1993 жылдың 10 желтоқсанында «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл Заң жергілікті мемлекеттік органдардың құрамын және атауын өзгертіп қана қоймай, облыс, аудан, қала аумағындағы халықтың өкілді органы – мәслихат депутаттар жиналысын қалыптастырды. 1994 жылдың 7 наурызында жергілікті билік органы болған мәслихаттарға алғашқы сайлау өтіп, тұңғыш рет мәслихаттар институты құрылды. Содан бері халық қалаулылары елімізді өркендету үшін елеулі еңбек етіп келеді.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуынан бастау алған жергілікті өкілді билік органдары – мәслихаттар биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мерекелік датаға орай аптаның сәрсенбісі күні аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімі Жасұлан Естенов, депутаттар мен аудан белсенділері қатысты.
Аудандық мәслихат төрағасы Бауыржан Айнабеков ашып, жүргізген 27-ші сессияның салтанатты бөлімінде алғашқы құттықтау сөз аудан басшысына берілді. Жасұлан Тоққожаұлы бүгінде Қарасай ауданындағы мәселелер өз қарқынымен шешіліп жатқандығын айтып, бұған аудандық депутаттардың да қосқан үлестері барын жеткізді. Жиналған халық қалауларын құттықтап, мәслихаттың басты мақсаты – халық игілігіне қызмет ету екенін атап өтті.
Келесі сөз кезегі І, ІІ, ІІІ шақырылымдарының депутаттары, атап айтқанда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұловқа және ардагер-ұстаз Ұлтусын Бархиноваға берілді. Олар жергілікті мәслихаттың өткені мен бүгініне көз тастап, 30 жыл ішінде атқарылған тындырымды жұмыстарға тоқталды. Мәслихаттың экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлі, саяси және қоғамдық келісімді қалыптастырудағы ықпалы туралы сөз етті.
Мұнан соң аудандық мәслихат депутаттарын марапаттау рәсімі басталды. Онда жеке кәсіпкер, меценат Серік Сақабаев ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан Құрмет грамотасымен, ал «Atlant Media» ЖШС-ның басшысы, «Naqty» газетінің бас редакторы Атлана Исаева Алғыс хатымен марапатталды (суретте). Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Бауыржан Айнабеков аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлына, бірқатар аудан белсенділеріне және депутаттарға мерекелік медальдар мен Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қ.Байғоджаевтың атынан Құрмет грамоталары мен мәслихаттың тарихы жазылған арнайы кітапты табыстады. Оған қоса тағы бірқатар азаматтарға өз атынан да Алғыс хаттармен марапаттады. Бұл күні жиынға қатысқандардың біразы аудан басшысының да Алғыс хатына ие болды.
Марапаттау рәсімінен кейін шараның екінші ресми бөлімі басталып, онда күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Алдымен «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» ҚР Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы №19 Жарлығына сәйкес, Қарасай ауданы әкімі Ж.Т.Естеновтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы аудандық мәслихат депутаттары алдындағы есебі туралы аудан әкімі баяндама оқыды. Өз сөзінде Жасұлан Естенов «AMANAT» партиясының облыс бойынша 2023-2027 жылдарға жоспарланған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының 106 іс-шараны қамтитын Жол картасының ішінде Қарасай ауданына қатысты ағымдағы жылға 62 іс-шара бекітілген. Бүгінгі күнге аталған іс-шаралардың 39-ы орындалды, 17-і орындалу барысында, 5-і белгілі себептермен ағымдағы жылы орындалмайды және бір іс-шара қате сұрақ болып табылатындығын айтып өтті. Алайда алдағы үш жылда барлық мәселе толық қаралып, іс-шаралар бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Қазіргі уақытта Қарасай ауданы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша облыста жетекші орында, сондай-ақ бірқатар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген.
Сессиядағы екінші мәселе Қарасай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы «Қарасай ауданының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы» №13-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы болды. Оған қатысты ақпаратты аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев баяндама оқып, келер жылға арналған аудандағы қаржы саласының жобасымен таныстырып өтті.
Қарастырылған соңғы – үшінші мәселе ауданның Құрметті азаматтығына Абай атындағы Қазақстан Ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы Жамбылтану, халқы ақындары ғылыми-зерттеу институтының, «Авторлық ауызша әдебиеті» ғылыми орталығының директоры болған Ибраим Бекен Бекмұратұлын ұсыну жайында болды. Оны депутаттар өз тараптарынан қолдады.
Жалпы 27-ші сессияда талқыға түскен мәселелер толығымен қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Жиын сонында аудан әкімі Жасұлан Естенов тағы бір мәрте сөз сөйлеп, ауданның экономикасын өркендету жолында еңбек етіп жүрген халық қалаулыларына алғысын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.