Сулейман Демирель атындағы университет – Қарасай жерінде орналасқан, еліміз бойынша беделді әрі белгілі жоғары білім беру мекемесі. Оның халықаралық үлгідегі бағдарламасы бар оқу ордасы екенін де ерекше айтуға болады.
Елімізде коронавирус індеті таралып, пандемия басталғалы университеттің білім беру жүйесі онлайн форматқа ауысқаны белгілі. Бұл үрдіс оқытушылар мен студенттер үшін таңсық жағдай емес. Себебі, оқу ордасы заманауи талапқа дағдыланған, инновациялық технологияны еркін меңгерген зайырлы білім орталықтардың бірі болып саналады. Алайда, індеттің өршуі тоқтамағандықтан, университет табалдырығын енді аттаған және бітіруші түлектер үшін онлайн бағытта ақпарат алмасу оңай соқпағаны жасырын емес.
Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы амалдардың бірі – екпе алу. Жаппай вакциналау жұмысы СДУ-да да жүйелі түрде жүргізілуде. Осындай ұжымдық істер атқарылып жатқандықтан, биылғы оқу жылы дәстүрлі форматқа көшуі мүмкін деген қауесеттің пайда болғаны рас. Соның анық-қанығын білу мақсатында, одан бөлек университтегі жаңалықтарды жалпақ жұртқа жеткізу үшін СДУ-дің жақында ғана тағайындалған жаңа ректоры Дәуренжан Гаиповты әңгімеге тартқан едік.
– Дәуренжан Еркінұлы, алдымен жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз! Жаңа оқу жылына деген дайындықтарыңыз қалай? Қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Рахмет. Биылғы оқу жылына деген дайындықтар пысықталуда. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, дәстүрлі форматта жұмыс істеу үшін барлық жағдайды қарастырудамыз. Одан бөлек, жақсы жаңалығымыз да бар. Нақты айтар болсақ, арнайы министрліктің тапсырмасы негізінде биыл университетімізде біліктілікті жетілдіру және инновация орталығын аштық. Оның мақсаты – қысқа мерзімде, яғни, 6 ай көлем ішінде мамандарды дайындау. Яғни, мұнда ЖОО-да қызмет ететін оқытушыларға және орта мектептегі мұғалімдерге арналған бағдарламалар ұсынылады. Осылайша біз еліміз бойынша ұстаздардың тапшылығын жоюға атсалысамыз деген ойдамыз.
– Өзіңіз білетіндей, Президент Қ.Тоқаев Үкімет отырысында студенттердің дәстүрлі форматта оқуын қамтамасыз етіп, кешенді амал ойлап табу қажеттігін айтты. Бұл ретте, әрине, барлығына оңтайлы тәсіл – жаппай вакцинация екені белгілі. Сіздерде екпе алу жұмысы қалай жүруде?
– Вакцина алуға деген белсенділік бізде жаман емес. Қызметкерлердің арасында екпе алу жұмыстарын ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде қазіргі таңда 70%-ға жуық оқытушыларымыз екпе алып, індеттен қорғану амалдарын жасады. Қалған профессорлық құрам мен білімгерлер арасында вакцинаға қатысты насихаттау жұмыстары жүргізілуде.
– Екпе егуге қатысты менің тағы бір сұрағым бар. ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов студенттер мен оқытушылардың денсаулығын қорғау үшін университеттерге вакцина алуға ынталандыру жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Осы үрдіс сіздерде қалай жүзеге асуда?
– Бұл бастама жөнінде кеңестік құраммен кеңінен талқыладық. Біз академиялық орда болғандықтан, екпе егуді тек қана ақпараттық жағынан насихаттауды дұрыс деп шештік. Турасын айтқанда, жанама жолын қарастырмай, білімгерлер мен университет өкілдеріне саналы түрде шешім қабылдауына ықпал етудеміз. Егер өз еріктерімен екпе алам десе, ғимаратта медицина мамандарының көмегімен оны қабылдауға мүмкіндіктері бар. Жақында «Ashyq» жобасына тіркелгенімізді де айтқым келеді. Енді ғимаратымызға келушілер вирусты тасымалдауға қатысты мәртебесін тексеріп қана кіре алады. Сондай-ақ, дәстүрлі форматта жұмыс істеу үшін СДУ-дың аумағына вакцина қабылдаған және ПТР нәтижесі оң болған адамдар ғана кіруіне рұқсат етілетінін айтқым келеді.
– Еліміз бойынша СДУ – беделді оқу орындарының бірі. Жыл сайын көптеген түлектер осында оқуды армандайды десек артық айтқаным болмас. Әсіресе, университет аудан аумағында орналасқандықтан қарасайлық мектеп бітірушілер аталмыш университетке түскісі келеді. Сұрайын дегенім, олар үшін қандай да бір жеңілдік қарастырылған ба? Мәселен, оқу ақысына, жатақханаға деген қолжетімділікті қамту сияқты.
– Иә, кезінде Қарасай ауданының білімгерлеріне біздің тарапымыздан мұндай жеңілдіктер болған. Қазіргі уақытта ондай жоқ. Басқа оқу орындары сияқты тепе-теңдікті ұстануды жөн санаймыз. Алайда, білім беру, ғылыммен айналысуға жол ашу және қоғамға қызмет көрсету деген негізгі үш миссиясын алға тартып, аудандағы мектептермен жемісті жұмыс атқарудамыз. Атап айтар болсақ, мұғалімдердің біліктіліктерін жетілдіру үшін семинарлар мен оқушыларға үйірме курстарын ұйымдастырудамыз. Алдағы уақытта құқықтық және ақпараттық технология бағытында да істерді қолға алсақ деген жоспарымыз бар.
– СДУ-ға ақылы оқуға түсіп, кейінгі оқу жылдарында грантқа ауысу мүмкіндігі бар ма?
– Университетіміздің өзінің жалпы ынталандыру саясаты бар. Мәселен, жыл сайын республика бойынша 10-12 мың мектеп бітіруші үшін арнайы олимпиадалар ұйымдастырылып тұрады. Бұл байқаудан бағы жанып, білім деңгейі жоғары бағаға ие болып жатса, олар міндетті түрде бағаланады. Атап айтқанда, мемлекеттік грант және 50%-дан бастап 15%-ға дейін оқу ақысына жеңілдіктер беріледі. Одан бөлек, оқуға түскеннен соң әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж және республикалық спорттық додаға қатысып, өте жақсы нәтижеге қол жеткізген білімгерлер үшін де қосымша қолдау қарастырылады. Ал, егер студент оқу үлгерімі жағынан ең жоғарғы көрсеткішке ие болса, онда оның оқу ақысына 50%-дық жеңілдік тағайындалады. Тағы бір айта кетерлігі, әр жыл сайын еліміз бойынша барлық ЖОО-да грант орны босап жатса, министрлікке ұсыныс жасау арқылы оны өзіміздің білімгерлерімізге беру жағын да қарастырамыз. Ол үшін, әрине, ақылы түрде оқитындар арасында конкурстар ұйымдастырып, соның нәтижесі бойынша ғана грантты сыйға тартамыз.
– Сулейман Демирель атындағы университеттің басқа ЖОО-дан қандай айырмашылықтары бар. Нақты атап өте аласыз ба?
– Әрине, әрбір жоғары білім беру мекемелерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Біздің университетте мемлекеттік грант арқылы тек қана ағылшын тілінде білім алуға болады. Неге десеңіздер, мұндай оқу жүйесі басқа ЖОО-да ақылы түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, іс-қағаз жұмыстары қазақ тілінде, яғни, мемлекеттік тілде жасалады.
– СДУ-да шетелдік оқытушылар білім береді деп естіп жатамыз. Олардың қазақстандық оқытушыларға қарағанда саны қаншалықты басым?
– Барлық университеттерде халықаралықтандыру үдерістері бар. Стандартқа сәйкес рұқсат етілген оқытушылар мен білімгерлердің санына байланысты 7-8% қамтылуы тиіс. Бізде де бұл талап қатаң сақталады. Анығын айтқанда, СДУ-да 200-ге жуық өзге ұлтты студент білім алса, 30 шақты шетелдік оқытушы қызмет етеді. Оларды оқу бағдарламасына сай конкурс арқылы жұмысқа қабылдаймыз. Ал, мамандардың 50%-дан жоғарысы шетелде білім алып, тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін жетілдірген.
– Қазіргі таңда ЖОО-ды бітірген түлектер арасында өздерінің игерген мамандықтары бойынша қызмет етпейтіндер де бар. Жұмысқа бірден орналасу жағы қиындыққа түсіп, басқа салада еңбек етіп жатады. Жалпы, СДУ түлектерінің жағдайы қалай болып жатыр? Сіздер маман иелеріне қолдау білдіресіздер ме?
– Университеттің құрамында бітіруші түлектермен арнайы жұмыс істейтін бөлім бар. Онда студенттер түйіндемені қалай дайындау керектігін үйреніп, қызметке тұру барысында сұхбаттасу жағына да дағдыланады. Сондай-ақ, 3-4 курстың студенттері мен бірқатар компания өкілдері арасында семинарлар ұйымдастырылып тұрады. Ал, соңғы курсты оқып жатқандар үшін әр факультетте үшжақты келісіммен, яғни, университет, жұмыс беруші және студент арасында арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Бұл ретте қызметке шақыратын компания өкілдері білімгерлерге арнайы тапсырма беріп, оны бағалау мүмкіндігіне ие болады. Егер де көңілдерінен шығып жатса, студенттердің жұмысқа орналасып кетуі әбден мүмкін. Біздің тәжірибемізде мұндай бастамалардың нәтижелері жақсы жағынан байқалуда.
– Дәуренжан Еркінұлы, жақсы әңгіме өрбіттік деп ойлаймын. Сұхбатыңызға көп рахмет. Біздің білуімізше, осы университеттің түлегі Бағдат Мусин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болса, жақында бұрынғы ректор Қуаныш Ерғалиев ҚР Білім және ғылым вице-министрі қызметіне тағайындалды. Осындай СДУ-дың мақтаныштары көбейе берсін. Білім жолында мәртебелеріңіз биік болсын!
Сұхбаттасхан
Дидар МӘЛІКҰЛЫ