы ретінде бастады. 1992 жылдың ақпан айынан бөлім басшысының орынбасары болып тағайындалды. Осылайша 2006 жылдың сәуір айына дейін осы лауазымда жұмыс істеп, құрметті демалысқа шықты. Одан кейін төрт жыл бойы зейнетақы және жәрдемақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықта жұмыс істеді. Бүкіл жұмыс кезеңінде ол осы жүйеде және қазіргі уақытта жұмыс істейтін кәсіби мамандарды дайындауға, ауданның әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосты. Өзінің көп жылғы адал еңбегі, жоғары іскерлік және адами қасиеттері үшін әріптестер арасында құрметке ие болды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 38 жыл жұмыс атқарып, оның ішінде 14 жыл бөлім басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы біліктілік курсынан, сондай-ақ, Ленинград қаласында РСФСР МӘҰ курсынан өтіп, облыс және аудан деңгейінде Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қарасай ауданының Құрметті азаматы. Үш ұл тәрбиелеп өсірген, қазіргі уақытта 6 немересі бар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.