Лирикалық бағытта қазақтың қара өлеңін қалың көпшілікке жеткізіп, «мұзбалақ ақын» атанған Мұқағали Мақатаевқа биыл 90 жыл толып отыр. Ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында осыдан бір апта бұрын аудандық орталық кітапханада «Ғасыр ақыны» атты тақырыпта әдеби-конференция өтті.
Шығармашылық кешке ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев (суретте), келіні әрі «Мұқағали Мақатаев» қорының директоры Бақытгүл Мақатай және мұқағалитанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Нұрлытай Үркімбай арнайы шақырылды.
Санитарлық талапқа сай өткізілген жиынның әлқиссасы ақиық ақынның өз дауысымен «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» деп аталатын видеошолумен басталды. Онда Мұқағали Мақатаевтың өмір жолынан сыр шертетін бірнеше фото да көрсетілді. Одан кейін кештің ең басты қонағы Жұлдыз Мұқағалиұлы сөз сөйлеп, әкенің ізін жалғаушы ретінде ақынның ғұмырнамасы жайлы айтып, осындай тағылымды кештің өтуіне ұйытқы болған жандарға әулеттің атынан алғысын жеткізді.
Конференция барысында ақынның талай өлеңдерін зерделеп, жан-жақты дәріптеп жүрген мұқағалитанушы Нұрлытай Үркімбай біраз тың деректермен бөлісті. «Құдай жоқ» деп өмір сүрген заманда М.Мақатаевтың талай жарыққа шықпай қалған өлеңдерінен де мәліметтер келтірді.
Дәл осындай көпшілікке таңсық ақпараттардың біразын «Мұқағали Мақатаев» қорының басшысы Бақытгүл апайымыз да айтты. Ақынның келіні өміршең өлеңдерге талдау жасап, қордың атынан «Өмірдастан» атты кітап пен Мұқағали Сүлейменұлы жазған күнделігінің көшірмесін аудандық орталық кітапхананың ұжымына сыйға тартты.
Сонымен қатар, бұл кеште аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы мен ҚР білім беру саласының үздігі Ақлима Көсемова сынды ардагер ұстаздарымыз да ақын жайлы ой-пікірлерін білдірді.
Конференция барысында Қаскелең қалалық мәдениет колледжінің студенттері Мұқағали жырларынан үзінді оқып, оның өлеңдеріне жазылған әндерін орындап, сахналық көрініс қойды. Көпшілікті, әсіресе, «Шолпаным», «Жарығым-ай», «Қайран жеңгем» сынды жан тебірентер туындылар ерекше әсерге бөледі.
Жиын соңында осындай поэзия кешін өткізуге себепші болып, мұзбалақ ақынның мұрасын насихаттауды мақсат еткен аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Серік Қалиев ұлы Абай мен Мұқағалидың өлеңдерінде үндестік барын жеткізіп, ғасыр ақынына қатысты орамды ойын білдірді. Сонымен қатар, конференцияға арнайы келген қонақтарға сый-сияпат табыстап, ақынның жақындарына ұйымдастырушы тараптың атынан ризашылығын жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.