Тәуелсіздік күніне қарсаңында аудандық орталық аурухананың кәсіподақ ұйымының қолдауымен осы мекемеде мерекелік шара ұйымдастырылды.
Ұлық мерекеге орай ауданның бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев әріптестерін шын жүректен құттықтап, аудандағы бірқатар медицина қызметкерлерін марапаттады.
Атап айтар болсақ, республика көлеміндегі «Алтын дәрігер» төсбелгісі №4 учаскенің дәрігері Забира Слямоваға, орта буын медицина қызметкерлеріне арналған «Мейірім» марапаты Майрамгүл Дабыловаға тапсырды.
Ал, «Ел ардақтысы» медалі емхана меңгерушісі Ерлан Серікбаевқа берді. Оған қоса елуге жуық ақ желеңді абзал жандарға Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының және аудандық ауруханының басшылары атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Сонымен қатар, шара барысында бұл басқосуға демеушілік көрсетіп отырған «Сенім» кәсіподағының игі істері жайлы айтылды. Қазіргі таңда аурухана сол ұйымның құрамында екен. Онда қосылғандарына көп уақыт өтпесе де, бірлесіп көптеген шаралар атқарып үлгерген. Оған дәлел осы күні аталған кәсіподақтың қолдауымен Көксай ауылдық амбулаториясының аға медбикесі, әлеуметтік жағдайы төмен жалғыз басты ана Асылзат Райымқұлова 250 000 теңгелік соманы құрайтын қаражатқа ие болды.
Шара әрі қарай аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.