Еліміздегі денсаулық сақтау саласында «Дoстaр Meд» клиникалық желісінің қызмет етіп келе жатқанына бірталай уақыт өтті. Сонан бері ол дәрігерлерінің біліктілігімен де, жаңаша жұмыс істей білуімен де көпшіліктің көңілінен шығу үстінде. Біздің Қарасай ауданындағы филиалының ашылғанына да он бес жылдай болған екен.
Бүгінде «Дoстaр Meд»-тің Қаскелең қаласындағы филиалы «Алат С» деп аталады. Мұнда адам ағзасында кездесетін түрлі сырқаттарды емдеу мен олардың алдын алу үшін барлық жағдай жасалған. Яғни, бұл медициналық мекеме де қарасайлықтар денсаулығының қырағы күзетінде тұр деп атап айта аламыз.
Клиника жекеменшік болғанымен, ақылы қызмет көрсетуімен қатар, мемлекеттік тапсырыспен де жүйелі жұмыс істейді. Бұл мұндағы өзіңіз қаралған учаскелік дәрігерлердің қойған диагноздары мен жолдамалары арқылы тегін емдеу іс-шараларын да атқарады деген сөз. Қазақстан Республикасындағы батыл қолға алынған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты оң бағыттағы жұмыстар да барынша жандана түсті.
Клиникада балаларға арналған екпе жасалады, жүкті әйелдер бақылауға алынып, әрдайым олардың денсаулығы қадағаланып отырылады, жаңа туған сәбилерге патронаждық қызмет көрсетіледі. Қажет болған жағдайда медицина қызметкерлері үйіңізге де барады. Ультрадыбыстық тексеру (УЗИ), рентген аппараттары, ЭКГ кабинеті, лаборатория бар. Осы жерде скринингтік тексеруден де өте аласыз. Қан қысымы, диабет сияқты сырқаттармен есепте тұратындар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Күндізгі стационар да жұмыс істейді. Қажет ете қалсаңыз, хирург, кардиолог, офтальмолог, дерматолог, невропатолог, уролог, психолог, оториноларинголог, травматологқа көрінулеріңізге болады.
Медициналық орталық барлық сырқат түрлері бойынша мамандармен қамтылған. Басқа жақтарда емделу үшін портал арқылы жолдама беру ісі де жолға қойылған.
Қазіргі кезде клиникада 11 мың 500 адам есепте тұрады. Олардың денсаулығын 20 дәрігер қарап, шынайы шипагерлік қызмет көрсетеді. Басқа да медбике, кіші медбике, тіркеуші, лаборант, анализ алушы, техникалық қызметкерлерді және тағы басқаларды қосқанда жалпы сексен үш адам жұмыс істейтін көрінеді.
Орталықтағы өз міндетіне үнемі үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті қызметкерлерді атағанда дәрігер-гинекологтар Ардақ Жұмаділқызы Искакованың, Татьяна Алексеевна Косареваның, Еркетай Сексенқызы Ахметованың, дәрігер-терапевтер Алиф-Фирангиз Исфандиевна Фахратованың, Сәуле Абдрахманқызы Тағабергенованың, Салтанат Ұзаққызы Идрисованың, дәрігер-эндокринолог Назгүл Жүнісбекованың есімін алдымен ауызға алуға болады. Сол сияқты аға медбике Аида Мұстапақызы Мұхамеджанова да жақсы жұмысымен көрініп жүр. Медбикелер Надира, Жадыра, Сандуғаш, кіші медбикелер Ирина, Замира, Гүлмира сияқты қыздар өз істеріне әрдайым тиянақты, тындырымды. Осы орайда менеджер Гүлнар Алиакпарқызы Жантулукованың да ортақ жұмысқа қосатын үлесі бар.
Клиниканы 2016 жылдан бері «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының иегері, бірнеше Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапатталған білікті дәрігер, медицина саласының шебер ұйымдастырушысы Фарида Закирқызы Өтегенова басқарады. Осы жерге арнайы шақыртылған аса тәжірибелі маман келісімен орталық жұмысы бұрынғыдан да ілгерілей түскен, емделушілердің ризашылығы артқан.
Қарағанды медицина институты емдеу факультетінің 1983 жылғы түлегі оқу орнын бітірісімен алдымен әлемге әйгілі ғарыш айлағы – Байқоңыр қаласындағы госпитальда үш жыл болып, кейін Қарағандыда істеген. Ал, 1997 жылдан бері Қарасай жерінде еңбек етеді. Алдымен Үшқоңыр ауылындағы ауруханада, одан соң аудандық ауруханада қызмет етіп, бірнеше жыл орталық емханаға жемісті жетекшілік еткен.
Тәжірибелі дәрігердің отбасында да береке-бірлік орныққан. Осының өзі де жұмысының оңға басуына әдемі әсер етіп жүр дер едік. Жолдасы Ерталап Өтегенов ішкі істер қызметінің ардагері, отставкадағы подполковник. Үлкен ұлы Руслан кардиохирург, Қарағандыда, келіні Людмила невропатолог. Қызы Мақпал ҚазМУ-дың заң факультетінде оқытушы болса, кіші ұлы Бағлан «Цеснабанктің» информатизациялау бөлімінің жетекшісі. Сонымен қатар, Ерекең екеуі бірнеше немеренің асыл әжесі, ардақты атасы.
– Денсаулық барлық адам үшін ең басты байлық қой, – дейді Фарида Закирқызы. – Осыған орай біз өз жұмысымызды алда да жақсартып, жетілдіре береміз, бүгінгі заманғы емдеу тәсілдерін игереміз. Тағы бір айтарым, жақында Алмалыбақ ауылында өз филиалымызды ашпақшымыз. Қазір оған дайындықты қызу жүргізудеміз. Аудан тұрғындарына емделу үшін біздің алдыңғы қатарлы медицина орталығының есігі әрдайым ашық.
«Мерекелеріңіз құтты болсын, әрқашан мерейлеріңіз өсе берсін!» дейміз біз сөз соңында.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.