Қазақ қашанда қара домбыраны қадір тұтып, төрге іліп, қастерлеген. Міне, осындай құнды дүниемізді жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде белгіленген болатын. Бұл киелі аспаптың дәрежесін одан әрі асқақтата түскендей.
Музыка тілі барша әлемге ортақ. Қазақ жеріне табан тіреген кез-келген өзге ұлт өкілінің назары бірінші домбыраға ауатыны анық. Сондай қызығушылығы ерте жасында оянған Никита қазірде қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайды. Ол, тіпті, осы өнерімен талай додаларда жүлделі орындарды қанжығасына байлап үлгерген.
Никита Дяченко 2002 жылы Әйтей ауылында дүниеге келген. Анасы Наталья мен әкесі Владимир Ресей мемлекетінен көшіп келген, әрі орыс ұлтының өкілі болғандықтан, қазақ тілін жетік біле бермейтін. Дегенмен қазақ жеріне қоныс тепкен отбасы біртіндеп сіңісе бастайды. Ал, Никитаның тілі өз ана тілінде шыққанымен жергілікті жердің тұрғындардың басым бөлігі қазақтар еді. Осылайша ол қазақша сөйлемесе де, түсініп, айта алмаса да ұғынып өзіне керегін ымдап келтіретін еді. Бір күні Никита анасымен көлікте кетіп бара жатып, радиода домбыраның қоңыр үнімен ойналып жатқан күйді естиді. Ол бірден өзіне дәл осы аспапты алып беруді сұрағанда, ата-анасы дәл қазір оны сатып алуға мүмкіндіктері болмай тұрғандықтарын түсіндіріп, кейінге шегереді. Дегенмен, бұл оның сол аспапты үйренсем, қолымда ұстап ойнасам деген ниетіне кедергі болған жоқ. Ол кезде Никита алты жаста еді. Бір күні достарымен ойнап жүргенде жуандау келген ағаштың бұтағын тауып алып, әкесіне домбыра жасап беруді өтінеді. Әкесі ұқсастау етіп екі ішекті орап берген соң, дыңғырлатып ойнап жүреді. Ауылдарындағы Қосынов мектебінде орыс сыныбы болмағандықтан қазақтармен қатарласа оқиды. Ал, анасы Никитаны оқуына ынталандыру мақсатында әр сабақтан 5 алған сайын 50 теңгеден беріп, сол жинақталған ақшаға домбыра аламыз деп айтып қояды. Сол күннен бастап жақсы оқып, екінші сыныпты үздік аяқтаған соң, ата-анасы баласының сүйікті аспабын сыйлайды. Осылайша, домбыра үйренсем деген арманы сабақты жақсы оқуына, қазақ тілін жетік меңгеруіне сеп болады. Сөйтіп, үшінші сыныптан соң аудандық өнер мектебінде домбырадан дәріс ала бастайды. Сол жерде ұстаздары Нұрхан Нұрғалиқызы музыкалық теорияны оқытса, Раушан Байтекова домбыра шертудің қыр-сырын үйретеді. Қазіргі таңда, Никита Махамбет, Тілендиев, Құрманғазы және тағы басқа авторлардың туындыларын қосқанда 40-қа жуық күй біледі екен. Тіпті, өзі «Арман», «Ақсұңқар», «Тұлпар» деп аталатын авторлық күйлерін шығарыпты. Осы дәрежеге жетуіне жол сілтеп, септігін тигізген жоғарыда аталған ұстаздарына алғысын білдіреді. Олардың еңбегі зор екендігін атап өтпеске болмас.
Анасы Наталья анда-санда өлең шығаратын өнері болса, ал Никита оны сүйемелдеп сол өлеңдерге ән шығарады екен. Қазіргі таңда Никита Дяченко Санжар Жандосов атындағы колледжде «автоэлектрик» мамандығы бойынша оқиды. Білімін жетілдіріп, саланы меңгеріп жатқан ол домбыра шертуді тастамаймын дейді.
Талабыңа нұр жауып, өнерің өрге жүзсін, Никита !
Бұрым ОРЫНБАСАР.