(Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне 40 жыл бұрын оқуға бірге түскен группаластардың кездесуіне орай)
…Сонау 80-жылдардың басында Алматы облысы, Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің қазақ халық аспаптар бөлімінің студенті атанған кезіміз. Ол кезде оқу орнының директоры Ақкүміс Қожахметқызы Жайтуғанова еді. Атына заты сай, өте білімді де білікті басшы, қаталдау болғанымен жүрегі жұмсақ, қарапайым еді.. Топ жетекшіміз, бүгінде Қаскелен қаласының тұрғыны, ардагер ұстаз, бүкіл саналы ғұмырын еліміздің кейінгі толқын жастарын музыкаға, өнер әлемін игеруге арнаған Нұрғалиева Нұрхан Нұрғалиқызы еді.
Қыркүйек айында ауылшаруашылық жұмыстарында болып келгеннен соң қаланың шығысында орналасқан төрт қабатты жатақханадан орын алдық. Топта еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған отыз бала. Старостамыз – павлодарлық Сатиев Бейсен деген жасы бізден біраз үлкен азамат. Себебі, жан-жақтан жиылған 30 баланы басқару да оңайға соқпайтындықтан Бейсен ағамыз осы лауазымға лайықты еді. Бір бөлмеде мен, Бекен, Мәулен, Ерлан төртеуіміз жатамыз. Қалған группаластарымыз да осылай топтасып-топтасып орналасты. Қыздар сан жағынан басымырақ болды. Ал, Бейсен Алматыдан қатынап оқыды. Өте тату тұрдық. Бір үйдің баласындай сан түрлі қызықтарды бастан кешірдік. Ауылшаруашылығы жұмыстарында болсын, туған күндер болсын, тіпті, біреуіміздің туысқанымыз келіп қалса да барлығымыз жұмыла кірісіп, ас-суын көтеріп алып, концертін қойып риза қылып шығарып салушы едік.
Нұрхан апай бізді қатал ұстады. Бірақ, ана ғой, ар жағында бір мейірімділік жатушы еді. Өзі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын хор дирижерлеу мамандығы бойынша тәмамдаған керемет мықты музыкант-ұстаз еді. Бізге теория, сольфеджиодан, гармониядан сабақ берді. Консерваторияға апаратын, қазіргі Республика сарайында небір тамаша концерттердің куәсі болдық. Жаңадан құрылған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің алғашқы концертін тамашалау да біздің бақытымызға бұйырған еді. Нұрхан апайымыз біздің жақсылығымызды асырып, жаманымызды жасырып, қашанда біз үшін шыр-пыры шығып жүретін. Ал, сол кездегі староста Бейсен, күні бүгінге дейін сол староста деп айтсам артық айтпаған болармын. Интернет, әлеуметтік желінің арқасында қолында сол журналы, арада 40 жыл уақыт өтсе де барлық курстастармен хабарласып, табысып, туған күндерімен құттықтап, жай-күйлерін біліп тұрады. Әріптестері тарапынан «Би аға», «Мәңгілік староста» деген атқа да ие болып жатыр.
Училищені Ақкүміс Қожахметқызы басқарған жылдары оқу орны үлкен жетістіктерге жетіп, Қаскелен қаласының мәдени-рухани өркендеуіне аса қомақты үлес қосты. Ауданның барлық мәдени-бұқаралық шараларының басында училище ұстаздары мен студенттері тұрушы еді. Ұлт аспаптары оркестрін, хор капелласын, драмалық қойылымдарды, жеке орындаушыларды Алматы, Қаскелен қалаларының тұрғындары мен студенттері асыға күтіп отыратын. Ақкүміс апайымыздың тағы бір атап өтетін жағы – адамгершілігі мен көрегендігі. Біз тұратын жатақхананың жанында орналасқан асханамен келісім-шартқа отырып, студенттердің үш уақыт ыстық аспен қамтылуына қол жеткізді. Стипендиямыздың белгілі бір бөлігін өткізе отырып, бір ай бойы қарнымыз тоқ болып жүретін еді. Ол кезде біз жас болдық, көп нәрсенің парқына бармадық. Қазір ойлап отырсақ, біздерді өз баласындай көрген екен ғой. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…» дейді ғой атам қазақ, рахмет Ақкүміс Қожахметқызы, Сізге Алланың нұры жаусын, жүзге жетіңіз!
Тағы бір қосарым, келер жылы Ақкүміс Қожахметқызы 80 жасқа толады екен. Осы мерейтойлық дата қарсаңында Қарасай ауданының руханиятына 26 жыл бойы көп сіңірген еңбегін ескере отырып, колледж әкімшілігі мен ауданның ардагерлер кеңесі атынан «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағына ұсынылып жатса, училище түлектерінің көкейінде жүрген армандарының орындалғаны деп түсінер едік.
Училищенің ұстаздар қауымының кәсіби деңгейлері де аса жоғары еді. Жайтуғанова Ақкүміс Қожахметқызы, Нұрғалиева Нұрхан Нұрғалиқызы, Кенжетаева Сәуле Бегалиқызы, (Ханжаров Михаил Борисович), (Тоқмолдаева Гүлдәрия Сағидоллақызы), Готман Оскар Яковлевич, (Қуатбаев Күнсайын), (Исағұлов Сембек Қалижанұлы), Жолшиев Нұрдәулет, (Түлкиев Жұмабай Бахатайұлы), (Нажмеденов Жұмагелді), (Саниязқызы Клара), Краснобаева Нина Терентьевна, Косых Валентина Антоновна, Мырзағұлова Майра, Сәрсембина Мария, Қасайынова Роза Жұмағалиқызы, (Оразбай ағай), (Антонов…) т.б…Бұл ұстаздар өз істерінің нағыз мамандары болды. (Жақшаның ішіндегілер дүниеден өткен марқұмдар. Жатқан жерлері жайлы, топырақтары мамық, жандары жәннаттың төрінен орын алсын)
Мен кейіннен Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын тәмамдадым. Қазақтың қара домбырасының арқасында Куба, Румыния мемлекеттерінде, Молдовада, екі рет Москва қаласында, Ташкентте өнер көрсету бақыты бұйырды. Мәдениет саласындағы алғашқы төсбелгіні де осы Москва қаласында алдым.. Басқа әріптестерім де кейіннен жоғары оқу орындарын тәмамдап, өмірден өз орындарын тапты. Барлықтары үйлі-баранды, балалы-шағалы. Қыздарымыздың алды көп балалы ана атанып, немере сүйіп отыр. Өз арамызда баяғы староста Бейсен группаласымыз, нағыз қазақ қызына тән ақылына көркі жарасқан Күлсімхан есімді арумен бас қосса, Бекен тағы да бір группаласымыз, тобымыздың еркесі, тамаша әнші Гүлжамалмен өмірлік жұп құрды. Топтың тағы бір аруы Меруертті қарасаздық Келгенбай бауырымыз іліп әкетті…
Қаншама жыл өтсе де, еліміздің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған әріптестеріміз бүгінгі күні самайларын қырау шалып, ұрпақ өсіріп, зейнет жасына жетіп жатса, кейінгілері мемлекетіміздің рухани дамуына өз үлестерін қосуда. Бірақ, қандай дәрежеге жетсек те алғаш білім алған қарашаңырағымызды, бізге сабақ берген ұстаздарымызды әсте ұмытқан емеспіз. Қазіргі оқу ордасының ұжымына береке-бірлік пен шығармашылығына шалқар шабыт тілейміз!
Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің қазақ халық аспаптар бөлімі түлектері атынан
Шакерхан ТОЙБАЕВ.
ШҚО, Күршім аудандық балалар музыка мектебінің директоры, ҚР Президентінің және ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Алғыс хатттарының», «Кәсіби саладағы ерен еңбегі үшін», «Білім және мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері.