Осыдан бір апта бұрын аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында депутаттық фракцияның отырысы болды. Қарасай аудандық мәслихаты депутаттық фракциясының мүшесі Қ.Баяманов төрағалық еткен отырыста «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» тақырыбы сөз етіліп, жан-жақты талқыланды. Жиынға қатысушылардың қатарында «Nur Otan» партиясының және депутаттық фракцияның мүшелері, аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия төрағасы, сондай-ақ, бөлім басшыларымен қатар, қалалық, ауылдық округтердің әкімдері де болды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бойынша есебі тыңдалды. Онда Елбасының Жолдауындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметердің ашықтығы мен халықтың ақпаратқа қолжетімділігі кеңінен сөз етілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің 80%, ал, 2020 жылы 90% электронды форматқа көшірілуі тиіс екендігі де түсіндірілді. Аудан әкімі өз есебінде бұл айтылғандардан бөлек, қызметтік сапаның артуына байланысты аудан ішінде атқарылатын іс-шаралар мен оны түрлі деңгейдегі насихаттау жұмысына да тоқталды.
Жиын соңында фракция мүшелеріне күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша шешім қабылдауға ұсыныс білдіріліп, ескертулер мен толықтырулардың болмауына байланысты, аудандық депутаттық фракция мүшелерінің дауыс беру жолымен шешім толық қабылданды.
Өз тілшіміз.