Қазандай қайнап жатқан қоғамдық өмірімізде халықпен қоян-қолтық, емін-еркін араласып кеткен, қадірі бөлек адамдардың орны, өзі жоқ болса да дараланып тұрады. Елі үшін сіңірген ерен еңбегі ел аузында жүреді. Адамгершілік асыл қасиеттері мен жасап кеткен жақсылықтары халық жадынан шықпайды әрі ұмытылмайды. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген халық даналығы тектен-текке айтылмаса керек.
1998 жылдың жайма шуақ жазы болатын. Күтпеген жерден менің қызмет бабым ауысып, Қаскелең қаласына келген кезім. «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп» демекші, мұнда екінің бірін біле бермеймін. Көрші-қолаң атаулыны көріп жүргенім болмаса, олардың бәрі қаймана қазақ болып кеткен. Ештеңе дей алмайсың. Өмір солай. Бір күні сырттан біреу есік қағып тұр. Бейтаныс адам. «Түсі жылыдан түңілме» деген емес пе? Алпамсадай жігіт ағасы жайдары қалпымен, жадыраңқы нұрлы жүзімен:
– Ассалаумағаләйкүм, аға! Менің атым – Ерубек. Көршіңіз боламын. Біраз күн іссапарда болып едім. Содан кіріп шығуға қолым тимеді. Қонысыңыз құтты болсын! Мен осындағы аудандық соттың төрағасымын. Сізбен танысуға, бір жағы қонысыңызға құтты болсын айтуға келдім, – деп менің ежелгі танысымдай төрге қарай жайбарақат жайғасып жатыр. Екеуміз ұзақ уақыт әңгіменің тізгінін жібердік.
Жан сырын жасырмайтын нағыз аңқылдаған ақкөңілдің өзі екен. «Мен сотпын. Мен анандаймын, мен мынандаймын» деген кеуде керген кеудемсоқтықтың нышаны да байқалмайды. Қайта кішілікке тән кішпейілділігімен мәдениеттілік тұрғысынан біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Мен анау-мынау емес, таудай лауазымы бар жігіттің айтуға тіл жетпейтін қадірлі қасиетіне таң-тамаша болып қалдым. Оның орнында осы лауазымдағы басқа біреу болса, мұндай қазақи дәстүрлі рәсім жасау емес, жайшылықтың өзінде алайып аспанға қарап, «қайдан көрдім қара есек» деп сәлем де бермей өтер еді. Ондайлардың көбін көзімізбен көрдік те. Ерубек кеткен соң, өмірлік қосағым мен бала-шағам да оның ниеті мен пейіліне деген шексіз ризашылықтарын білдіріп жатты.
…Парасаттылық пайымы мен адамдық адалдығы арнасынан асып төгілетін ажары ашық азаматпен жақсы аралас-құралас бола бастадық. Бала-шағасы да сондай инабатты да ибалы жандар. Ол туралы әңгіменің түп-төркіні мынадан бастау алады. Ерубек Егеубекұлы 1956 жылы осы Қарасай ауданындағы, Көксай ауылында дүниеге келіпті. Көпке үлгі, көркі бар отбасынан тараған 13 баланың тұла бойы тұңғышы да осы Ерубек екен. Білім мен өмірге құштарлығы басым ол осы ауылдағы орта мектепті озаттар қатарында бітіріп, азаматтық борышын өтеуге аттанған. Ішкі әскерлер қатарында Ресейдің Новосибирск өлкесінде тиісті міндетін өтеуде аға сержант лауазымына дейін көтеріліп, бөлім командирі болып, партия қатарына өтіп, ауылына абырой арқалап оралыпты.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, жоғарғы оқу орнына түсуді армандап жүретін ол таудай талабының арқасында КазГУ-дің заң факультетіне оқуға түсіп, дегеніне жеткен. Оның осы оқуды таңдауына Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбай Керімтаев атасының ерлік жолдары мен айтқан ақыл-кеңестері ерекше ықпал еткен. Бір жағынан ол кісінің қайсарлығы мен турашылдық мінезі де Ерубектің өн бойынан табылады. «Іздегенге, сұраған» деген осы болар. Ол университетте білімділігімен топжарған студенттер қатарынан көрініп, заң саласына қатысты білім қорын жинақтағанын, қабілет қарымының жететінін, мақсатты жолындағы сынақтан сүрінбей өтетіндігін теориялық және практикалық жағынан да дәлелдеп шығыпты. Оның спорт жағынан да жұлдызы жарқыраған. Жастайынан боксты жансерігім деп ұққан ол студенттер арасында өткен республикалық байқауларда бірнеше дүркін чемпиондыққа қол жеткізіп, Қазақ ССР-інің спорт шебері атанды. Футбол жағынан да өрнекті ойын шеберлігімен көзге түсе білді. Осылайша университет мерейін өсіріп, атағын аспандатқан.
Өз кәсібі бойынша жан-жақты маманданып шыққан ол алғашқы еңбек жолын Алматы қалалық Әділет басқармасынан бастаған. Осында жүріп біліктілігімен және іскерлігімен көзге түскен оның тасы одан әрі өрге домалайды. Көп уақыт өтпей-ақ, 1986 жылы Алматы облысының, Ұйғыр ауданына сот төрағасы болып тағайындалды. Әділеттілікті қолына шырақ етіп ұстаған ол осынау шеткері ауданда көптеген азаматтық істердің заң талаптарына сәйкес шешімін табуына табандылықпен тайғақтық танытпай атсалысады. Бәрінен бұрын қылмыс атаулыда аққа қараның жұқпауын қатты қадағалап, басты назарында ұстады. Ондай фактілердің орын алуына да жол бермеді. Әділетсіздікпен жасалып отырған оқиғаларға берік тосқауыл қойды. Сондықтан болар аудан халқы Ерубек Егеубековті аудандық Советтің депутаты етіп те сайлайды. Халық оның ар-ұжданы мен жан тазалығына әрі қарапайымдылық қасиеттеріне қатты сүйінді.
«Еңбегі бардың, өнбегі бар» дегендей, алдағы жолы да айқындығымен ашыла түсті. «Басына бақ қонды» деген осы шығар. Бұл бақ оған 1991 жылы бұйырды. Осы жылы Күрті ауданына сот төрағасы болып сайланды. Мұнда ол қалыптасып қалған өзіндік сара жолымен бес жыл жемісті еңбек етеді. Ал, 1996-2002 жылдары бұрынғы Қаскелең (қазіргі Қарасай) аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды. Бұл жерде ол тікелей өз міндеттерін ғана орындап қоймай, халық тарапынан түскен арыз-шағымдар мен талап-тілектерге де сергектікпен қарады.
Оған мына бір мысалды ғана нақты айтуға болады. Өз туған жері – Көксай ауылындағы Алланың үйі болып саналатын мешіт ғимараты «жолбикелік» көрсетіп жүрген пайдакүнемдерге сатылып кетпес үшін білегін сыбанып тастап арашаға түсті. Ақыр аяғында алған бағытынан айнымай, өз шешімімен мешітті ауыл жұртшылығына аманаттап, алып берді. Оның бұл жанашырлықпен жасаған жақсылығын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Ұмытпайды да. Ол ілгері басқан игі істерін Іле аудандық сотының төрағасы болып тұрған кезінде де халықтың қамын ойлаған жағымдылығымен жалғастыра берді. Ақсақалдардың ақ батасын алып, ақ жаулықты аналардың алғысына бөленді.
Ерубек өмірінің соңғы жылдарында Қарасай ауданаралық мамандандырылған сотының төрағасы болып қызмет етті. Мұнда да таңдап алған табандылық жолымен адам тағдырын ойыншыққа айналдырмау үшін адам құқығын қорғау аса мәртебелі міндет деп, әділдік пен адалдықты алға апарумен болды. Заңдылықты қылаң шаң жуытпай мүлтіксіз орындайтын ол халық алдында қашан да азаматтық парасаттылығынан, туа біткен тектілігінен, қанына сіңген қарапайымдылығынан, адам баласына деген мейірімі мен қайырымынан, үлкенге ізетінен, кішіге құрметінен арасы ажырамады. Сондықтан да болар ол халықтың қамын жейтін адамына айналды. Ала жіпті аттамайтын оның асыл қасиеттері халықтың жүрегіне ұялап қалды.
Көзі тірісінде халықтың ыстық ықыласы мен үлкен сүйіспеншілігіне бөленген дархан жүректі Ерубек Егеубековтің елеулі еңбектерінің ескерусіз қалған жері жоқ. Ол адам баласының жазықсыздан жапа шекпеуі үшін жан-тәнімен шырылдап арашаға түсті. Қылыштай сермелетін қиянаттың құрығынан қорғауға күш салды. Оған қолын жеткізді де. Сол үшін Қазақстан Әділет министрлігі мен Жоғары соты тарапынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР Конституциясына 10 жыл», «Тәуелсіздігімізге 10 жыл», бұдан басқа да төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары жетерлік. Осының бәрі оның әділеттің ақ жолында аянбай еткен адал еңбегінің жемісі.
Артына айтарлықтай із қалдырған Ерубек Егеубековтің тілге тиек етер қастерлі қасиеттері баршылық-ақ еді. Ол тек заңды шемішкедей шағатын сот төрағасы ғана емес, сонымен қатар тарих, география, физика ғылымдарын ғалымдардан кем білмейтін сұңғыла болатын. Ерубек отбасының ортасында да қарап жатпайтын. Өнегелі отбасына ұлағат сыйлаған ұйтқысы бола білді. Артынан ерген екі ұлын студент болғандарына дейін спортпен айналысуларына баса көңіл бөліп, қатаң қадағалап отырды. Ұлдары жаман болған жоқ.
«Әкеге қарап ұл өсер» демекші, екеуі де әке жолын қуды. Қазір Ермегі Талдықорған қалалық сотының судьясы, Ерланы ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Бар өмірін балалар дәрігері болып өткізген өмірлік қосағы Наргүл Мұқашқызы бүгінгі күні зейнеткерлік демалыста. Немерелерінің қасынан қарыс қадам шықпайды. Марқұм Ерубек Егеубеков өзінен кейін артынан ерген 12 жал-құйрығына бас-көз болып, бауырларының есейіп, ержеткенінше қалтқысыз қамқорлығын жасады. Артынан ерген сол інілері мен қарындастары қазір халық мақтаныштары қатарында. Бауырлары ағаларының сол жақсылығын әрдайым емірене естеріне алып отырады. Кеуделерін ағаға деген сағыныш сазы билейді…
Менің ойыма алты Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген даналық пайымы орала береді. Сонда есіме Ерубек түсіп, осы сөз оған да қаратылып айтылған сияқты әсер қалдырады. Ақиқаты да солай сияқты. Бүгінгі күні Ерубек Егеубековтің арамыздан кеткеніне де 12 жылдан асыпты. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты қағида тегін айтылмаған ғой. Халық марқұмның әруағы мен рухына да құрметпен тәу етіп, әлі күнге дейін сағынышпен еске алып жүр. Көксай ауылының жұртшылығы ауылдағы қалай болса, солай қойыла салған «Жасұлан» көшесінің атын көптен бері Ерубек Егеубековтің атына берілуін көксеп, тиісті жерлерге өздерінің талап-тілектерін білдіруде. Халықтың қалауы – осы. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген емес пе?! Марқұмның көзі тірі кезінде халық үшін қажымай тер төккенін елі есінен шығара қоймапты. Сондықтан тиісті орындар халықтың ұсынысына құлақ асып, аталған көшені халық қадірлеген азаматтың атына береді деген үлкен үміттеміз. Өйткені, ол бұл құрметке өте лайықты азамат деп білеміз.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы,
Қазақ журналистикасының қайраткері.