Шамалған ауылдық округі жыл өткен сайын көркейіп, тұрмыс-тіршілігі жақсарып келе жатқан аймақтардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда ауыл жағдайының жақсаруына мол септігін тиігізіп отырғаны ол, әрине, барлық сала бойынша өркендеп дамуын айтсақ болады. Мұнда отандық өнім өндіретін кәсіпорындар мен түрлі өндіріс орындары ел ішіндегі нарыққа қанатын кең жаюда және мәдениет пен білім саласы да дамығандардың қатарында десек артық болмас. Бұл аталғандарға тағы бір алып қосатыны ол – ауылдың спорт саласының жандануы. Бүгінде Шамалған ауылында 29 түрлі спорттық алаңдар мен нысандар өз жұмысын жалғастыруда. Олардың ішінде 2-і бассейн, 19-ы спорттық алаңдар және 8-і түрлі ойындарға арналған залдар бар.
Келешекте бұлардың қатарына ауқымы кең тағы бір нысанның қосылуы жоспарда бар. Ол – Шамалған ауылының солтүстік-батыс жағында орналасқан денешынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл спорттық ғимараттың құрылыс жұмысы 2017 жылдың қыркүйек айынан басталған еді, аяқталу мерзімі 2019 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланып отыр. Оның көлемі 6 гектарлы жер телімін алып жатса, 54×30 метрлі алаңы көптеген спорт түрлерінің жеке залдарына арналған. Оларға волейбол, баскетбол, шағын футбол және гандбол сияқтыларды жатқызуға болады. Сондай-ақ, күш сынасуға негізделген қазақша, еркін, грек-рим, дзюдо күрестеріне, бокс пен шығыс жекпе-жектеріне арналған жаттығу залдарын да ерекше айтқан жөн. Спорт кешенінің ішінде төрт жолақты 25 метр ұзындықты бассейн де бар. Онда жаңа үйренем деушілер жеке жолақта жаттығуға және жеке өз бетімен келіп айналысуға бар мүмкіншілік жасалынады. Аты айтып тұрғандай, бұл сауықтыру орталығында келушілердің денсаулығын қадағалауға арналған медициналық бөлмелер мен дене қыздыруға арналған сауналарды да қосып айтсақ болады. Ал, 600 адамға лайықты етіп тұрғызылатын стадионда төрт жолақты жүгіру жолдары мен стрит-воркаут алаңдарын жасау жоспарда бар. Біздің жоғарыда айрықша атап көрсеткеніміздей, көптеген спорт түрлеріне қатысты залдар мен арнайы бөлмелердің барлығы заманауи, соңғы стандарт үлгіде жабдықталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, көптеген спорттық жарыстары мен іс-шаралардың алдын ала ұйымдастырылуына, талқылануына байланысты конференция залдарын да арнау жоспарда бар.
Жалпы, біз айтып отырған денешынықтыру-сауықтыру кешені ауданымыздағы үшінші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің біріне айналады. Аталмыш спорттық кешен Шамалған ауылдық округіне қарасты болғандықтан оған көршілес Жандосов, Бірінші Май, Қайнар, Еңбекші сияқты, т.б. ауылдардың жастары спортпен шұғылдануларына үлкен жол ашады деп сенеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.