Таяуда ауданымызда Олимпиада чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Ермахан Ибраимовтың жүлдесіне арналған қыздар (жасөспірімдер мен жастар) арасындағы бокстан кезекті халықаралық турнир ұйымдастырылған еді. Бірнеше күн болған жарыс жақында өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды.
Ұмтыл ауылдық округіне қарасты «Алматы» Олимпиялық даярлау орталығының базасында өткен дүбірлі доданы аталмыш спорт кешені, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығы және облыстың әуесқой және кәсіпқой бокс федерациясы ұйымдастырған еді. Бес күнге жалғасқан жарыс жасөспірімдер арасында олимпиадалық спорт түрін насихаттап, жас боксшыларға жаңа спорттық дағды қалыптастыру, тәжірибе алмасуға бағытталды.
VІ халықаралық турнирге құрметті қонақтар ретінде Ермахан Ибраимов, қазақ боксының тарихында тұңғыш Олимпиада жеңімпазы атанған Бекзат Саттархановтың ата-анасы, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп, аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров және тағы да басқа спорт ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Шаршы алаңда болған жекпе-жектердің барлығы тартысқа толы болды. Өйткені бұл сынға жергілікті жас спортшыларымыздан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және Тәжікстан сияқты елдерден де үміткерлер жиналған. Анығырақ айтқанда, іріктеу кезеңінде 25 салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасқан 2006-2007 және 2008-2009 жылғы 200-ден аса былғары қолғап шеберінің арасынан бағы мен бабы қатар шапқан кіл мықтылар топ жарды.
Турнир қорытындысы бойынша қыздар арасында ел намысын қорғаған біздің еліміз жақсы нәтиже көрсетіп, жалпы жеке жекпе-жекте көш бастады. Қазақстанның қоржынына 16 алтын, 11 күміс, 61 қола медаль салынды. Екінші орынды 6 алтын, 12 күміс, 13 қола медальмен Өзбекстан спортшылары жеңіп алса, үшінші орынға Қытай боксшылары ие болды. Олардың еншісінде 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде бар. Жеңімпаз спортшылар мен командалар медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Сондай-ақ, жарыста өз салмақ дәрежесінде шеберлігін дәлелдеп көзге түскен жас боксшыларға Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағы берілді.
Осылайша Алмалыбақ ауылында өткен дүбірлі додада еліміздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, өз шеберліктерін дәлеледей білді.
– Бұл жарысқа спортшылар ең мықты бокс дамыған мемлекеттерден келіп отырғандықтан Олимпиаданың, әлем чемпионатының чемпиондары осы рингтен шығады деп айтуға болады. Биыл дәстүрлі түрде алтыншы рет ұйымдастырылып, жақсы өнермен көзге түсіп жүргендердің басын қосқан турнирдің деңгейі өте жоғары болды. Алдағы уақытта да осындай жарыстарды жиі өткізу қажет. Өйткені жас өрендердің шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтыру үшін осындай жарыстардың үлесі зор, – деді Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.