Оразбай Бекбатырұлы туралы сыр
Рас, әркімге туған жері ыстық. Өсіп-өркенін жайған мекені қымбат. Көзін ашқанынан көрген топырағы қастерлі. Сол бір жаның мен жүрегіңде, көзіңнің қарашығында ғана тұратын ыстық ұяңды тұғыр етіп, бүкіл саналы ғұмырыңды соның жылы құшағында өткізіп, қолыңнан келсе, сол үшін перзенттік борышыңды өтей жүргеннің өзі неге тұрады десеңізші?! Туған жеріңді саялау – бір бақыт! Ыстық мекеніңді аялау – перзенттік үлкен борыш! Мынау бір қонақ жарық дүниеде бөлінбес бөлшегіне айналып, сәл ғана сыртқа шықсаң жылы құшағына сағынып қана жетер топырағыңның мерейін көтеру, мәртебесін арттыру дегеннің өзі перзенті үшін үлкен жақсылық!
Біз сөз еткелі отырған Оразбай Бекбатырұлының әдемі таулардың етегіне ғана орналасқан Шырғанақтай ауылы десе, шығарда жаны бөлек. Айналасын мөлдір сулы өзендер, ну тоғайлар, өсімдік әлемі қоршаған ауылының әрбір таңын қарсы алған сайын жаны жадырайды. Жұлдызды түнін, керім кешін көрген сайын көңілі албырай түседі. Жаңа туған айынан ел-жұртының амандығын, заманның тыныштығын тілейді. Балалық бал дәурен шағы өріліп, жігерлі жастығы тізбектеле өткен мекенінен бойына жинағаны, ойына түйгені жетерлік. Туған жерінің ойы мен бойына дарытқан жақсылығы болар, асқақ арман, ізгі мақсатының жолында жүргенінде де ауылынан алыс кете алмады. Өмірлік мұраты, асыл арманы, ізгі ойы, игі тілегі, бәрі-бәрі дәл осынау жердің жаннаты іспетті көркем мекеніне тартты да тұрды. Бүгінде пайғамбардың жасына келген, өмірге келген әрбір жан үшін аса қымбат зейнеткерлік жасына жеткен Оразбайдай азамат әлі де сол Шырғанақ ауылының арайлы таңдарымен ажарланып, көркем кештерімен көңілін жайландырып жүріп жатыр. Қыста қалың қарын бүркене жауып тып-тыныш жататын, көктем, жазында өзінің ақ жаңбырларымен көгеріп, көктеп, жадырап, жайнап сала беретін Шырғанақ өңірі шын мәнінде бақ қонып, қыдыр дарыған құтты қоныс. Төрт түлік малдың да таптырмас мекені. Құнарлы, қастерлі топырағына еккен бір тал дәнің екі тал, он тал болып, «Балапанды күзде санар» маусымда қамбаны дәнге толтырып жатады.
Оразбайдың өмір жолы өнегесіне ғана толы. Осы бір қастерлі, киелі мекендегі І. Жұмағұлов атындағы орта мектепті үздік бітірген түлектерінің бірі. Бала кезінен спортты жақсы көрген, еркін күреспен айналысып спорт шеберлігіне үміткер атанған ауылдың қара домалағы. Азаматтық борышын абыройлы атқарып, аға сержант дәрежесімен рота командирінің орынбасары болған жігерлі жігіт. Алматы қаласындағы медициналық институтта білім алып, туған жеріне барлық жағынан қалыптасқан жоғары білімді тіс дәрігері болып оралған азамат. Сол бір асқақ арманының құшағында Алматы қаласында жүрген кезінде елім-жерім, ұлтым, қазағым деп өр намысын ту етіп, қатарластарынан қалмай Желтоқсан көтерілісіне қатысқан кешегі студент, бүгінгі Желтоқсан ардагері. Сөз орайында айта кетейік, Оразбайдың аталған көтерілістің бел ортасында жүрген кезі Сағат Әшімбаевтың нұсқауымен түсіріліп алған аса құнды бейне кадрларының біріне түсіп қалған. Басына түлкі тұмағын киген Оразбай ап-анық көрініп тұр. Қазір біреу тиісті құжатын көрсетуді сұрап жатса, сол бір ызғарлы желтоқсан күндерінде түсіріліп алған кадрдағы суретін алдына қоя салады. Одан артық қандай құжат керек?! Біздің кейіпкеріміз ауылда тұрған соң мемлекеттік бағдарлама бойынша асыл тұқымды мал өсірумен де айналасқан, аудандағы көш бастар «СПК Шырғанақ» өндірістік кооперативінің негізін қалаған айтулы фермер, еңбекқор жан. Ең бастысы, жүрегі қалаған мамандығымен ел алғысын арқалап жүрген, Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанған білікті тіс дәрігері. Осының бәрі туған өлкесінің шапағаты, сол бір көзінің жанарына, жүрегінің түкпіріне мәңгілік қонақтап қалған көркем өңірінен бойына жиған-тергені, ақ бұлақтарындай адалдығы, еңбекқорлығы, тура мінезі, қайсарлығы, ақыл-парасатының жемісі.
1988 жылы туған ауылындағы өз тұсындағы Шырғанақ ауылдық 25 төсектік ауруханасына тіс дәрігері болып орналасып, алғашқы еңбек жолы өрілген екен. Содан бері 35 жыл болса, соның отыз жылын жүрек қалаған мамандығына арнады. Арасында бес жыл Шырғанақ ауылының әкімі болып сайланып, жемісті жұмыс істеді. Перзенттік борыш демекші, білімді, білікті, ұйымдастырушылық қабілет-қарымы жетерлік азамат бірсыпыра жылдар Шырғанақ ауылдық дәрігерлік емханасының, одан кейінгі дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі болып игілікті шаруаларына негіз қалады. Соның арқасында дәрігерлерге берілген шаруашылықтың бұрынғы ескі кеңсесі аурухананың меншігіне алынып, ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір дәрігерлер аталған ғимараттың игілігін көріп келеді. Перзенттік борыш демекші, осыдан біраз жыл бұрын Кеген аудандық орталық ауруханасын марқұм Бақыт Тілемісов басқарып тұраған кезде Шырғанақ ауылдық округіне қарасты Кіші Қарқара ауылынан фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты салынып, пайдалануға бепілді. Мұнда да сол тұста ауылдық округ әкімі болып қызмет атқарған Оразбайдың тиісті құжаттарын дайындатып, аудан мен облысқа шапқылап, тиянақтаған үлкен еңбегі жатыр. Әр күні шаруасына толы, ойын мазалаған істері, мақсат-мұраттары көп Оразбай Шырғанақ ауылының орталығындағы бұрынғы мешіт ғимаратын балалар спортпен, күреспен айналысатын шағын спорт кешеніне айналдыруға да негіз қалады. Осы спорт кешені арқылы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі арқылы бірнеше штат беріліп, жаттықтырушылар жұмысын істеуде. Көкпияз ауылындағы ескі клуб ғимаратын ретке келтіру үшін де бірсыпыра жұмыстар жүргізілді. Осының бәріне ауылдағы жерлестерін, азаматтарын, жастарын ортақ мақсаттағы іске жұмылдыра білуінің, бірлесе қаражат көзін табудың нәтижесінде жүзеге асырылып жатты. Осы кезде Шырғанақ ауылының 90 жылдығы лайықты аталып өтілді. Өңір тарихына негізделген жақсы кітап жарық көрді. Тоқсан жылдық мерейлі той аясында ауыл орталығынан ардагерлер аллеясы жасалынды. Ауылдың көркемөнерпаздар ұжымы аудандық байқауда бас жүлделі болды. Ал, заман талабына сай жұмыстар жүргізіп отырған іскер, еңбекқор, жаңашыл Оразбайдай ауыл әкімі жылдың қортындысымен «Үздік ауыл әкімі» аталымына ие болды. Осының бәрі өзіне де, өзгеге де орынды талап қоятын, тура мінезді, қайсар болмысты істің, еңбектің адамы Оразбайдың әр күнгі тынымсыз іс-әрекетін паш еттті. Өмірде ұстанған жолы мен жөнін, азаматтық көзқарасын, болмысын, кісілік келбетін айшықтады.
Бүгінде адал еңбегі, ақ жүзі, абыройымен зейнеткерлік қуанышына қол жеткізіп отырған Оразбай Бекбатырұлы өмірлік серігі, жан жары Мира Мұқалдиевамен бірге мынау жарық дүниеге әкелген ұрпағымен өсіп-өніп, көгеріп-көктеп, мәуелі бәйтерекке айналып барады. Мираның да мамандығы «дәрігер». Уақытқа орай түтін түтетіп отырған мекенінде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жайы бар. Олардың шаңырағынан қанаттанып, жоғары білім алған Русландай ұлдары кәсіпкерлікпен айналысады. Қуандықтай ұлдары ҚР ҰҚК-де қызмет атқарады. Қос бәйтеректің өмір жолын қуған ұрпағы бар. Марғұландай ұлдары тіс дәрігері. Маржандай қыздары С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітіріп, қазіргі уақытта Мәскеу қаласында резентураны оқып жатыр. Оразбай мен Мира Айнұр, Айдана, Томирис атты ақ келіндері өмірге әкелген Айзере, Томирис, Інжу, Еркежан, Хақназар, Әлия атты ай мен күнге ұқсайтын алтын немерелерін аялап, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайлары бар.
Еңбектің, істің адамы Оразбай Бекбатырұлының әр күні тығыз шаруаларына толы. Негізгі уақыты аудандық орталық ауруханаға қарасты емханадағы стоматология бөліміндегі сүйікті ісімен өтеді. Жұмыстан кейін асыл тұқымды іріқара өсіретін әрі егіншілікпен айналысатын өндірістік кооперативінің басы-қасынан табылады. Қарапайым тіс дәрігері қасиетті қара жермен еңбектенуді де жақсы меңгеріп алған. Төрт түлік мал үшін жүздеген гектарға көп жылдық шөп өсірілген. Қазіргі уақытта жақсы көтеріліп келеді. Қыстау, жайлауын тиімді пайдаланатын малдың да өсімі, жайы жақсы. Аудандағы бірден-бір өндірістік кооперативінің де заман талабына сай отын жағып, түтінін түтетіп, шаруасын жүргізіп жатқаны Оразбайдың табанды еңбегінің нәрлі нәтижесі. Оны бірде стоматология бөлімінен, енді бірде егіс басынан көресің. Үнемі қозғалыстағы, ізгі мақсаттағы оның жақсы күндері алда. Зейнеткерлік өмірінің де ұсынары толайым. Адал еңбегімен құралған бақ пен бақыттарының құшағындағы Оразбай мен Мира шөберелі, шөпшекті болып, солардың қолдарынан дәм татуды жаратқан нәсіп етсін!
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Шырғанақ ауылы,
Кеген ауданы.
Суретте: 1. Желтоқсан ардагері, тіс дәрігері, «СПК Шырғанақ» өндірістік кооперативінің басшысы Оразбай Бекбатырұлы. 2. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан студент Оразбайдың бейне таспаға түсіп қалған көрінісі.