Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданғаны белгілі. Сол мерейлі күн елімізде Қазақстан халқының тілдері күні ретінде жыл сайын атап өтіледі. Осыған орай жер-жерде тілге арналған түрлі іс-шаралар болуда. Өзге ұлт өкілдері арасында тіл білімінен байқаулар, Тіл фестивалі, ашық сабақтар, конференциялар түрінде ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар мемлекеттік тілдің кең қанат жаюына айтарлықтай ықпал етуде.
Мәселен, жуырда Қаскелең қаласындағы «Тіл» орталығында «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» атты дөңгелек үстел болды. Бұл бас қосудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, тіл үйренушілердің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін тексеру, әртүрлі тапсырмалар арқылы тыңдаушылардың алған білімдерін бекіту, ағылшын, орыс тілдері әлемдік тілдер қатарына жататындықтан тіл үйренушілерге олардың маңыздылығын сезіндіру, ана тілінің қадір-қасиетіне, болашағына қамқор болып, дамыту үшін өз үлестерін қосуы керек екендігін ұғындыру.
Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қарасай ауданы филиалының меңгерушісі Жанар Оразалиева дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтап, бұл мерекенің мақсаты көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін сақтау, елімізді мекендеген барлық халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу екендігіне қатысушылардың назарын аударып, Қазақстан халықтарының тілдері күні еліміздің барлық азаматтарының достық пен бірлік күні екенін де тілге тиек етті.
Дөңгелек үстел барысында «Тіл – ұлттың басты негізі» атты бейнеролик көрсетіліп, үш тілде өлең оқылды. Сонымен қатар, аталған тақырып аясындағы журналдар, түрлі әдеби еңбектер ұсынылды. Оған қоса,тыңдармандарды сергіту мақсатында, жұмбақтар жасырылып, мақал-мәтелдер айтылды, түрлі ойындар ойнатылды.
Жиын соңында осы тақырыпқа байланысты қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.