Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды.
Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа біріктіріп, ел дамуына үлес қосып келеді. Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше.
Мемлекет құраушы елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес .
Осы ұйымға арналып, өткен аптаның жұмасында Қаскелең қаласы әкімі аппаратының, ұлтаралық тәжірбие саласын жетілдіру мақсатында өтетін іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қаскелең мәдениет колледжінде «Ортақ шаңырақ» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Басқосуға аудандағы түрік, ұйғыр, кәріс этно-мәдени орталықтарының өкілдері қатысып отырды. Кештің басы әсем әнмен ашылғаннан кейін, колледж директоры Дүйсебай Шаштайұлының құттықтау сөзімен әрі қарай әдемі жалғасты. Иә, халқымыздың төңірегіндегі топтасқан ұлттар мен ұлыстардың арасындағы бірлікті, тұтастықты сақтауға Қазақстан Халқы Ассамблеясы кең жол ашып отыр.
Міне, осы кеш те аталған ұйымның маңыздылығын аша түскендей. Ортаға шыққан жүргізушілер үш тілде сөйлесе, ал, мың бұралған бишілер Қазақстандағы көпұлтты халықтың бірлігін бір көрініске сыйдырып көпшілікті тәнті етті.
Мерекелік концерттің соңы «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнмен өз мәресіне жетті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.