Ата Заңымызға қатысты байыпты бастамасын ұсынған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше референдумға қатысты үндеу жариялап, дәл осы саяси оқиғаны ағымдағы жылдың 5 маусымында өтетінін мәлімдеді.
Мемлекетіміз екінші республика болып қалыптасу жолында маңызды кезеңді өткізгелі тұр. Турасын айтқанда, конституциялық реформа жүзеге асып, еліміздің негізгі қозғаушы күші жанданбақ. Оның мән-мағынасы, мақсаты, – Қазақстандағы демократияны күшейтіп, ел мүддесін ойлайтын халықтың пікіріне құлақ асу.
Ел Президенті Конституциядағы өзгерістерді тұрғындардың ортақ пікіріне құлақ асу арқылы ретке келтірмек. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының маңызын арттыруды көздеп отыр. Бұл өте құптарлық шешім деп ойлаймын.
Осыған дейін мәлім болғандай, Ата Заңдағы өзгерістер орын алған жағдайда суперпрезиденттік жүйеден арылып, Парламенттің ықпалы арта түседі. Елімізде мүлдем өлім жазасы жойылып, Конституциялық сот құрылады. Одан бөлек басқа да құқық қорғау саласына қатысты маңызды өзгерістер орын алады.
Иә, мұның бәрін әділетті Қазақстан құру үшін жасалып жатқан ілгері істер деп түсінуіміз керек. Сондықтан бірлігімізді нығайтатын референдумның өтуіне ел болып атсалысайық.
Қаныбек АЙТЖАНОВ,
«Amanat» партиясы Қарасай аудандық филиалының атқарушы хатшысы.