Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Ұлы даланың Ұлы есімдері» бөлімі аясында, өткен айда Ұмтыл ауылдық Мәдениет үйінде даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналып еркін күрестен ашық біріншілік өткізілді. Қазақстаннан шыққан тұңғыш кәсіпқой палуан, әлемнің 54 елінде белдесіп, 48 медаль олжалаған, көзі тірісінде аңыз адамға айналған күрескердің құрметіне орай ұйымдасты-рылған спорттық шараға ауданның талантты жасөспірімдері қатысып, күш сынасты.
Сонымен қатар, бұл жарысқа Жамбыл, Енбекшіқазақ, Іле аудандарының, Алматы қаласының жас палуандары да бақтарын сынап, боз кілемдегі мықтылықтарын танытты. Іс-шараға Жамбыл ауданының жаттықтырушысы Серік Оспанов, Елтай ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрбай Арашов, КСРО-ның спорт шебері Ардақ Молдахметов, ҚР спорт шебері Қуаныш Ботабаев, Кадеттер арасындағы чемпиондардың жаттықтырушысы Ихлас Ерімбетов арнайы келіп, құрметті қонақтардың қатарынан көрінді.
Жасөспірімдердің белдесуі өте тартысты өтті. Әрбірі өз аудандарының намысын қорғап, жақсы нәтиже үшін барын салды. Ашық біріншілік болғандықтан бұл сайысқа жалпы 180 бала 23 санат бойынша өзара сынға түсті. Нәтижесінде 63 бала жүлдегер атанып, арнайы марапатталды.
Жазира ДАНИБЕКОВА,
Ұмтыл ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері.