Биыл қымбатшылық қалтаға салмақ салып тұр. Қазақстанда Ресейге қарсы санкциялардың әсерінен күнбағыс майының да бағасы өсуі мүмкін. Бұл ретте аталған өнімді өндірушілер шикізатқа, шетел валютасына сатып алынатын қосалқы бөлшектер полиграфиялық өнімдердің (Ресей Федерациясында шығарылған этикетка, картон) қымбаттауы себеп болып отырғанын хабарлады. Одан қалды доллар курсымен байланыстырады. Осылайша бәрі бір-біріне себеп, әйтеуір. Әсіресе, соңғы уақытта сұйық майдың шағын дүкендерде тапшылығын немесе қымбаттап жатқанын байқадық. Өйткені бүгіннен бастап күнбағыс майы қымбаттайды. Бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ.
Аудан орталығы Қаскелең қаласында дүкендерді қоспағанда ірі үш супермаркет орналасқан. Қала тұрғындары үй жанындағы дүкендерде сұйық майдың бағасы 1000 теңгеге жуықтайды дейді. Осыны негізге алып «Maqnum», «Skif», «Toimart» ірі дүкендер желілерінде бағаны көзбен көрейік деп аралап шықтық.
Салыстырмалы түрде түсінікті болу үшін көпшілік арасында кеңінен танымал «Шедевр» сұйық майының 1 литрі қаншадан болып жатқанын сараптадық. Нәтижесінде, 1 литр «Шедевр» сұйық майы «Maqnum» супермаркетінде 804 теңге, «Skif» супермаркетінде 822 теңге, «Toimart» супермаркетінде 805 теңге. Ал, қазіргі уақыттағы ең арзан күнбағыс майы «Toimart» супермаркетінде «Заречное» 1 литрі 599 теңге екен.
Белгілі болғандай шағын дүкендер сұйық май мүлдем жоқ немесе қымбат болғанымен ірі супермаркеттерде жеткілікті көлемде бар, бағасы тұрақталған.
Шағын дүкен сатушылары күнбағыс майының тапшылығы неліктен болып жатқанынан хабарсыз. Олар: «Жеткізуші компаниялардан қымбат бағамен келіп жатыр. Сондықтан одан арзан сата алмаймыз» – деп ақталуда.
Естеріңізде болса, бұл бағалар жыл басынан күрт өсіп қымбаттаған болатын. Азық-түлік бағасының арзандайтын да түрі жоқ. Күнделікті тұрмысымызда азық-түлік бағасының жөн-жосықсыз қымбаттауына жол берілмесе екен. Әсіресе, тұрғындар жиі тұтынатын ұн, нан, сонымен бірге макарон өнімдері, ет, сүт пен көкөністердің бағасы қолжетімді болғанына не жетсін?!
Бұрым ОРЫНБАСАР.