1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алған болатын. Бұл – келтірген залалы мен салдары жөнінен ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан 500 есе артық экологиялық зиян әкелген аталмыш алапат апатты залалсыздандыруға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандық қатысқан. Бүгінде Қарасай ауданында Чернобыль апатының зардабын тартқан 43 азамат тұрып жатыр. Өткен аптада аудандық кітапханада сол апатты жарылысқа қатысқан ардагерлер жиын өткізді.
Басқосуды Чернобыль ардагерлер және мүгедектер қоғамының Қарасай аудандық филиалының төрағасы Арман Сейдазимов жүргізді. Сонымен қатар жиынға арнайы шақыртумен Чернобыль ардагерлер және мүгедектер қоғамының облыстық филиалының төрағасы Нұрхайын Мұхиддинов және осы бірлестіктің Жамбыл ауданы бойынша филиал төрағасы Жетпісбай Досмамбетов, сондай-ақ аталған ұйымның Жамбыл, Қарасай аудандарындағы мүшелері қатысты.
Жиынның күн тізбегінде бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қоғамдық ұйымның ауданда алда атқарылатын жұмыстары талқыланды. Оған қоса аудандағы Чернобыль ардагерлерін емханаға жолдама арқылы жатқызу, Қарасай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне мүгедектігін тіркеп және зейнетақы алмаған азаматтарға кеңес берді. Сонымен қатар, Қарасай ауданы Қаскелең қаласына Чернобыль ардагерлер және мүгедектеріне арнап ескерткіш орнату қажеттілігі айтылып, эскиздары талқыланды.